үйлескенде ғана мемлекеттік қызметтің мәртебесі артады
Кеше Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кеңейтілген отырысы өтіп, оның жұмысына Президент Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков пен агенттіктің құрылымдық және аумақтық департамент басшылары қатысты. Жиынға жетекшілік еткен агенттік төрағасы Қайрат Қожамжаров басқосудың басты мақсаты «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының I бағытын жүзеге асыруды пысықтау екендігін айта келе, арнайы баяндама
жасады.
Қайрат Қожамжаров баяндамасын елдегі конкурстық негіздегі мансаптық модельге ауысу үдерісі бұл күнде толық аяқталып, соның нәтижесінде мемлекеттік қызмет жүйесі тұтас жетілдірілгенінен бастады. Оның айтуынша, бұл модельдің маңыздылығы – мемлекеттік қызметте мансаптық ілгерілеуге ынталы азаматтарға әлеуметтік серпін беріп, жоғары лауазымдарға тағайындау кезінде әділдікті қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан да, мемлекеттік қызметке қабылдау мен ілгерілетудің ашықтығын бақылаушылар институты арқылы қамтамасыз ету көзделеді. Осыны ескерген Агенттік төрағасы жиынға қатысушылардың назарын бақылаушыларға қойылатын талаптарды күшейтуге және «Азаматтық бақылау» жобасы аясында мемлекеттік емес ұйымдар әлеуетін кеңінен пайдалануға аударды.
«Соңғы жылдары тәжірибе жүзінде қолданылып жатқан жаңашылдықтар непотизмге (қызметті тамыр-таныстықпен бөлуге) қайшы келеді әрі мұндай әдіс әрбір мемлекеттік қызметкердің кәсіби білімі мен тәжірибесін және адал еңбегін лайықты бағалайды деген сенім мол. Ал адалдық, әділдік, халық игілігі үшін қызмет ету, азаматтардың сұранысына дер кезінде назар аударып, сапалы әрі кәсіби деңгейде жауап беру барлық мемлекеттік қызметкерге қойылатын басты талаптарға айналады. Осындай талап үдесінен шыға алмағандар қоғам алдында тұтас мемлекеттік аппараттың атына кір келтіреді», – деді Қайрат Қожамжаров агенттік алдында тұрған екі бірдей міндетке тоқталып.
Оның біріншісі – құқық қорғау органдарына қызметке тұрам деушілер бұдан былай агенттіктің құрылымдарында заңнаманы білу деңгейін анықтап, жеке қасиеттерін бағалайтын тест сынағынан өтеді. Мұндай тетіктің іске қосылуы нәтижесінде, құқық қорғау қызметінің стандарттары әкімшілік қызметтікіне мейлінше жақындай түсетін болады. Ал екінші маңызды міндет – «қызмет көрсететін мемлекет» қағидаларын кеңінен қолданысқа енгізу. Бұл жерде, негізінен, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтердің сапасын бағалау арқылы бизнес-үрдістерді талдауға, бюрократиялық кедергілерді жоюға басымдық берілетін болады.
«Міне, біздің бағытымыз – белгілі, мақсатымыз – айқын. Мұндай қадамдар мемлекет атынан әрекет ететін қызметкер жұмысының шынайылығын паш етуі тиіс. Ал шынайылық билік пен бұқараның арасында риясыз сенім орнауына сеп болады. Оның бірден-бір тетігі, жоғарыда атап өткен, «Азаматтық бақылау» жобасы арқылы қоғам үніне құлақ асу – елмен етене араласудың оңтайлы тәсілі болмақ» деп тоқтаған төраға баяндамасының астарында мемлекеттік қызметкердің азаматтық ар-намысы мен абырой-бедел биіктігіне қатысты терең ой қылаң берді.
Жалпы, баяндамашы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреспен қатар, ар-намыс, адамгершілік, адами сапа туралы айтпай кетуі мүмкін емес-тін. Олай дейтін себебіміз, соңғы кездері қоғам арасында қызу талқыланып, тіпті, дауға айналған бәзбір әкім-қаралардың әрекеті мен кейбір шенеуніктердің шалағайлығы елдің шымбайына батып, көпшіліктің басын шайқатқаны жасырын емес. Бұл сөзімізді жиынға қатысқан Президент Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбековтің өзі растап, нақты мысалдар келтіріп берді.
«Еліміздің өсіп-өркендеп, дамып жатқаны секілді қалың бұқараның да ой-өрісі, сауат, талабы жоғарылап келеді. Осыны әрбір мемлекеттік қызметкер біліп, түйсінуі тиіс. Олай болмаған жағдайда қасықтап жиған абыройың шелектеп төгіледі. Қазір шенеуніктің шалт қимылы әлеуметтік желі арқылы әшкере болуы әп-сәтте-ақ. Елдің назары бұған тез ауады. Мәселен, өз қабылдауына келген азаматпен әдепті әңгіме жүргізе алмағаны үшін Қапшағайдың әкімі қандай күйге түсті? Төбелесіп, таяқ жеген Оңтүстіктегі аудан әкімінің әрекеті ше? Осыларды даттаймыз ба, жақтаймыз ба? Халықпен тығыз жұмыс істейтін мұндай лауазымдағы азаматтар мемлекет атынан әрекет ететіндіктен, оларға артылар міндет те, жауапкершілік те жоғары. Сол үшін біз Мемлекет басшысының Жарлығымен мемлекеттік қызметкерлер мен орталық және жергілікті атқарушы органдарда жұмыс істейтін қызметкерлер үшін арнайы Ар-намыс кодексін қабылдадық емес пе? Ал кейбір есірген әкім-қараларымыз өзін-өзі масқаралап қана қоймай, тұтас мемлекеттік қызмет жүйесіне күйе жағады. Осындай бассыздықтардың бұдан кейін қайталанбауы үшін және ондайдың алдын алу мақсатында Президент Әкімшілігі әкімдіктер мен агенттіктің аймақтық департаменттері арқылы жоғарыда айтылған оқиғаларға байланысты тиісті деңгейде шара қолданды. Бүгінде кінәлілер қызметтен қуылды. Десек те, бұқараның билікке деген сенімін сейілтетін қадам жасаған кез келген мемлекеттік қызметкер қатаң жазалануы керек. Ел ішінде дәрігерлерге қатысты кең таралған мынадай бір тәмсіл бар. «Емдегеннен – ескерткен дұрыс». Демек, біз жоғарыдағыдай жайсыз жағдайларды болдырмау үшін және ақ адал еңбек етуге ықыласты мемлекеттік қызметкерлер толқынын қалыптастыруда «ескерту әдісіне» басымдық бергеніміз жөн», – деді Ә.Жақсыбеков.
Содан кейін ол кадр даярлау ісі мен министрліктердегі қызметкерлер штатына қатысты мәселелерді сөз етті.
«Бүгінгі таңда Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясынан білімін шыңдап шыққан түлектердің мемлекеттік қызметте қалуы да үлкен мәселе болып тұр. Мәселен, соңғы он жыл ішінде осы академияда 1700-ден астам магистр мен доктор даярланған. Алайда, олардың қайсысы, қандай мемлекеттік мекемеде жұмыс істеп жатыр? Оны есепке алып, тексеріп, тіркеп отырған ешкім жоқ. Сондықтан да академия басшылығы бұл мәселені бақылауға алып, түлектердің қайда және қай қызметке орналасып жатқанын қадағалауы қажет. Сондай-ақ, тағы бір түйін, қазіргі кезде академияда дәріс алатындардың ара салмағы дұрыс сақталмауында болып тұр. Мысалы, мұнда оқитындардың 68 пайызы – Астана қаласындағы мекемелерден келген шенеуніктер болса, «Жергілікті басқару» мамандығы бойынша оқуға түскендердің ішінде тек алты аймақтың ғана өкілдері бар» деген Әділбек Рыскелдіұлы «А» корпусы мәселесіне қатысты мәліметтерді де жария етті.
Оның айтуынша, бұл күнде бос тұрған қызметтерге маман тағайындау ісі дұрыс үйлестірілмейтіндігі белең ала бастаған көрінеді.
«Қазірдің өзінде кадр резервінің жасақталуына қарамастан бірқатар ведомстволарда 16 лауазым орны бос тұр. Сол сияқты, тиісті лауазымға лайықты «А» корпусының 39 үміткері бола тұра, төрт айдан бері алты бірдей министрліктегі 8 комитетке төраға тағайындалмаған. Сондай-ақ, Қаржы министрлігінде 970, Ұлттық экономика министрлігінде 900-ден астам, Ауыл шаруашылығы министрлігінде 280 қызметке орын бар да, маман жоқ. Облыстық және аудандық әкімдіктердің де жағдайы осы тақылеттес. Меніңше, бос тұрған жұмыс орындарының көптігі, басшылардың жиі ауысуымен байланысты секілді. Демек, бұл мәселе жан-жақты зерделеп шығуды қажет етеді. Қазіргі жағдайға не себеп болды? Неге ол орындар бос тұр? Бәлкім, аталған министрліктердегі штатты қысқарту керек шығар. Сонда біраз қаражатты да үнемдеуге болады», – деді Президент Әкімшілігінің Басшысы.
Осылайша, мемлекеттілігіміздің айнасы болатын салаларға кадр даярлаудың жай-күйі мен оларды қызметке орналастырудың мәселесі және қызмет көрсетудің сапалық нәтижелері жан-жақты талқыланған кеңейтілген отырыс соңына қарай, агенттік төрағасы Қайрат Қожамжаров қорытынды сөз сөйледі. Ол мінберден айтылған сын-ескертпелер орынды екендігін, олқылықтардың орнын толтыру мақсатында тиісті тапсырмалар берілетіндігін айтты. Сондай-ақ, төраға сапалы қызметке қол жеткізудің бір тетігі – еңбекақы төлеу жүйесімен астасып жатқандығын да атап өтті.
«Мемлекеттік қызметкер өзіне жүктелген міндетті орындауына қарай, жалақысы әділ төленіп тұрса, ол жұмыс істеуге ықыласты болады. Ынталандырудың мұндай әдісі қай кезде болса да оң нәтижесін береді. Әсіресе, күнделікті атқарылатын міндет аясындағы әрбір әрекеттің стратегиялық маңызға айналатындығын бағалай білгеніміз жөн. Осындай оймен біз жыл басында әрбір қызметкерге жеке-жеке жылдық жоспар құру арқылы, олардың жұмыс істеу қабілет-қарымының орташа балдық көрсеткішін шығарған болатынбыз. Онда өзіне жүктелген жоспарды мемлекеттік қызметкерлердің 11 пайызы артығымен, 63 пайызы талапқа сай тиісті деңгейде, ал 26 пайызы қанағаттанарлық жағдайда орындайтындығы айқындалды. Бұл бағыт-бағдарды нақтылау жолындағы бағалау әдісінің болжалдық көрсеткіші болатын. Алайда, бұл әдіс жаппай қолданысқа енгізіліп, қызметкердің қабілет-қарымы соның нәтижесіне қарай нақтыланып, жалақы да соған сай төленуі тиіс дегенді білдірмейді. Қызметкерді бағалаудың мұндай жүйесі қажет екені сөзсіз десек те, оны осы қалпында қолданысқа енгізуге ертелеу», – деді Қайрат Пернешұлы.
Демек, жүзеге асырылып жатқан жаңашыл реформалардың түйінін мемлекеттік қызметкерлер жете түсінуі тиіс. Себебі, мемлекет енгізген тиімді тетіктерді қоғамның әрбір азаматына ұқтыру – қызметте отырған маманға тікелей байланысты болатындығы белгілі.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»