Кез-келген жарнамаға, ауызша берген уәдеге сеніп, «үй салатын жері бар екен ғой» деп ақшаларыңызды кім болса соған бермеңіздер. Бүгін Қазақстан халқына үндеу жасаған еліміздің Бас прокуроры Жақып Асанов осылай мәлімдеді, деп хабарлайды egemen.kz
«Тұрғын үй өмірдегі ең басты қажеттіліктің бірі. Халқымыз «Үйі жоқтың күйі жоқ» деп бекер айтпайды. Оны қол жетімді ету үшін елімізде арнайы бағдарламалар іске асуда. 25 жылда миллионнан астам отбасы баспаналы болды. Бірақ, осы мәселенің басқа да жағы бар. Кейбір құрылыс компаниялары арзан бағамен қызықтырып, күмәнді шарттар ұсынып, көп адамды алдап кетті. Азаматтар жылдап жинаған ақшасынан айырылып, армандаған пәтерін ала алмай қалған.
3 күн бұрын, 10 қазанда жаңа заң қолданысқа енді. Енді құрылыс компаниялары үлескерлердің ақшасын тек екі жағдайда - арнайы Қор компанияға кепілдік берсе немесе әкімдіктің рұқсат қағазы болса ғана тарта алады», - деді Бас прокурор.
Осы ретте Жақып Асанов халыққа әкімдік рұқсатты қандай жағдайда берілетіндігін де толық түсіндіріп берді.
«Құрылыс бітеді деп банк кепілдік берсе немесе үйдің қаңқасы (каркасы) салынып бітсе. Сөйтіп, бұл заң алаяқтардың қармағына түсіп қалмауға бөгет болмақ. Сондықтан қазақстандықтарды заңға сүйеніп, ескертетінім кез-келген жарнамаға, ауызша берген уәдеге сеніп, «үй салатын жері бар екен ғой» деп ақшаларыңызды кім болса соған бермеңіздер! Сөзсіз, әркім өз ақшасына өзі ие. Бірақ, компанияның құжаттары заң талаптарына сәйкес болмаса да, оған ақшасын беріп, алданып қалғандардың алдында жергілікті әкімдік те, Кепілдік қоры да жауап бермейді. Әрине, алаяқтар қылмыстық жауапкершілікке тартылар. Бірақ, түбінде үйдің құрылысы аяғына дейін бітпей, ақшаңыз қайтарылмай қалуы мүмкін», - деді Асанов.
Айта кетейік, Бас прокурор бұл үндеуін «Прокуратура туралы» Заңның 25-2 бабын басшылыққа ала отырып жасады.