• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мирас Бүгін, 07:55

Ақ кимешекті әйгілеген әже

0 рет
көрсетілді

Қайбір жылдары қазақтың беташары материалдық емес мәдени мұра құндылығы ретінде ЮНЕСКО тізіміне енгенде, төбеміз көкке жетердей қуанғанбыз. Беташар деген соң сәукелені аттап өте алмайсыз. Жаңа түскен жас келіннің сәукелесі деген соң, әжелердің кимешегі еске түседі. Осындай құндылықтар жасаушы қолы алтын жандар қасымызда жүргенін біле бермейміз. Соның бірі һәм бірегейі – Бұлбұлхан Серғазықызы.

Былтыр көрші Ресейдің Омбы қаласында XXIV Еу­разиялық ұлттық киім­дердің сән байқауы өтіп, оған Астананың іргесіндегі Қоянды ауылының тұр­ғыны, айтулы қолөнер шебері Бұлбұлхан Серға­зықызы қатысып, ІІ орыннан көрініп, ұлттық сән үлгісінің мерейін үстем етті. 2025 жылдың қарашасында ұйымдастырылған «Этно-Эрато» атты еуразиялық ұлттық киімдер сән бай­қауында 40 мемлекеттен 300-ге жуық үміткер жарысқа түскен. Осыншама қатысушының арасынан оза шауып, ұлттық киім үлгілерінің дизайнері ретінде ақ кимешек топтамасын ұсынған Бұлбұлхан апай жүлделі орын иегері атанды. Оның еңбегін қа­зылар алқасының 19 мүше­сі бірауыздан қолдап, жо­ғары бағалады. Өзі болса, «қолдау білдірген барша қазылар алқасына алғысым шексіз» дейді.

Бұлбұлхан Серғазықызы – 58 жаста, елде және шетелдерде өткен түрлі қолөнер байқауларының жеңімпазы. Республикалық «Ақ кимешек – ұлт ажары» атты байқауда бас жүлдені иеленсе, Ақмола облысында өткен «Сәнді сәукеле мен киелі кимешек шебері» байқауында да бас жүлдеге қол жеткізіп, туған ауылы Қояндының мерейін үстем етті.

30 жылдық тәжірибесі бар қолөнер шебері әже­лердің ақ кимешегі мен басқа да ұлттық бұйым­дарға аманат деп қарап, ата-бабадан жеткен асыл мұраны насихаттаудан жалыққан емес. Бұлбұлхан Серғазы­қызы өнерін мүмкіндігі шектеулі жандарға және өсіп келе жатқан жас ұр­паққа үйретіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүр.

Алпыс жасқа таяп қалса да, ол «ұрпаққа берерім әлі де көп» деп, ізгілік жолындағы еңбегін талмай жалғастырып келеді.

Соңғы жаңалықтар