Көптеген жылдардан бері су ресурстарына байланысты аса өзекті мәселелердің бірі – трансшекаралық су ағысын пайдалануды реттеу болып отыр. Дәл осы проблеманың шешілмеуі салдарынан көрші мемлекеттер арасында келіспеушіліктер туындап жататыны белгілі. Оның соңы қақтығыстарға соқтыруы да мүмкін.
Дереккөздеріне қарағанда, әлемдегі су ресурстарының үлкен бөлігі мемлекеттердің ұлттық шекараларын басып өтеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының есебі бойынша, дүние жүзіндегі 263 трансшекаралық су бассейндерінің үштен бірі екі немесе одан да көп елдің аумағы арқылы өтеді екен. Сонымен қатар, 19 өзен бес мемлекеттің жерімен ағады. Бір Дунай өзенінің өзі 18 мемлекеттің аумағын басып өтетін көрінеді. Африка мен Таяу Шығыстағы көптеген елдер өздерінің суға деген қажеттіліктерін «шетелдік» деп аталып кеткен су арқылы ілдәлдалап қамтамасыз етіп келеді.
Ал Орталық Азия елдеріне ортақ трансшекаралық өзендер суларының бөлінісі қандай? Бұл өңірдегі ірі өзендердің барлығы трансшекаралық өзендер болып табылады. Су ресурстары өз жерінде жиналатын тек Қырғызстан ғана. Орталық Азияда орналасқан Қырғыз Республикасынан басқа мемлекеттердің барлығында судың қажетті көлемі іргелес елдердің жерінен келеді. Бұл мәселе де аса қиын жағдай Өзбекстан мен Түрікменстан елдерінде қалыптасқан. Өйткені, осы елдерге жаңартылған су ресурстарының 90 пайызға жуығы көршілес мемлекеттерден келеді. Бұл елдердің қатарына Қазақстанды да қосуға болады. Сол себептен де еліміз трансшекаралық өзендер – Ертіс пен Іле, Жайық пен Сырдария және басқа да өзен-көлдердің суларын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударып отыр.
Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендер мәселесі дегенде, алдымен Қырғызстан тарапының биіктігі 275 метрден асатын Сырдария өзені арнасында бой көтермек Қамбар ата ГЭС-і мен Әмудария өзенінің арнасында Тәжікстан жағы салуға жоспарлаған биіктігі 350 метрлік Рогун ГЭС-і еске түседі. Егер Қамбар ата ГЭС-і пайдалануға берілетін болса, Өзбекстан өздерінде су тапшылығын болдырмау үшін Қазақстанға келетін Сырдария өзенінің ағысын азайтуы күмән тудырмаса керек. Екіншіден, Қамбар ата ГЭС-інің салынуы Сырдария өңіріндегі халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына және онсыз да қиын осы аймақтың экологиялық жүйесіне кері әсерін тигізеді.
Қамбар ата ГЭС-і, сондай-ақ, Сырдария өзені арнасында судың төмендеуіне соқтырады. Өйткені, бұл ортақ экологиялық жүйе болып қалыптасқан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне айтарлықтай нұқсан келтіреді. Арал теңізі Орталық Азиядағы климатты реттеуші нысан ретінде саналады. Арал теңізі суының тартылуы осы өңірдегі мемлекеттерде климатты күрт өзгеріске ұшыратқаны белгілі. Осы мәселелерді зерттеуші эколог-сарапшылар 1960-жылдармен салыстырғанда, Арал өңірінде 40 градустан асатын аптап ыстық күндер жиілеп кеткенін айтады. Кейбір жерлерде көлеңкеде ыстық 49-50 градусқа дейін көтерілгенін келтіреді.
Біздің елімізге Қытайдан үлкен-кішісі бар 34 өзен ағып келеді екен. Оның жетеуі қара Ертістің сағалары. Бұлардың қатарына Іле өзенін қосыңыз. Қазақстан мен Қытай арасында трансшекаралық өзендер мәселесіне байланысты қол жеткізілген уағдаластық бар. Мысалы, Қазақстан мен Қытай арасында трансшекаралық өзендерді қорғау және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді және трансшекаралық өзендер суының сапасын бақылау туралы келісімді атауға болады. Аталған осы құжаттар негізінде екі елдің трансшекаралық су ағыстарын басқару жүйесі сапалы деңгейге көтерілуі тиіс еді...
Қазақстанға су төрт мемлекеттен өзендер арқылы келеді. Өркениетті елдер пайдаланылған суды қайтадан тазалаудан өткізеді. Ал біздің көршілеріміз ше? Олар да сөйтеді деп айта алмаймыз. Пайдаланып болған соң, ағыза салады. Осылайша, ластанған су екінші елге, одан үшіншісіне ауысады. Бұл экологияны бүлдіреді және оны тұтынған адамдардың денсаулығына зиянын тигізеді. Пайдаланылған суды тазалаудан өткізбей, екінші бір мемлекеттің аумағына қарай ағызып жіберуге халықаралық деңгейде шектеу қойылған. Ал біздің бүгінгі жағдайымыз осындай, ертеңіміз қалай болар екен?
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»