• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
27 Қазан, 2016

Ұрпақты ұлттық өнерге баулыған музыка мектебі

421 рет
көрсетілді

Ұлт ұланына бабалар үлгісімен сазды әуенді саналарына сіңіру үшін елордада ашылған алғашқы музыка мектебі тәуелсіздік жемісі десек болады. Елдікке дейін елордада мұндай білім ордасы болмаған екен. Халықтық дәстүрді жалғастыру мақсатында осы бір игілікті шараны тәуелсіздіктің алғашқы күндері сол тұстағы Білім министрінің орынбасары Ш.Беркімбаева Ақмола қалалық атқару комитетінің төрағасы А.Бөлекбаев, өзге де азаматтар көптен бері сондай бір өнер ұясы қажет деп жүргенде, Тәуелсіздіктің таңы атып, сол жылы осы мектеп шаңырақ көтерген екен. Мектептің ірге бекітіп, қанатын кеңейтуіне алғашқы директоры Оспан Сүлейменовтің де еңбегі зор деп білеміз. Жақында осы өнер мектебінің атаулы күніне орай үлкен шара өтті. Оған мектептің түлектері, ұстаздар қауымы, ата-аналар, қалалық мәслихат депутаттары, өзге де азаматтар қатысып, ақ тілектерін білдірді. Әсіресе, білім мекемесінің түлектері мен қазіргі шәкірттерінен құралған «Рух», «Тұмар» қылқобызшылар ансамблі, «Наз» жетігеншілер ансамблі, «Мейір», «Ерке» эстрадалық вокал ансамбльдері, «Балауса» фольклорлық тобы, басқа да шағын өнер ұжымдары ән әуелетіп, күй күмбірлетіп, мың бұралған билерін ұсынды. Ұлағатты ұстаздар мен өнерлі жастарға қалалық білім басқармасының сый-сияпаты жасалды. Ең бастысы, 115 мұғалімнен 800-ден аса оқушы білім алып жатқан бұл мектептің түлектері қазірдің өзінде өз Отанымыз ғана емес, сонымен қатар, алыс-жақын 50 мемлекетке жол тартып, ұлтымыздың рухы мықты құндылықтарын өзгелерге таныстырып, насихаттап жүргені көңілге қуаныш ұялатады. Ширек ғасыр ұрпаққа қызмет етіп келе жатқан өнер мектебіне ән мен күйді тең дамытқан қазақтың айтулы композиторы Кенжебек Күмісбековтің атын беру мәселесі көптен бері көтеріліп келген еді. Өнер адамдары мен ата-аналар тиісті орындарға өтініштерін талай рет жеткізген-тін. Әдемі дидарласу сәтінде қалалық мәслихаттың депутаты Саят Батпенов жұрттың ұсынысын депутаттар қауымы қолдап отырғанын, алдағы уақытта шешім қабылдау ниеттері бар екенін тілге тиек етіп, қаумалаған үлкен-кішіні бір қуантып тастады. Сонымен, елордадағы іргелі білім ордасы алдағы уақытта да жас ұрпаққа ұлттық өнерді үйретумен қатар, тәлімді тәрбие беруді жалғастыра беруді мақсат етіп отыр. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»