• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
04 Қазан, 2016

Бәйгенің алғашқы «Тұлпары» танылды

466 рет
көрсетілді

Жүзден астам кинотуынды ұсынып, балалар фильміне бөлек байқау ұйымдастырып, әлеуметтік тақырыптағы жобаларды кеңінен көрсетіп, мол жаңалығымен келген ХІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі мәресіне жетті. Бұл нағыз кино бәйгесі болды. Себебі, қалың додада құйысқан түйістіріп қатар шапқан жүздеген жүйріктің ішінен суырылып бірінші келген саңлаққа алғаш рет ұлттық «Тұлпар» сыйлығы тағайындалды. Барлық байқаулар секілді, бұл бәйге де күтпеген, тосын жайттарға толы болды. Кинофестивальға үзбей қатысып келе жатқан тұрақты көрермендердің «Салыстырмалы түрде алғанда, осы жолы әділдік болды» деп бағалағанын біз өз тарапымыздан қазылар алқасы ұлттық мазмұндағы фильмдер­ден жаңаша өрнек іздеуге ұмтылғаны, әлем­дік кинематографияға негізделген өзекті тақы­рып­тардың қызықтысына тереңірек үңілгені деп түсіндік. Аламанға қосылған күннен бастап «Анаға апарар жол» фильмі бәйгені шаппай алады деп,  бас жүлде иесін белгілеп, қойғандардың жорамалы да қисынсыз болып шықты, алуан түрлі болып келетін экрандық өнерді таразылаудағы биылғы  қазылардың таңдау талабы кей тұста таңғалдырып та жат­ты. Кинофестивальде мазмұны, сипаты жағы­нан қарапайым, өте сәнді, пәлсапалық фильм­дер­ден бастап, қатпарлы,  күрделі жанрдағы, экспериментальды фильмдерге дейін ұсынылды. Сонымен, қазылар алқасының шешімімен байқаудың бас жүлдесін Русудан Глурджидзенің «Бөтен үй» фильмі иеленді (Грузия – Ресей – Хорватия – Испания). «Қаратас ауылындағы оба» фильмін түсірген қазақстандық Әділ­хан Ержанов «Үздік режиссер» болып та­ныл­­ды. «Аптасына бір рет» фильмінде ой­н­а­ған Юрий Померанцев «Үздік актер» атанды. Актрисалардың арасындағы үздігі болып «Мокко» (Франция – Швейцария) фильміндегі Эммануэль Дево мойындалды. Ал қысқаметражды фильмдердің ішінен Дархан Төлегеновтің картинасы Гран-при жүл­десін иеленді. Балаларға арналған фильмдер арасында германиялық режиссер Аренда Агенттің «Раффи – менің досым» фильмі бас жүлдеге лайық деп танылды. «Esquire таңдауы» атты арнайы жүлде «В лучах солнца» фильмінің режиссері  Виталий Манскийге (Ресей – Латвия – Германия – Чех Республикасы – Солтүстік Корея) табысталды. Қазақстандық продюсер Ерлан Бекхожиннің «Назарбаевпен басты мәселелер туралы» деректі фильмі «Тарих және тұлға» атты арнайы жүлдені иеленді. Ал ұлттық «Тұлпар» сыйлығын «Фильм­ге жазылған ең үздік музыка» үшін «Құнан­бай» фильмінің композиторы Төлеген Мұхамет­жанов, «Ең үздік сценарий» үшін  марқұм Таласбек Әсемқұлов, «Ең үздік ер адам рөлі» үшін Досхан Жолжақсынов және «Ең үздік қоюшы-суретші» болған Рустам Одинаев иеленді. Сондай-ақ, жоғары дәрежелі бұл сыйлық «Анаға апарар жол» фильмінде ойнаған Алтынай Нөгербекке «Ең үздік әйел бейнесін» жасағаны үшін табысталды. Ұлттық сыйлық «Үздік операторлық жұмыс» үшін қырғыз кино­сының өкілі Хасан Қыдырәлиевке де бұйыр­ды. Осы іріктеуде «Орталық Азиядағы ең үз­дік фильм» аталымы бойынша Қырғыз Рес­пуб­­ликасының «Әке өсиеті» фильмі топ жарды. Шеңберіне «Шәкен жұлдыздарын» және ұлттық байқауды қоса сыйдырған «Еуразия» кинофестивалі кино әлеміне жаңа есімдерді таныстыруымен де пайдалы. Әсіресе, Орталық Азиядағы тынысты сезіну үшін өте қолайлы. Өмірді заманауи кинематография тілімен танығысы келетіндер осы байқау арқылы бүгінгі бағдар мен өлшемді межелейді. Жыл өткен сайын кинофестивальдің көркемдік кеңіс­тігінің кеңейе түскені, еркін ойлы режис­серлердің шымыр идеяға құрылған туынды­ларында азаматтық үн басым жататыны байқау салмағын арттырып келеді. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ