Күзгі жауын-шашынның салдарынан мұздақты көлдердегі су деңгейінің қауіпсіздігі қашанда өзекті мәселе. Осыған орай Орталық коммуникациялар қызметінде Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.Ильиннің қатысуымен «ҚР ІІМ сел қаупін азайту бойынша жұмысы туралы» тақырыбында брифинг өтіп, онда селдің алдын алуға қатысты мәліметтер ортаға салынды.
Министрдің орынбасары ІІМ-ге қарасты Төтенше жағдайлар комитетінің «Қазселденқорғау» ММ мұздақ көлдерге бақылау жүргізгендігін ерекше атап кетті. Соның нәтижесінде Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында 694 мұздақ және шөгінді көлдер анықталыпты. Апат орын ала қалған жағдайда оның алдын алу үшін құтқару арналары салынып, тау бөктері бойына ауыр техникалар: экскаватор, сырғыш және өзге де техника түрлері тартылғаны да аталды. Ауыр техникалар авиация көмегімен жеткізіліпті. Сондай-ақ, сағатына 400 текше метрді құрайтын тереңдік сорғыларымен су тарту жұмыстары жүргізілген. Бұның сыртында суды ағызуға арналған арналар көлемі 11 мың текше метрге дейін жеткен. Ю.Ильиннің сөзінен мәлім болғанындай, өзен арналарының сел қаупі бар учаскелеріне, мұздақ кешендерінің жай-күйіне ағымдағы жылдың басынан бері 2 100 жерүсті, 9 аэровизуалды тексеру жүргізілген және 31 авиа жұмысы жасалған. Осылайша сел ағындары жағдайын болжау және оларға уақытылы ден қою мәселелері өз шешімдерін тапқан.
Қорыта айтқанда, тек «Қазселденқорғау» ММ-нің 150-ден астам адамнан құралған бригадасы Алматы облысында төрт ай бойы биіктігі шамамен 3500 метр таудағы әртүрлі сел қаупі бар учаскелерде кешенді жұмыс істеген. Ал республика бойынша өткен сел қауіпті кезеңінде шамамен 400 адам жұмылдырылыпты.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»