• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2016

Сапарбаев Ақтөбе облысын жанармаймен толықтай қамтамасыз ету жолын ұсынды

276 рет
көрсетілді

Ақтөбенің шағын мұнай өңдеу зауыттары мұнайды экспорттық бағамен сатып алуға дайын. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мәлім етті. «Біздің облыстың аумағында 5 шағын мұнай өңдеу зауыты бар. Жылдық мұнай өңдеу қуаты  675 мың тоннаны құрайды. Өкінішке орай бүгінгі күні олардың жүктелімі  4-15 пайызға ғана тең. Сізден Энергетика министрлігіне бізбен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірге  бұл мәселені қарастыруды тапсыруыңызды сұраймыз. Егер бұл зауыттар толық қуатында жұмыс істейтін болса, онда біз өзімізді жанар-жағармаймен толық қамтамасыз ететін едік. Бізге жанар-жағармай сатып алуға жылына  200 мың тонна квота беріледі. Ал біздің қажеттілігіміз 280 мың тонна. Айырмасын ресейліктерден сатып аламыз. Екіншіден кемінде 700 жаңа жұмыс орны ашылар еді. 1,7 млрд. теңге көлемінде қосымша салық түседі», - деді Сапарбаев Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа қарата. Оның айтуынша, ақтөбелік мұнай өңдеу зауыттары мұнайды экспортқа шығарылатын бағамен сатып алуға да дайын. Осы ретте Премьер-Министр Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтен түсінік беруді сұрады. «Ішкі нарыққа мұнай жеткізуге қатысты айтар болсам, бүгінгі  күні үш зауытымызды өніммен қамтамасыз етуде проблемаға душар болып отырмыз. Ешкім де өз еркімен зауыттарға барғысы келмейді. Соған сәйкес ішкі бағамен квота бойынша жеткізетін болсақ, біздің жер қойнауын пайдаланушылар наразылық танытады. Өкінішке  орай біз бұл жағдайды шеше алмаймыз. Егерде Бердібек Мәшбекұлы көтеріп отырғандай мұнайды экспорттық бағамен жеткізуге келсек, біз онымен жер қойнауын пайдаланушылармен бірге айналысуға дайынбыз», - деді вице-министр. Осы орайда Премьер-Министр Энергетика министрлігінің Ақтөбе облысының әкімдігімен бірлесіп, бұл мәселені қарастыруды тапсырды.