Жаңадан құрылған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жақтан жақсылықтың нышанындай жағымды бір жаңалық келіп жетті.
Енді алдағы уақытта агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларды бұзушылыққа және мемлекеттік қызметшілер тарапынан сыбайлас жемқорлыққа төзбеу принциптерінің бұлжытпай орындалуына басымдық бермекші екен. Басқалай айтқанда, агенттік парақорларды ауыздықтауға бел шешіп кірісетін секілді. Қарқыны осыны аңғартады.
Агенттіктен келіп түскен ақпаратқа сүйенсек, ендігі жерде көзін шел басқан шенеуніктердің, мемлекеттік қызметшілердің бейәдеп әрекеттеріне қатысты азаматтардың шағымдары тұрақты түрде тіркеуге алынады. Азаматтар көбінесе мемлекеттік қызметшілердің арасындағы бір-біріне ықылас таныту кеңінен таралғандығын атап көрсетеді екен. Бұлар – сыйлықтар беру және әртүрлі ыңғайдағы көңіл көтеретін шаралар ұйымдастыру, қызметтік субординацияның сақталмауы.
Агенттіктің ақпараты бойынша, мұндай жағдайлардың пайда болуының басты себебі, өзінен төменгі мемлекеттік органдардың қызметін тексеру мақсатындағы қызметтік іссапарлар болып табылады. Әдетте, тексеру кезінде лауазымды тұлғаларды көңіл көтеретін мекемелерге апару, оларға қымбат сыйлықтар сыйлау, қонақ үй ақысын төлеу, сондай-ақ тексерістің нәтижесі жақсы болуы үшін пара ұсынылады.
Мәселен, агенттік тарапынан Қарағанды облысына көшпелі тексеріспен барған Қаржы бақылау комитетінің лауазымды тұлғаларына «ерекше қатынас» фактілері анықталды. Осындай заң бұзушылықтар өңірлік мектептерді тексерген Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстары бойынша Білім саласын бақылау бойынша департаменттердің лауазымды тұлғалары тарапынан да тіркелді. Осыған ұқсас фактілер денсаулық сақтау және жер қатынастары саласында да кездесті.
Бұдан басқа басшылардың туған күндерін тойлату үшін қызметкерлерден ақша жинау фактісі де кездеседі. Бүгінгі күнге дейін мұндай көрініс орталық, сондай жергілікті деңгейдегі, жалпы барлық мемлекеттік аппаратқа тән деп айтуға болады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі азаматтардың осындай шағымдары қатаң бақылауға алынып, мемлекеттік қызметшілерді әдеп нормалары мен сыбайлас жемқорлық шектеулерді бұлжытпай орындауына кепілдік береді.
Агенттікте тегін консультативтік орталық жұмыс істейді, оған 1424 нөмірі арқылы Қазақстан бойынша хабарласуға болады. Сіздердің барлық шағымдарыңыз қабылданады және қаралады.
Агенттік осылай дейді. Басқасын қайдам, агенттіктің ант-су ішпесе де жіберген осы хабарламасының өзі көңілге кәдімгідей дем беріп отыр...
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»