«Эйр Астана» ұлттық әуе тасымалдаушы 2017 жылғы Алматыдағы 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың ұйымдастыру комитетімен ынтымақтастық жөнінде келісім жасасты.
«Эйр Астана» АҚ президенті Питер Фостер мен 2017 жылғы Универсиада дирекциясының басшысы Наил Нұров қол қойған құжат негізінде бұл қазақстандық әуе компаниясы Ойындар демеушісі атанып, Универсиаданың ресми серіктесі деп танылды.
Жасалған келісімге сәйкес, «Эйр Астана» спортшылар мен дирекцияның ресми делегация өкілдерінің жергілікті және халықаралық әуе рейстеріне едәуір жеңілдіктер жасап қана қоймай, эстафета алауын Астанадан және 15 өңірден Алматыға жеткізуді және дирекция өткізетін іс-шараларды өз коммуникация тетіктері арқылы насихаттауды ақысыз түрде жүзеге асырмақ.
«Қысқы Универсиаданы ұйымдастыру ісінде біздің де көмегіміздің тиетініне қуаныштымыз. Ең ірі спорттық сайыстардың бірі саналатын Универсиаданың Алматыда өтуі Қазақстан әлеуетін әлемге танытуға, елдің танымалдығы мен туристік мүмкіндігінің артуына ықпалын тигізбек. «Эйр Астана» үшін аталған шараға қолдау көрсету зор мәртебе», – деді «Эйр Астана» әуе компаниясының президенті Питер Фостер.
Ал Универсиада дирекциясының басшысы Наил Нұров «Эйр Астананың» әлемдегі ең үздік әуе компанияларының бірі екенін, сондықтан Ойындарды ұйымдастыру комитеті үшін бұл әуе компаниясымен ынтымақтастық орнату – Алматыдағы қысқы Универсиаданың ойдағыдай өтуіне деген сенімді арттыра түсетінін жеткізді.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ