• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2016

Тұғырда – Құрманғазы мен Дина

1533 рет
көрсетілді

Ескерткіштер – елдіктің белгісі. Республикамыздың батыс қақпасындағы халқымыздың  еркіндікке қол жеткізуін басты мақсат-мұраттарына айналдырған  тарихи тұлғаларға қойылған тұғырлар тағы бір қайталанбас мүсін өнері туындысымен толықты. Бұл – Орал қаласында күй атасы Құр­­­манғазы мен күй анасы Дина кө­шелерінің қиылысқан жеріндегі демалыс орны аумағына екеуіне орнатылған композициялық ескерткіш жобасы. Ескерткіш құрылысын іске асырған облысқа танымал кәсіпкерлердің бірі – Ерлан Ғайсин. Орал өңірі – Құрманғазы мен Дина­ның тарихи отаны, кір жуып, кіндік кескен топырағы. Соған қа­ра­мастан, мұнда екеуіне ескерткіш қой­ылмай келгені рухани олқылықтай, тәуелсіз елімізге сындай  көрінуші еді. Осының орны толғаны анық. Өйткені, олар­дың шығармаларына негізінен елдікті ту етіп көтеру, еркіндік пен бос­тандықты және азат өмірді аңсау сипаты тән болып келгені атар таңдай, ба­тар күндей шындық. Сондықтан ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында ашылған бұл ком­позициялық мүсіндер кешенінің бүгінгі ұр­паққа берер тәлімі мен тағылымы мол болмақ. Екіншіден, Құрманғазы мен Динаға екі бөлек ескерткіш қоймай, оны бір­тұ­тас бөлінбес композициялық мү­сін туындысы ретінде орнату жөніндегі алматылық мүсінші Мұ­рат Мансұровтың шығармашылық ше­шімі тек құптау мен қолдауға лайық­ты. Әрі екеуінің бірнеше мәрте кез­дескені, Құрманғазының Динаға өзім­нің ізбасарым деп батасын бергені, дом­бырасын сыйлағаны тарихи деректер­ден жақсы мәлім. Бұған қоса, осы ара­да қазақтың күй өнері мен оның шығу тарихын індете зерттеген тағы бір тарихи тұлға, бүгінгі Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрін өз қолымен құрған халқымыздың талантты ұлы Ахмет Жұбанов «Құрманғазы айтыпты» деген төмендегідей деректі де оқырмандар назарына бере кеткеннің артықшылығы жоқ. Нақтырақ айтқанда, қайран Құрман­ғазы бабамыз былай деген екен: «егер ме­нің оң қолым мен Динаның сол қолы бір адамға берілсе, бұл дүниеде одан асқан дүлдүл домбырашы мен күйші болмас еді». Міне, бұл тарихи деректің өзі де Құрманғазы мен Динаның жиі кездескенінен хабар бере алады. Әрі екеуі бір-бірінің күй тарту мәнеріндегі артықшылығы мен олқылығын жақсы білгендігін көрсетеді. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ