• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2016

Күй-құдірет

3289 рет
көрсетілді

Күй – қазақтың жансерігі, мұңдасы, сырласы. Күйдің ғажаптығы сол, ол өзің бастан кешіріп отырған өмірдің мән-маңызын тыңдаушыға жан-жақты ұқтырады. Күй ойға жетелейді. Адам болып өмір сүруге, жақсылыққа, ізгілікке ұмтылдырады. Күй тыңдап, күйді түсінген пенде жамандыққа, арамдыққа бара алмайды. Күй құдіреті деген осы. Қасиетті мекен Торғай то­пырағы, Арқа өңірі ежелден ән-жырға, терме, толғау, дас­тан, айтыстарға бай ел атанып, қашанда талантқа кенде болмаған қасиетті өлке деп есеп­теймін. Айтулы ақын-жырауларымыздың суырып салған толғауларымен қатар, ел арасында күйшілік өнердің де үлкен мектебі қалыптасқан. Атадан балаға асыл мұра болып жеткен ұлы сарындар көз­дің қарашығындай сақталып бүгінде қымбат қазынаға айналды. Қаймағы бұзылмай жеткен бұл өнердің бір шыңы – домбыра күйлері. Бұл мұра ғасырдан ғасырға іріктеліп, сұрыпталып, еленіп, түрленіп жеткен. Ертеректе көнекөз ақсақалдардың әңгімелерінен ұққаным, әрбір қазақ үйінің төрінен орын берілген қасиетті домбыраны қолына алып күй шертпейтін отбасы қазақ арасында кемде-кем болған. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейдi дана халқымыз. Жаны жайсаң, жүзi жарқын, өнегелi iс-әрекет­терiмен жан-жағына нұрын шаш­қан абзал жандар арамызда көптеп саналады. Жұрттың оларға деген ықыласы да айрықша. Ойшыл ақын Абай бабамыз айтқандай, «алдыңғы толқын ағаларымыздың» бірі, домбыраны өзіне серік етіп, күйшілік өнердің хас шеберіне ай­нал­ған тұлға – мәдениет қайраткері, композитор Айтбай Мұздаханұлы туралы әңгіме өрбітпекпін. Айтбай Мұздаханов сонау бір сұм соғыс басталған жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданының Қарасу ауылында дүниеге келген. Үлкен әкесі Молдаш та, өз әкесі Мұздахан да дәулескер домбырашы болған кісілер екен. Ол кісінің анасы Кәбира әжеміз де өнерден шет қалмай, жастайынан ән айтып елдің көзіне түсіп, ықыласына бөленген жан. Осындай өнерлі отбасында дүниеге келген ағамыздың күйші болмауы мүмкін емес еді. Күйшілік өнер оған әкесінің қанымен, анасының сүтімен дарып, сүйегіне сіңді. Күмбірлеген күй әуені алты атасынан дарыған, жетінші ұрпағы Айтбай ағамызға әке сөзінің «Сенен кейін біздің күйшілік өнеріміз қыздарымызға ауысады» деп айтқан сөзі айнымай келіп, тұла бойы тұңғышы Анарға қонып әке жолын жалғастыруда. Музыка табиғат сұлулығын, адамның жан тебіренісін, сыртқы сұлулық пен ішкі жарасымдылықты асқақ сезім­мен суреттеп бере алатын құдіретке ие күрделі өнер десек, қасиет қонған дарынды күйші Айтбай Мұздахановтың арнау­лы музыкалық білімі болмаса да атақты күйшілердің күйлерін бойына сіңірді. Ол өзінің еңбек жолын кіндік қаны тамған жері Қарасу ауылында бастап, электрмеханик, бөлімше бастығы, жемшөп цехының меңгерушісі дәрежесіне дейін көтеріліп, елдің өркендеуіне атсалыс­ты. Жастық жалын жігермен алаулаған жас жігіт қанмен берілген асыл қасиетті баста мойындамауының салдарынан 13 жасында сол қолының үш саусағы бүгіліп, икемге келмей қалған, артынан туған әкесінен айырылып жүрегі қан жылаған. Кейін ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген кезде, 1977 жылы оң қолынан айырылды. білегін шынтаққа жақын жерден кестіруге мәжбүр болып, аурухана төсегіне таңылды. Өзінің қателескенін, қара домбыра киесінің шаңырақты сағалап тыным бермегенін түсініп, киелі өнерді үйренуге ден қойған. Кесілген қолының шынтағына сым байлап алып, қара домбырасын қайта ұстап, күй шығаруды жалғастырды. Ауруханадан шыққан соң біраз уақыт Торғай облыстық драма театрының директоры Төкен Елтебаевтан дәріс алып, домбыра тартуға машықтанды. Сөйтіп, орындалу мәнеріне, қағыс түріне, саз әуені мен екпін ырғағына қарай бөлініп сан алуан тақырыпты қамтитын «Ана туралы толғау», «Невада-Семей», «Ер есімі – ел есінде», «Бүркітті байрақ», «Домбыра сазы» сынды көптеген күйлер, өмірге келді. Ағамыздың алғашқы шы­ғарған күйін Нұрғиса Тілендиев тыңдап: «Қарағым-ау, мына күй­ің дүбірлеп тұр ғой», деп ри­за, болып оны бауырына ба­сады. «Ендеше, бұл күй «Амангелді дүбірі» болсын», – деді. Содан аты қойылмаған алғашқы күйі «Амангелді дүбірі» атанып, Амангелді ауданының гимніне айналды. Қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, халқымыздың дарынды ақыны Қасым Аманжоловтың «Домбыра, мұн­ша шешен болдың неге? Күй толған көкірегің шежіре ме? Сыр қозғап ғасырлардан жө­нелесің, Саусағым тиіп кетсе ішегіңе» деген өлең жолдарын өміріне арқау еткен тұлға қазақ өнеріне үлес қосқандығын, өзінен бұрын­­ғы дәстүр­лі күй, жыршылық өнерде бол­маған жаңа серпінмен, өзіне тән ерекшеліктермен ки­елі өнер төрінен заңды түр­де орын алғандығын кө­ре­міз. Әңгімемізге ар­қау бол­­­ған күйші-сазгер аға­мыз шығармашылықпен айна­лыс­қан 50 жыл ішінде 2 кітап, 60-қа жуық күй, 40 шақты ән шы­ғарып, туған халқына сыйға тартқан. Бұл, әрине, түсінген адамға аз еңбек емес. Айтбай ағамыздың шы­ғар­­ма­шылығымен таныс адам­­­­ға оның көп ізденгенін аңғару қиын емес. Өз жолы айқындалып, өз стилі әбден қалыптасқанға дейін оның талмай еңбек етіп, домбыра тартуға машықтанып, сарыла үңіліп, дәстүрлі өнердің жақсы үлгілерінен үйрене отырып, жаңа заманның жаңа тыныстарын қайткенде де өз тыңдаушысына тартымды, әсерлі етіп жеткізуге болатындығын дәлелдеп, өзі жазған жыр мен күй арнасына арқау етті. 1977-78 жылда­ры Бүкілодақтық халық шығармашылығының 1-ші және 2-ші фестивальдарында лауреат атанып, 1977 жылдың қараша айында Қызылорда қаласында Бүкілодақтық фестивальдің аясында өткен домбырашылар конкурсында бас жүлдені жеңіп алды. 1979 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, 1993 жылы Елбасы  Жарлығымен «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы берілді. Өмірдің сан тарау соқ­пақтарынан, сан қилы сы­нақтарынан сүрінбей өтіп келе жатқан кейіпкеріміз – Айтбай Мұздахановты халық дәулескер күйші, сазгер, өнер саласы­ның майталманы, барша ғұмырын ел болашағына арнаған зиялы азамат ретінде таниды. Сонау терең тарихтан та­ғы­лым шертетін шежіре мен аңызға толы қасиетті Торғай өңірі бүгінде өркендеген өлкеге айналды. Күннен-күнге көр­кейіп келе жатқан Амангелді ауданын ынтымақ пен бірлігі жарасқан, татулықтың туын көтерген еңбекқор халықтың, ізгілік пен жақсылықтың жаршысы деп білеміз. Осындай қасиетті жерде дүниеге келіп, Тор­ғайды бас­­қарған тектілердің бірі, Мә­дениет министрі болған Өзбекәлі Жәнібековпен бірге жұ­­мыс жасауы ағамыз үшін таптырмас өмір мектебі болды. Оның бер жағында баба­ларымыздың ерлік істерін жаңғыртып, Әліби Жангелдин, Амангелді Иманов сынды батыр тұлғаларды ұлықтауға арналған «Сарбаздар маршы» бүгінгі әскери әндердің сапын бастайтынына да күмән жоқ. «Өмірге келгеннің өзі –бір бақыт, артыңа ізіңді қал­дыра білсең – екінші бақыт» демекші, бүгінгі күні өнер жам­позына айналған Айтбай ағаның жолын жалғастырушы ұрпағы бар екенін қызы Анар дәлелдеп отыр. Композитор­дың ұр­пағы да өнерге бейім. Әке жолын қуған Анар Мұздаханова Астана қалалық филар­мо­ния­сының жеке домбырашысы, «Дарын» Мемлекеттік жас­тар сый­лығының лауреаты, Мәдениет са­ласының үздігі, өнерден қолы қалт еткенде сазгерлікпен айналысады. Халық ара­сынан шығып, бабалар дана­лығын бойға сіңір­ген дәу­лес­кер күйші-композитор Айт­бай Мұздахановтың өнердегі өнеге өрнектері осындай. Абай ТАСБОЛАТОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты