Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігі жанындағы Корей мәдени орталығы мен Ұлттық музейдің бірлескен тағы бір жобасы – «Ханбок сиқыры» дәстүрлі корей киімдерінің көрмесінде ұсынылды
Көрменің ашылу рәсімінде Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай Корей Республикасының Қазақстандағы елшісі Хан Ман Чун мен Корей елшілігі жанындағы Мәдени орталықтың директоры Ли Дэ Вонға, сондай-ақ Корей Республикасындағы Ханбок Федерациясының президенті Ли Су Донгқа баға жетпес ұлттық құндылықтарды жеткізіп және бұл жобаны жүзеге асыруға атсалысқандары үшін ризашылық білдірді.
Осы орайда айта кететін тағы бір жайт, «ханбок» корей тілінен аударғанда, корей мәдениетінің іске асқан пәлсапалық көзқарастарын, эстетикасын, сондай-ақ өзіндік ерекшелігін танытатын «корей киімі» деген ұғымды білдіреді екен. Ал Кореяда батыстық үлгідегі киімдер пайда болғанға дейін, ханбок кәріс халқының күнделікті киімі саналған. Бүгінгі таңда ол жақта ұлттық костюм әдетте халықтық мерекелер (Чусок – егін мерекесі, Жаңа Ай жылы) және отбасылық салтанаттар сәтінде киіледі.
Экспозицияға тақта отырған Чосон әулетінен бастап, бүгінгі корейдің дәстүрлі ханбок киімінің әр түрінен 96 экспонат қойылды. Тағы бір қызықты жағдай, бұлардың ішінде «Ханзада Жумонг» сериалының бас кейіпкерлерінің түпнұсқадағы костюмдері бар... Кореяның сан ғасырлық дәстүрлері ерекшелігін сезінуге мүмкіндік беретін көрменің есігі 26 қазанға дейін ашық.