• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
29 Қыркүйек, 2016

Талғампаз жұртшылықты таңдандырды

454 рет
көрсетілді

Жақында Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, дирижер, композитор, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Оразғали Жүніс­бекұлы Сейітқазының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына арналған «Киелі Семей» атты жеке шығарма­шы­лық концерті Алматы қаласы­ның Құрманғазы атындағы Мемле­кеттік академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің концерт залында табысты өтті. Алматыдағы Құрманғазы атын­дағы консерваторияны бітіріп, жолдамамен Семейге келген жас маман осында қырық жылдан астам уақыттан бері өнер саласында жемісті қызмет атқарып келе­ді. Осы жылдар ішінде ол Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармонияға басшылық етті, сонымен бірге сондағы Бибігүл Төлегенова атындағы ұлт аспаптары ансамблінің бастауында болып, сол танымал ансамбльдің білікті дирижері атанды. Орекеңнің сан салалы сазгерлік жолы мен ұлылар еліндегі жас таланттардың ұстазы ретіндегі қажырлы еңбегі өз алдына бір әңгіме. Соның бәрі қосыла келгенде оның Семейдегі іргелі жоғары оқу орнының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атануына жол ашты. Міне, енді өзара келісім бо­йынша осыдан бірнеше ай бұрын жоспарланған Алматыдағы жеке концертінде О.Сейітқазы бүкіл дүние жүзіне кеңінен танымал қазақ музыка өнерінің киелі қара шаңырағына айналған атақты өнер ұжымы – Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық қазақ халық аспаптары оркестріне кеш бойы дирижерлік жасады. Концертте Абай, Құрманғазы, Н.Тілендиев шығармаларымен қатар Семей өңірінің танымал ком­позиторлары Т.Базар­баев­тың, Ж.Дәстеновтің, Қ.Досым­жанов­тың, К.Алдекеновтың таң­даулы шығармалары, О.Сейітқазы оркестрге өңдеген Л.Боккерини­дің «Менуэт», П.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетінен «Гүл­дер вальсі», А.Бабаджанянның «Ноктюрн» атты әлемдік классика­лық шығармалары және өзінің көптеген ән-күйлері орындалды. Концертке еліміздің атақты өнер жұлдыздары – Қазақстан­ның халық артисі, Мемлекет­тік сый­лық­тың лауреаты Алтын­бек Қораз­баев, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткерлері Баян Сағынбаева, Жарқын Шә­кәрім, Жанас Бекентұров, Еркін Шүкі­ман, Дәлел Уәш, О.Сейіт­қазы­ның шәкірттері – ҚР Мәде­ниет қайраткері, сыбызғышы Тал­ғат Мұқышев, Халықаралық конкурстардың лауреаты, домбырашы Айбек Бекбосынов, Рес­пуб­ликалық конкурстың дип­ломанты, қылқобызшы Меруерт Ақанаева және халықаралық кон­курстардың лауреаты, әнші Нұрсұлтан Шатырханұлы, талапты жас әнші, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің студенті Ерлан Леспаевтар қатысты. Концерттік бағдарлама тал­ғампаз Алматы жұртшылығы­ның көңілінен шығып, зор қоше­метке ие болды. Аталған іс-шара туралы бейнеақпарат «Қазақ­стан» ұлттық телеарна­сының «Таңшолпан» бағдарлама­сынан көрсетілді. Бүкіл республика көлеміне бел­гілі музыка қайраткері О.Сейіт­қазының бұл жеке шығарма­шылық концертін семейліктер, жалпы өнер сүйер қауым үшін айтуға тұрарлық оқиға деуімізге де болады. Олай дейтініміз, Семей тұр­мақ, еліміздің Шығыс өңірі тари­хында О.Сейітқазыдан бұрын ешкім Алматыдағы атақты оркестр­мен жеке шығармашылық концертін өткізбеген. Осыдан-ақ қайраткердің кәсіби деңгейінің жоғары екендігі байқалады. Сон­дықтан қайраткердің табысты бұл концерті шығыс өңірі мәдени өміріндегі де айтарлықтай жарқын бір белес болды деп білеміз. Ал оның ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық дүбірлі мерекесі қарса­ңында өтуі және жарасып жатты. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, журналист  АЛМАТЫ