• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2016

Өзара әріптестіктің басты шарты – ортақ мүдде

215 рет
көрсетілді

Кеше Сауд Арабиясы Корольдігінің орталығы – Эр-Рияд қаласында еліміздің экономикасына пайдалы кездесулер өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың аталған елге ресми сапары қарсаңында ұйымдастырылған бұл басқосуларда бірқатар мәселелер талқыланды. Бұл күнгі кездесулердің бірі еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен Сауд Арабиясы Корольдігі  Энергетика, өнеркәсіп және минералды ресурстар министрі Халид әл-Фалихтің  арасында өтті. Бұл басқосудан кейін журналистерге сұхбат берген Қ.Бозымбаев аталған жүздесу тұрғысында әңгімелеп берді. – Сауд Арабиясы Корольдігінің Энергетика, өнеркәсіп және мине­рал­ды ресурстар министрі Ха­лид әл-Фалихпен басқосуымыз ойда­ғы­дай болды. Бұл оның осы қызмет­ке тағайындалғаннан бергі алғаш­қы кездесуі екен. Біз бірінші кезекте мұнай саласындағы өзара ынтымақ­тастық мәселелерін талқыладық, – деді министр. Одан әрі Қ.Бозымбаев екіжақты кездесу барысында салаға инвестиция тарту ісі де кеңінен сөз болғанын жеткізді. – Біз Сауд Арабиясы тарапын Қазақ­стан­ның мұнай саласына инвес­тиция құюға шақырдық. Сондай-ақ, атом ба­ғытындағы ынтымақтастық мәсе­лесін қарастырдық. Қазақстан уран өндірісі бойынша көшбасшы ел екені бел­гілі. Біздің бұл салада жинаған тәжі­рибеміз баршылық. Енді соны Сауд Арабиясындағы әріптестерімізбен бөлі­суге дайынбыз, – деді Қ.Бозымбаев. Бұлардан бөлек, министр баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері бо­­йынша екі жақтың ортақ мәмілеге кел­генін айтты. – Бұл бағыттағы қос тараптың қолға алған жұмыстарын үйлестіріп отыруға келістік. Жалпы, энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы кең көлемді құжатқа қол қою межесіне де жетеміз деп ойлаймын, – деді Қ.Бозымбаев. Сондай-ақ, Қ.Бозымбаев өзінің саударабиялық әріптесін Қазақстанға шақырғанын, оны елімізде жүргізіліп жатқан жекешелендіру науқаны жөнінде хабардар еткенін жеткізді. Бұл күнгі кездесулердің тағы бірі Қазақстанның «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Сауд Арабиясы Корольдігінің сауда-өнеркәсіп палатасы арасында болды.  Соның нәтижесінде өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл тұрғысында БАҚ өкілдеріне  сұхбат берген «Атамекен» ҰКП басқармасы төрағасының орынбасары  Нұржан Әлтаев әңгімелеп берді. – Біз алғаш рет Сауд Арабиясы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойып отырмыз. Бұл шарт біз үшін Сауд Арабиясы нарығына жол ашады, – деді ол. Оның сөзіне қарағанда, осы құжатқа қол қоюға қос тарап та барынша қызығушылық танытқан. – Бұл біздің бастамамыз еді. Бірақ Сауд Арабиясы жағынан да қызығушылық өте жоғары болды. Өйткені, екі палата арасында бұған дейін ешқандай байланыс орнатылмаған. Жалпы, бұл уағдаластықтың шеңберінде қандай секторға инвестиция құю керектігін, қандай кәсіпкерлермен жұмыс істеуге болатынын бірлесе анықтауға болады. Мәселен, араб инвесторлары Қазақстанға келетін болса, онда олар ҰКП-ға, оның тармақталған филиалдарына жүгіне алады. Яғни, олар Қазақстанның қай нүктесінде болса да бізден заңгерлік және салықтық кеңестер ала алады. Ал біздің кәсіпкерлер сол елге барып жатса, мұндай көмекті Сауд Арабиясы тарапы да ұсынатын  болады, – деді Н.Әлтаев. Бұлардан басқа ол Қазақстанның мал шаруашылығы өнімдері арқылы Сауд Арабиясы нарығын игеруге мүмкіндіктер мол екенін жеткізді. Екіжақты кездесулер барысында атап көрсетілгендей, Сауд Арабиясының «Metal corners holding» компаниясы Қазақстанның жер қойнауындағы полиметалл, алтын, күміс және мыс кендеріне геологиялық барлау жасау үшін 50 млн доллар бөлетін болды. Бұл уағдаластыққа қатысты келісімге «Metal corners holding» компаниясы мен «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ басшылары қол қойды. Осы орайда, «Қазгеология»  АҚ басқарма төрағасы Ғалым Нұржанов: –  Біз  «Metal corners holding» компания­сымен өзара келісім жасадық. Келісімге сай, Қазақстанның жер қойнауынан полиметалл, мыс, алтын, күміс секілді пайдалы кендерге геологиялық барлау жасауға мүмкіндік туады. Келісімнің құны шамамен 50 млн долларды құрайды. Алайда, бұл – келісімнің бірінші сатысы. Егер де болашақта бұл бағыттағы жұмыстар өз нәтижесін беріп жатса, арабтар ол жерге инновациялық зауыттар мен фабрикалар салуға дайын, – деді. Ғ.Нұржановтың айтуынша, аталған шаралар тиісті деңгейде жүзеге асырылса, Қазақстанның тау-кен-металлургия саласын дамыта түсуге жол ашылады. – Барлау жұмыстарын толық «Қаз­геология» компаниясы жүргізеді. Үкі­меттің шағын қалаларды дамыту туралы қаулысына сай, кен орындарын моноқалалардың маңынан іздейміз деген жоспар бар. Ондай қалалардың жанында геохимия жұмыстарын, геофизика есептерін жүргізіп, болашағы зор орындарды анықтадық. Осындай аймақтарға инвестор тартуға дайынбыз, – деді Ғ.Нұржанов. «Қазгеология» басшысының айтуынша, «Metal corners holding» компаниясы араб жеріндегі полиметалл, алтын мен қорғасын қорына бай жерлердің иесі көрінеді. – Бұл компания өз елдерінің ішкі нарығын игеріп, сыртқы нарыққа жол іздеп отыр. Қазақстанда инновациялық жобаларын жүзеге асыруға дайын. Егер олар моноқалалардың маңында зауыттар сала бастаса, аймақтардың  дамуына ықпал етер еді, – деді басқарма төрағасы. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан» – Эр-Риядтан (Сауд Арабиясы)