• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
01 Қазан, 2016

Өңірде велоспорт беделі өсіп келеді

282 рет
көрсетілді

Атақты велошабандоз Александр Винокуров Лондон төрінде жеңістің ең биік тұғырына көтерілгеннен кейін солтүстік өңірде жерлес ағаларына ұқсағысы келген жас толқынның саны күрт артты. Қазір олардың алды халықаралық жарыс­тарда топ жарып, Рио Олим­пиадасына қатысып қайтты. Біз тегеурінді топтың бір шоғырын тәрбиелеумен айналысатын велоспорттан олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Владимир ПАРАХИНГЕ жолығып, әңгімелескен едік. ­– Владимир Алексеевич, бүгін­де шәкірттеріңіздің есім­дері әлемге танымал. Әлем чемпио­нын да қанаттандырып ұшырдыңыздар. – Иә, 1998 жылдан бері жұ­мыс істеп келе жатқан мектеп, өңір­ді айтпағанда, еліміздегі вело­спорттың дамуына зор үлесін қосып, ынталы да талапты балаларды өзіндік ерекшеліктері мол спорттың осы бір қиын түріне талмай баулып келеді. Осы жылдар беделінде бәрі дұрыс, тақтай­дай жазық болды десек, ешкім сене қоймас. Жүйкені жұқартатын проблемаларды бастан қанша өткерсек те, мақсатымыздан айны­­ған емеспіз. Тіпті, қаражат тап­­шы­лығы­нан мектепті уақытша жабуға да тура келген. Десек те, мүдделі орындардың түйінді мәсе­­ле­­лерді байыптылықпен шеше білу­дің арқа­сын­да материалдық-техникалық базамыз ана­ғұрлым жақсарды. Қазір мұнда 10-17 жас ара­лы­ғындағы 200-ге жуық тәр­бие­ленуші жаттығады. Олардың 12-сі облыс құрамасына алынып, байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүр. – Бұрындары арнайы жат­ты­ғатын орындардың жетіс­пеушілігінен қиналып жүретін едіңіздер. Түйінді мәселе шеші­мін тапты ма? – Велоспортшылар кешенді әрі үзбей жаттыққанда ғана спорт­тық бабын сақтайды. Жаз маусымында Явленка, Мамлютка, Архангелка тасжолдарын, Борки кентіндегі трассаны пайдаланамыз. Ауламызда шағын велодро­мымыз, «Жеңіс» балалар мен жас­өспірімдер спорт мектебінде, №17 ұлттық өркендеу мектебінде және Қызылжар ауданында филиалдарымыз бар. Қыста жалпы аумағы 70 шаршы метрді құрайтын екі бөл­меде сығы­лысып, дайындалу жайы қатты қинай­тын. Был­тыр бой көтерген әмбебап спорт сарайынан ха­лықаралық талаптарға сай жабдық­тал­ған жеңіл атлетика манежі мен велозал беріл­­ді. Жер­гі­лік­ті қазынадан бөлінген қара­­жат­қа 33 велотренажер сатып алынды. Десек те, велоспорттағы басты проблема – жол. Кей кездері бал­ғын­дар бастарын қатерге тігіп, автокөліктермен бірге жүруге мәж­­бүр. Тасжол тақтайдай түзу, тегіс болса, бір сәрі. Шағын ғана Бель­гия­да 35 мың шақы­­рым вело­жолақ бар көрі­неді. Аманшы­лық бол­са, ол күнге де жетерміз. – Спорт мектебі білікті ма­ман­дар­мен қанша­лық­ты қам­та­масыз етілген? – Шәкірттеріміз­дің кәсі­би ше­бер­­лігін шың­дай отырып, елін, жерін сүйетін отаншыл азамат­тар тәр­биелеуде жаттық­тыру­шылар­ға қойылатын талап ерекше, жауап­кер­шілік жүгі ауыр. Оның үстіне, ірі жарыстарда ел намысын ой­дағы­дай қорғау секілді міндеттер тұр­ға­нын ескерсек, көпжылдық жұ­мыс өтілі бар тәжірибелі кадрлар­ға алдымен арқа сүйейміз. Қазір се­гіз маман жұмыс істесе, олардың ара­сын­да осы салаға ширек ғасыр ғұмы­рын арнаған Петр Нетесов­тің, Игорь Зельниковтің және Сергей Ишимовтің есімдерін мақ­танышпен атауға болады. Мен велоспортты «спорттың төресі» дер едім. Зерттеулер көр­сет­кендей, велосипедті үздіксіз теп­кен адамның өмір жасы бес жыл­ға ұзарады. Күйзелістен арылу мен жастықты сақтаудың, варикоз сияқты аяқ ауруларына қарсы қолданылатын бірден-бір «ем». Жүрек, өкпе, бұлшық еттер жақсы дамиды. Міне, велоспорттың осын­­дай артықшылықтарын балалар се­зініп өссе, А.Винокуровтың ізін қуу­шылар қатары, сөз жоқ, артар еді. Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ «Егемен Қазақстан»