Мектеп – білім мен тәрбиенің киелі де қасиетті мекені. Ал білім ұясының тірегі – мұғалім екені белгілі. Бүгінгі күні білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістер өте өзекті. Оның бастысы білім сапасын көтеруде болып тұр. Бұл іс ұжымның іс-тәжірибесіндегі береке-бірлікке тәуелді екені анық. Осындай жұмыстарды атқаруда елордадағы Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі өзіндік жетістіктерімен көзге түсіп, биік талап деңгейінен көрініп келеді.
Астана қаласының әкімі «Ең үздік мектеп» бәйгесін жариялаған еді. Ол ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналғанын еске сала кетсек дейміз. Онда әр білім ұясы өзінің жыл бойғы атқарған жұмыстарын саралай келіп, үздік жобаларын ұсынуға тиіс болатын. Соның жақында қорытындысы шығып, аталмыш мектеп «Ең үздік мектеп» грантын жеңіп алды.
– Біз білім берумен бірге, тәрбиені де соған ұштас жүргізіп отырмыз. Ата-ана – бала – ұстаз – осы үштікті мықты қолға алған жерде оқу сапасы артып, тәрбие тәлімді болары хақ. Содан да болу керек, өткен оқу жылындағы жетістіктеріміз үздіктер қатарына қосты. Ал жаңа оқу жылында алға қойған міндет-мақсат та жетіп артылады. Мұғалімдеріміз оқушылардың білімін шыңдаумен қоса, егемен еліне, қасиетті Отанына деген олардың патриоттық сезімін оятып, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін бойларына сіңіріп, ойларына дарыту мақсатында қыруар жұмыстар атқару үстінде. Біздің ұжым мүшелері егемен еліміздің ширек ғасырлық мерекесіне жоғары білім сапасымен өз үлестерін қосуды мақсат етіп отыр. Оның үстіне, елордадағы «Ең үздік мектеп» грантын жеңіп алу сенімін одан әрі жалғастырып, осы биікті өсіре беру ниетіндеміз, – дейді мектеп директоры Роза Болатаева.
«Егемен-ақпарат»