• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
19 Қазан, 2016

«Жеңістің» жемісі

347 рет
көрсетілді

Таяуда Қарағанды облы­сындағы Жаңаарқа ауданында орын тепкен «Жеңіс» асыл тұқымды мал зауыты» ЖШС мен Біріккен Араб Әмірліктерінің «Myco Trading FZE» деп аталатын аса ірі компаниясы арасында 5 мың қойды экспорттау жөнінде келісімшартқа қол қойылды. Қыркүйектің басында жаңаарқалықтар Араб еліне тонналап қой етін жөнелтіпті. Мұндай нәтижеге асыл тұ­қымды мал зауыты селекциялық жұмыстарға ерекше мән бер­гендігінің арқасында қол жет­кізген. Әлбетте, шаруаның қиюын тапқан іскерлік пен мықты менеджменттің де бұл іске игі әсерін тигізгенін ешкім жоққа шығармас. Дегенмен, етінің дәм­ділігі мен құнарлылығын жақсы біліп алған өзге жұрттардың қазақтың «Еділбай» тұқымдас қойына деген қызығушылығы күннен-күнге артып келеді екен. Біз сөз қылып отырған «Жеңіс» асыл тұқымды мал зауытының атақ-даңқы баяғыдан-ақ дүрілдеп тұрған болатын. Бірақ та өрлеуді көрген шаруашылықтың өліара кезеңнің қыспағын да бастан кешкен кездері аз болмады. Кейінгі жылдары ісі тіпті де кері кеткен болатын. Дегенмен, зауыт осыдан алты жыл бұрын инвесторлардың арқасында ауған жүгін қайта түзеп алды. Қазіргі таңда бұл шаруашылықта 17 мыңға тарта ет-май өндіру бағытында өсірілетін қылшық жүнді, ақ түсті, құйрықты қазақы қой тұқымы бар. Мал зауыты жылына 120-130 тонна қой етін нарыққа шығара алатын шамаға жетті. Оның ішінде 90 тоннасы – марқа еті. – Мал тұқымын асылдандыруға үлкен мән береміз. «Асыл тұ­қымды» деген мәртебеге сай бол­ғымыз келеді. Бүгінгі таңда әлем­де етке, әсіресе жас малдың етіне деген сұраныс өте зор. Сондықтан да біз қазақстандық бренд – «Еділбай» тұқымына үміт ар­тып отырмыз, – дейді «Жеңіс» ЖШС-нің директоры Жамбыл Жүндібаев. Жамбыл Жүндібаевтың өзі Алматы зооветеринарлық инс­­титутын тәмамдаған. Мал шаруа­­шылығы саласы бойынша елі­міздің бірқатар өңірлерінде жұмыс істеген білікті маман. «Жеңіске» басшы болып 2013 жы­лы келіпті. Жаңа басшы салған жерден қожырап кеткен қой шаруашылығын көтеруді қолға алған. Алдыңғы жылы шаруа­шылықта үш жаңа мал қорасы салынған. Мың қой мен 150 жыл­қыға арналған бордақылау алаңы да іске қосылыпты. Соны­мен қатар, былтыр ет өнім­­дерін өндіретін екі желі де пай­­далануға берілген. Осы жұмыс­тарды атқаруға еліміздегі қой ша­руашылығын дамытуға арналған бағдарламаның да көп көмегі тиді, дейді мал зауытының басшысы. Қазіргі таңда «Жеңістің» ша­руа­шылығында 120-ға жуық жергілікті тұрғын еңбек етеді. Шаруашылықта жұмысшыларды материалдық тұрғыдан ынталандыру шаралары жолға жақсы қойылған. «Қазіргі таңда экономикасы дамыған елдерде мал етінің жастай сатылғанына ерекше мән беріледі. Мысалы, әлемде жылына 8,5 мил­лион тонна қой еті өндірілсе, оның 80 пайыздайы марқа етінің үлесінде. Сондықтан, сатар қойды тоқты, саулық болғанынша өсіріп шығындалғанша, төрт айлық марқа кезінде етке сатып жіберген экономикалық жағынан әлдеқайда тиімді», дейді мал шаруашылығы саласындағы белгілі ғалым, профессор Төлеухан Садықұлов. Ол Шолпан Әділхановамен бірге біраз уақыттан бері «Жеңіс» зауытымен бірге мал тұқымын асылдандыру бойынша жемісті жұмыс істеп келеді. Әлемде қой жарықтықтың 600-ге тарта тұқымы бар екен. Оның ішінде жиырмаға жуығы – ғылым тілімен айтқанда, құйрықты қой. Ал енді, мына қызықты қараңыз, осы жиырма тұқымның жетеуі Қазақ­станда өсірілсе, бесеуі Қара­ған­ды облысында бағылатын көрінеді. Қойды қазақ қана бағады деген адам қатты қателеседі. Мы­салы, алыстағы Австралия мен бауырлас Түркия елдерінде де Шопан ата түлігі мыңғырып өсе­тіндігі белгілі. Айтайын деге­німіз, бұл елдерде қой төлі төрт айлық марқа болған кезінде сойыл­ы­п, етке өткізіледі екен. Ғалым­дар­­дың айтуынша, марқа етінің құ­рамында холестерин мен май шамалы ғана болатын көрінеді. Ағзаға деген пайдасы мол марқа еті нарқының шет мемлекеттерде шарықтап тұрғаны да осыған байланысты болса керек. «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Мұны біз «Еділбай» қойының экологиялық таза етін алыстағы Арабияға өткізіп, ел экономикасының дамуына септігі мол экспорт саласын екпінді игере бастаған «Жеңіс» асыл тұқымды мал зауытының мысалынан-ақ көріп отырмыз. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы