• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2016

25 жылдыққа – 25 кеме

413 рет
көрсетілді

Бүгінде өзінің құрылғанының әрі ашылғанының белгілі бір кезеңін атап өтіп жатқан отандық кәсіпорындар жетерлік. Дегенмен, «Сегіз ұлым бір бөлек, Ер Төстігім бір бөлек» деп ауыз әдебиетінде айтылғандай, Орал қаласындағы «Зенит» зауытының жетпіс бес жылдық атаулы датасының орны бөлек болады да тұрады. Бұл кәсіпорын Орал өңірінде сұрапыл соғыс басталған сонау 1941 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Соғыс жылдарында зауыттың инженер-техник қызметкерлері мен жұмысшылары кеңес әскері мен әскери-теңіз флотына қажетті қару-жарақтар мен құрал-жабдықтар жасады. Одан бергі уақытта «Зениттің»  І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталуы – зауыттың аға буын өкілдерінің жемісті еңбектерінің басты нәтижесі. Соғыстан кейінгі ке­­ңе­стік дәу­­ірде К.Е.Воро­ши­лов атауын иеленген зауыт негізінен одақ­тық бағыныста болып, КСРО-ның қорғаныс қыз­метіне қажетті құрал-жабдықтар шығарды. Деген­мен, тәуелсіздік таңы ата қой­маған сек­сенінші жыл­дардың өзінде мұн­да конверсиялау бағыты бел­гі­леніп, зауыт ұжымы өнеркәсіпке, соның ішін­де мұн­ай-газ өндірісіне және ауыл шаруашылығына қажетті құрал­дар өндіруге бет бұра бастады. Жас егемен еліміз үшін үлкен сын болған өт­пелі кезең зениттіктерді де айналып өте алмады. Тіпті, өз дәстүрі мен тарихы қалыптасқан зауыттың жа­бы­лып қалу қаупі туындады. Не істеу керек? За­уыт ұжымының алдында ше­шімі мен кілті табылмастай болып көрінген осындай үлкен сауал тұрды. Оның жауабын берген республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еді десек, ақиқаттан ал­шақ кетпейміз. Бұл Қазақ­станның дербес Қарулы Күштері мен шекара қызметі қалыптаса бастаған кез еді. Міне, осы тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдарының бірінде Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысына сапармен келеді. Осы сапарында Елбасы «Зенит» зауытының ұжы­мымен кездесіп, оның алдағы атқаратын басты қызметін белгілеп беріп кетеді. Міне, еліміздің Каспий теңізіндегі шекара қызметіне қажетті кеме жасау өндірісі осылай басталған еді. Сонымен, бүгінде «Зенит» Орал зауыты» АҚ республикадағы кеме жасау өндірісімен айналысатын әрі Каспий теңізінде еліміздің шекарасын қорғап жүрген кемелерге күрделі жөн­деулер жүргізетін басты кәсіпорынға айналды. Бұл, біріншіден, еліміздің қорғаныс қызметіне қа­жетті зауытты үнемі назарында ұстап, оған ұдайы қолдау көрсете білген Мем­лекет басшысы ық­пал­ының нәтижесінде мүм­кін болғаны анық. «Ең бастысы, «Зенит­те» құ­р­ас­ты­рылған кеме­лер­дің сапасы мен жа­рақтандырылу дең­гейлері бәсекелестікке төтеп бере алады. Атап айтқанда, бүгінде осы зауыттағы кә­сіби деңгейі жоғары маман-жұмысшылардың қолынан шығып, Жай­ық өзені арқылы Кас­пий теңізіне жол тарт­қан «Барыс КМ» жо­­ба­сының зымыранды-артиллериялық ке­мелері ше­каралық қызметте өзі­нің барлық талаптарға сай екенін танытты», дейді «Зе­нит» Орал зауыты» АҚ-тың бас директоры   Вячеслав Валиев. Егемен еліміздің игі­лігіне қыз­мет жасап келе жатқан кәсіп­орын соңғы жыл­дары өндіріс ау­қы­мын екі есеге дейін өсіруге қол жет­кізе біліпті. Қазіргі кү­ні зауытта мыңға жуық адам жұмыс істейді. Әрине, бұл мүмкіндіктің шегі емес. Осы жетістікті тас­тай қылып ұстап қалып қа­лу зениттіктердің ойларында жоқ екен. Өйткені, мұнда алдағы уақытта өндіріс көлемін одан әрі ұлғайтудың кешенді бағ­дар­ламасы белгіленген. Біз бұған осы материалды газетке әзірлеу бары­сында айқын көз жет­кіздік. Соның ең бастысы, су сыйымдылығы 700 тон­наға дейін жететін алып кемелерді жасау жобасы болып табылады. Зауыт ұжымы биыл еліміздің шекара қызметіне қа­жетті жиырма бесінші кемені Каспий теңізіне аттандырды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына 25 кемені жасап шы­ғаруды мақсат тұтқан зениттіктер алға қойған мақсаттарына осылай жетіп отыр. 25 жылдыққа – 25 кеме! Тәуелсіздік тойына бұдан артық қандай сый, қандай тарту болмақ. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ Суретте: зауыттағы ке­ме құрастыру сәтінен көрініс. Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ