Осы күндері Бүкіләлемдік бокс сериясы бойынша кәсіпқой бокстан Азия, Еуропа, Америка құрлықтарында үш топқа бөлінген 12 команданың арасында Олимпиадаға жолдама беретін жарыстар жалғасуда.
Оған Азия құрлығынан қатысып жатқан «Astana arlans» (Қазақстан), «Poseidons pohang» (Корея), «Beijing dragons» (Қытай) пен «Baku fires» (Әзірбайжан) командалары жексенбі күні кезекті жекпе-жектерін өткізді. Осы күні «Baku fires» боксшылары Оңтүстіккореялық команданы қабылдап, 5:0 есебімен басым түссе, сол күні Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде керілген шаршы алаңда «Астана арландары» қытайлық «айдаһарлармен» кездесіп, оларды дәл осындай есеппен жеңді. Бұл кездесуде Қазақстан жағынан шаршы алаңға шыққан 54 кг. салмақтағы Міржан Рақымжанов, Ержан Мүсәпіров (61 кг.), Қанат Сіләм (73 кг.), Марат Молдагереев (85 кг.) және ең ауыр салмақтағы Сардор Абдуллаев қарсыластарын айқын басымдылықпен ұтты. Осы жекпе-жектердің ішінде ең қызықтысы 61 және 73 кг. салмақтағы боксшылардың кездесуі болды. «Астана арландарында» алғашқы кездесуінен бастап мамандардың көзіне түскен Ержан Мүсәпіров бұл жолы да жанкүйерлердің үмітін ақтады. Бұған дейін төрт жекпе-жектің бәрін таза ұтқан Ержан қытайлық Фанг Лидің бес раунд бойы екі аяғын бір етікке тықты десе болады. Сөйтіп, кездесудің үшінші раундынан бастап төрт бұрышқа тығыла бастаған Лиді Мүсәпіров қуып жүріп сабады. Қысқасы, Ержанға қытайлық боксшы лайықты қарсылық таныта алмады. Осы жекпе-жекке дейін Бүкіләлемдік бокс сериясы командалық лигасының рейтингінде екінші орында тұрған Мүсәпіров осы жеңістен кейін өз орнын сақтап қалады деп ойлаймыз. Бұдан кейін шаршы алаңға көтерілген Қанат Сіләмға Оңтүстік Американың ең үздік боксшысы Лима Педромен қолғап түйістіруге тура келді. Бұл кездесудің алдында рейтингіде 19-шы орынға жайғасқан Қанат бір қарсыласынан жеңіліп, екіншісін ұтқан болатын. Ал Лима Педроның рейтингісі үшінші орын, оның үстіне ол төрт рет қарсыластарының бәрін тізе бүктірген еді. Бірақ, осы жекпе-жекте бразилиялық боксшыға жеңістің дәмін татуға бұйырмады. Біздің Қанат бірінші раундтан бастап өзіне сенімді екенін, өзіне қарсы келген боксшылардың бәрін оңдырмай ұтуға тырысатынын көрермендерге көрсетіп берді. Сөйтіп, кездесуде төрешілердің бәрі Қанаттың сөзсіз жеңгенін мойындап, жеңісті қандасымыздың қолына ұстатты.
Осы кеште 85 және аса ауыр салмақта қолғап түйістірген Марат Молдагереев пен біздің команда сапында жүрген өзбекстандық Сардор Абдуллаев ел қоржынына тағы екі жеңісті сыйлады.
Енді «Астана арландары» келесі кездесуін 12 наурыз күні әзірбайжандық командамен, ал 19 наурызда кореялық боксшылармен өткізеді.
Дастан КЕНЖАЛИН.
Суреттерді түсірген: Орынбай БАЛМҰРАТ.