• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Қазан, 2016

Қабырғасы қатайған сала

340 рет
көрсетілді

Кеңес одағы ыдырағаннан кейін бұрынғы респуб­ликалар арасындағы экономикалық байланыстар үзілді де, ол экономикалық дағдарысқа әкелді. 90-шы жылдардың еншісіне тиген сол ауыр кезеңдерде күніне 10 мыңнан 17 мыңға дейін жұмысшылар ақысыз демалысқа кетіп жатты, өйткені, кәсіпорындар жабылды, жұмыс орны тоқтаусыз қысқартылды. 1995-1996 жылдары экономиканың құлдырауы шегіне жетті, бір жылда жұмыспен қамту орталықтарынан жұмыссыз қалған 40 мың адам көмек сұрады. Жұмыссыз қалған азаматтарды уақытша қоғамдық жұмыстарға тартқан, жұмыссыздарға жәрдемақы төлеген кездер жұрттың есінде. 2000 жылдан бастап елімізде экономикалық-әлеу­мет­тік оң өзгерістер білініп, эконо­мика тұрақтана бастады. Әрине, біздің облыс та уақыт­тың осы өзгерістерінің ешқай­сысынан шет қалған жоқ. Еліміз­дің аймақтарындағы секілді, Қостанай өңірінде де кедейлік пен жұмыссыздыққа қарсы жұмыстар жүргізілді. Ол үшін еліміз бо­йынша кешенді, жұмыспен қамту бағдарламасы жасалды. Ал 2008-2011 жылдары елімізде жұмыспен қамту жүйесін жетілдіру жөнін­дегі шаралар жоспары өмірге ­келді. Мұның өзі көптеген шара­ла­рды қамтыды. 2009 жылы Елбасы­ның тапсырмасы бойынша аймақтардағы жұмыспен қамту­дың және кадрларды қайта даяр­лаудың стратегиясы, яғни, «Жол картасы» жасалды. Міне, елімізде азаматтарды жұмыспен қамту жұмыстары бүгінге дейін осылай жалғасып келеді. Облыстың аудандары мен қалаларында 2020 жылға дейінгі жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыру үшін 20 орталық құрылып жұмыс істейді. Онда 134 әлеуметтік қызметкер азаматтар игілігі үшін көптеген шараларды үйлестіріп отыр. Бүгінде осы орталықтардың күш салуымен 40 мың адам жұмыспен қамтылды, 3900 адам нарық сұранысына орай мамандыққа қайта даярланды, 1787 адам шағын несие алып, өз ісін дөңгелетті. Жыл аяғына дейін жұмыс орнын тапқандар 18 мың адамға жететін болады. Әлеуметтік сала қызметі тек жұмыспен қамтумен шектелмейді. Өңірде мүгедектердің, мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жеңілдетіп, олардың басқалармен тең сезініп, қоғамға араласуы үшін жүйелі жұмыс үзілмейді. Мүгедектердің әлеуметтік орын­дарға және өмірлік маңызы ба­сым салалар қызметіне ке­де­р­­­гісіз жетуі үшін облыста әлеуметтік нысандар мен кө­лік инфрақұрылымдарына пас­порттау жүргізілген болатын. 1568 нысан­ның 1166-сы мүгедектерге то­лық бейімделуіне дайын бол­мағаны анықталды. Бұл шараның уақтылы әрі сапалы өтуі үшін 2014-2018 жылдарға арналған өңір­­лік бейімдеу жос­парын жасаған едік, міне, соның алғаш­қы нәтижелері де көріне баста­ды. Бүгінде паспортталған нысан­дардың 63 пайыздан астамы мү­ге­дектерге ыңғайлы жағдай қа­лып­тастыра білді. Мысалы, инва­т­акси қызметі облыста мүмкіндігі шектеулі жандардың алысын жақын етуге себеп болып отыр. Ол бұрын тек Қостанай мен Рудный қалаларында ғана қызмет көрсетсе, қазір Арқалық қаласы қосылды. Бұл қызметті облыста күніне 600 адам пайдаланады. Мұның сыртында жыл сайын 4 мыңнан астам ғаріп жандарға түрлі әлеуметтік көмек-қызмет көрсетіледі. Олар есту протездерін, протез-ортопедиялық, санаторийлерге жолдама, кресло-арба, гигиеналық қажеттер алып тұрады. Олар үшін биыл бюджеттен 1,1 миллиард теңге қаржы бөлінді. Қиын жағдайға тап болған ға­ріп жандарды күту де әлеуметтік сала қызметкерлері атқаратын негізгі жұмыстың бірі. Бүгінде облыста ауру жандарды үйіне барып күтумен 26 бөлімше, күндіз қарап, көмек берумен 7 бөлімше айналысады. Сонымен қатар, медициналық-әлеуметтік мекеме алты мың­нан астам адамға қызмет көрсетеді. Халықтың әлеуметтік аз қор­ғал­ған тобы қай қоғамда да болған, қазір де бар. Оларға мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. 2016 жылдың тек 9 айы ішінде облыс өңірінде 57 мың адам түрлі әлеуметтік көмек алды. Оған бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері облыста халықтың табысы күнкөріс қоржынынан төмен бө­лі­гінің саны 16 есе азайды. Мысалы, 2016 жылдың алдыңғы екі тоқсанында олардың саны 2,6 пайыздан асқан жоқ, ал 2001 жылы бұл көрсеткіш 42,4 па­йызды құрайтын. Сонымен қатар, кедейлік шегінде өмір сүретін адамдардың саны да 0,2 пайызға дейін төмендеді. «100 нақты қадам» Ұлт жос­парының 84-қадамын жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік-адрес­тік көмектің тиімділігін жақсар­ту үшін өткен жылы «Өрлеу» жобасы бойынша Қостанай қаласы мен Қостанай, Ұзынкөл аудандарын­­­да әлеуметтік көмекті келісім негізінде енгізген едік. Биыл оның ауқымы кеңейе түсті, жыл аяғына дейін осы жобаға облыстағы барлық аудандар мен қалалар қосылады. Жобаға қатысушыларға бюджеттен 13 миллион теңге бөлінді. Алдағы жылдарда берілетін әлеуметтік көмек түрлерінің барлығын да жаңғыр­ту, олардың «Өрлеу» секілді жаңа түрлерін ұсыну жоспарланып отыр. Сонда бүгінде материалдық көмек­ке аузын ашып отыратын отбасы­­лар өзінің тұрмысын жақсартуға белсене кірісетін, мемлекет көмегіне байланбай өзі табыс табатын бола­ды. Масылдықтан арылады. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осы игілікті істердің барлығын да әлеуметтік сала қызметкерлері тыным таппай атқарады. Олар атқарған тынымсыз жұмыстар арқасында қабырғасы Тәуелсіздікпен бірге қатайған әлеуметтік сала жұмысы нығаяды, қоғам серпіледі, мемлекет мықты болады. Гүлнар ӘБЕНОВА, Қостанай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы