Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Бөрібаевтың басшылығымен Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театры Грекия астанасы Афинада өнер көрсетті. Қатарында жергілікті қоғам және саяси қайраткерлер, дипломатиялық корпус, іскерлік және өнер өкілдері және бұрынғы қазақстандық-отандастар бар көрерменге Грекияның ең үздік өнер сарайларының бірі – «Паллас Театрында» «Ұлы Дала аңыздары» қойылымы, сондай-ақ Н.Римский-Корсаковтың «Шахерезадасы» ұсынылды.
Қазақстан Республикасының Грекиядағы Төтенше және өкілетті елшісі А.Волков гастрольдік сапардың ашылу салтанатында «...Қазақ театры сахнасында түрлі жылдарда мемлекетіміздің, сондай-ақ шетел опера және балет өнері жұлдыздары, атақты Галина Уланова, Күләш Байсейітова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев сынды майталмандар өз өнерлерін паш еткен болатын» деп айрықша атап өтті.
Қойылым соңында қонақтар алған әсерлерімен бөлісіп, әртістерге зор қошемет көрсетті. Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының гастролі 4 қазан күні Грекияның мәдениет ошағы саналатын Патра қаласында жалғасын тапты. Мұнда жергілікті өнерсүйер қауым назарына қазақ және әлем классиктерінің шығармалары бойынша ерекше жоба тарту етілді.
«Егемен-ақпарат»