• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
02 Қараша, 2016

Құрғақ порттың қуаты

521 рет
көрсетілді

«Біздің экономика мөлшерін арттыруымыз, индустриялық-инно­ва­циялық даму бағдарламасын жетілдіруіміз мүмкін, алайда жүк тасымалынсыз ілгерілеу болмайды...» Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. «Әлемді ақша билейді» деген қағидат бар. Нақтырағы, адамдар осы түсінікке се­ніп өмір сүреді. Адамзат күн­тіз­­бесіндегі соңғы елу жылда әлемге мұнай өндіру мен ши­кізат сатудан түскен ақша үстем­дік етті. Жаһанда жердің күре­тамырын орып жіберіп, жыл­тыратып қара май ағызған өңір­дің жұлдызы жанды. Мұнай бұрғысы бар мемлекет пен меншік иесі «жарты құдай­дың» кейпіне енді. Жаңа заман­дағы жойқын билік пен жан­таласа жауласудың да себебі – мұнайлы өңірлерге деген ұмтылыстан басталды. Жер қыртысындағы табиғи байлық қорының көлемі көп­теген елдердің ұйқысын бұза­тын Қазақстан да әлемдегі мұ­найлы державалардың жуан ішіне енді. Біздің соңғы 20 жылдағы «қой үстіне боз­торғай жұмыртқалаған» кезең­дегі қамсыз тіршілігімізді мұ­най­­дан түскен қаржы қам­­та­ма­сыз етіп келді. Тек дүние­жүзілік экономикалық дағ­дарыстың екінші толқыны әлемнің әрі қарайғы дамуында мұнай өнеркәсібінің толыққанды «құтқарушы» бола алмайтынын ұқтырғандай. Демек, дүниежүзі үшін жаңа энергетикалық эволюция кезеңі есік қақты... Әлемдік экономиканы са­уық­тыру мен түрлендірудің мың сан жолдары іздестірілуде. Әр ел, әр мемлекет өзінше жол қарастыру үстінде. Ғылымы мен технологиясы дамыған елдер сутекті отын көзін өндіруге кі­рі­с­се, тағы бір бағытта табиғи түрден алынатын энергия өндіру дамып келеді. Бұл өндірісі мен экономикасы алдыңғы қатарда дамыған елдер үшін оң жамбасқа келетін әдіс екені анық. Ал дамушы елдер үшін шағын өндіріс көздері арқылы қалыптасқан нарықтан өз үлесін қарпып қалу қиындық тудыратыны тағы рас. Демек, үшінші бағыт ретінде ішкі мүмкіндіктерді қарастыру қажеттігі туады. Ал Қазақстанның жағдайында бұл бағытты дамытудың дайын жобасы бар. Мәселен, еліміздің транзиттік әлеуетінің шек­сіз мүмкіндіктерін тиімді пайдалану бізге аз жылдар­дан кейін-ақ мұнайдан түскен табысқа пара-пар болатын қаржы-қаражатқа қол жеткі­зу­ге мүмкіндік береді екен. Еуропа мен Азия арасын жал­ғай­тын негізгі жолдардың түй­іскен тұсында отырған ел үшін «велосипед» ойлап табудың қажеті жоқ та... Алматы облысы, Панфилов ауданының аймағында арнайы экономикалық аумақ құрылып, жұмысын бастағалы біршама уақыт болды. Бұл арнайы аумақтың басты міндеті – еліміздің Еуразия аймағындағы экспорттық-транзиттік әлеу­етін қалыптастырып, арт­­ты­ру болып табылады. Қа­зір Шы­ғыс­тағы алып ел – Қы­тай­­мен шекарада Еур­азия­лық құрлықтағы маңыз­ды екі ауқымды жоба жүзеге асы­рылуда. Бірі «Қорғас – Шы­ғыс қақпасы» арнайы эко­но­микалық аумағын құ­ру мен кешенді дамыту» деп ата­л­са, екіншісі «Қорғас» халық­аралық шекара ынымақ­тасты­ғы орталығын құру» жобасы. Жобаны осыдан бес жылдай бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі іске қосқан болатын. - Қытай біздің ірі серік­те­сіміз және елдеріміз арас­ын­дағы тауар айналымы ұдайы өсу­мен келеді. Бұл жоба­ның іске қосылуын біз қытай­лық әріптестерімізбен бірге ұзақ күттік. Ол Еуропа мен Азия арасындағы маңыз­ды көлік хабы болады. Тұтас­тай алғанда, «Қорғас» ха­лық­­­­аралық шекаралық ын­ты­мақ­­тастық орталығы Қазақ­стан­ның игілігіне қызмет ете­тін болады. Біздің экономика мөлшерін арттыруымыз, индустриялық-инновациялық да­му бағдарламасын жетіл­ді­руіміз мүмкін, алайда жүк тасымалынсыз ілгерілеу болмайды, – деген еді сол кезде Елбасы. Бүгінгі таңда екі жоба да қағаз жүзіндегі нысаннан нақ­ты табыс көзіне айналған стра­те­гиялық орталыққа айналып отыр. Жалпы, еліміздің жағырапиялық орналасуы әлемнің логистикалық картасынан ойып тұрып орын алуға мүмкіндік береді. Екінші жа­ғы­нан алғанда, шығыстағы қоң­сымыздың экономикалық қуаты мен өндірістік лидерлігі арқасында құрлықтардың назары Қазақстанға да жылы қарап тұр. Әсіресе, Еуропа елдері Қытайда жасалған өнім түрлеріне қол жеткізуге мүдделі. Бұған дейін теңіз айлақтары арқылы су жолымен немесе әуе тасымал­ы- ­м­ен жеткізілетін жүк көлемі   үшін жаңа жол ашылды. Мысалға, Қытай­дың батыс қақпасынан аттан­ған жүк су жолы арқылы Еуропа­ның орталығына жеткенше 40 тәулікке дейін уақыт жоғалтады екен. Немесе дәл осы жүкті ұшақ арқылы тасымалдау су жолына қарағанда 10 есеге қымбатқа түсетін көрі­не­ді. Ал Қорғастағы құрғақ порт жобасының іске қосылуы кәрі құрлыққа бағытталған жүк керуенін 15 күн ішінде жеткізуге мүмкіндік береді. Қытай елінің ресми стати­с­ти­ка­лық мәліметтеріне жүгін­сек, Бейжің мен Еуроодақ бағытындағы контейнерлік жүк көліктерінің саны 2020 жылға қарай жылына 5000  бірлікке немесе шамамен 500 мың ДФЭ-ге жететін болады. Бұл жердегі ДФЭ дегені­міз – жүк тасымалдайтын көлік құралдарының сыйымдылығын өлшеудің шарт­ты бірлігі, жиырма фунт­тық эквивалент. Биылғы жыл­дың аяғына дейін шамамен 95 мың ДФЭ-ге өткізу күтілуде. Салыстыру үшін қараңыз, 2011 жылы темір жолмен 1100 ДФЭ тасымалданған. Бұл – осы Шығыс қақпа ар­қылы жөнелтілген жүк. Айт­пақ­шы, көршілердің есебі бойынша, Ляньюньганнан Санкт-Петерборға дейінгі те­мір жол транзитінің жалпы уақыты 10 -13 күнге дейін, ал Ляньюньганнан Ыстанбұлға дейін 20-23 күнге дейінгі мерзімде орындалған. Және Шығыс Қытайдан Еуропаға дейінгі темір жол тасымалына кеткен уақыт 14-15 тәулікті құраған. Қорғастағы жүк тасымалын қам­тамасыз ететін «Khorgos Gateway» компаниясының бас директоры Карл Гейсен былай дейді: – Біз өзіміздің алғашқы операцияларымызды бастаған сәттен бері 70 мыңнан астам жүк тасымалдайтын көлік құ­рал­дарын жөнелттік. 2020 жыл­ға қарай біз контейнер айна­лымын 540 мың ДФЭ-ге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл өте маңызды, өйткені, Қазақстан әлемнің логистикалық картасының дәл орталығында дәл осындай көрсеткішті мақсат тұтып отыр... Құрғақ порттың көп бө­лі­гі темір жол жүк термина­лы мен логистикалық аймақ­қа арналған. Бұл өңірде көтер­ме сауда, өткізу, сақтау қой­ма­­лары орналасқандығын атап өтті. Олар ұлттық, ай­мақ­­тық, халықаралық сұ­ра­ныс­тарды қамтамасыз етеді. Индустриялық аймақта бір­қатар өндіріс орындары, ауыл шаруашылығы, тамақ өнер­кәсібі, жеңіл өнеркәсіп, тері - былғары шикізаты, машинақұрастыру мен құ­ры­лғы­ларын жасау нысандары да орналасатын болады. Қазіргі таңда құрғақ порттың индустриялық және логистикалық өңірінің құры­лысы аяқталуға жақын. Қытай шекарасында тағы бір ірі жоба – «Қорғас» халықаралық шекаралық серік­тестігі орталығы ком­мер­­ция­лық келісімдердің және шекаралық сауда опера­цияларының алаңына айналады, бизнес серіктестікті белсенді жүргізуге ықпал етеді. «Қорғас» ХШСО прези­д­енті Қаһарман Жазиннің айту­ын­ша, халықаралық шекара­лық сауданы дамыту, мәдени және ғылыми тәжірибе алмасу, ойын-сауық инфрақұрылымы қалыпты дамып келеді. Осы­ған байланысты орталық құры­лысының бас жоспарына және тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Сонымен қатар, ХШСО аума­ғына кіріп-шығуды рет­теу­­дің әдістемесі жасалып, қол жүктерін қабылдау қыз­метін жақсарту, орталыққа келу­шілерді бірыңғай төлем жүйе­сімен қамту көзделуде. Жалпы, «Қорғас» халық­аралық шекаралық серіктестігі орталығының құрылысы аяқталып жатыр, нысандар пайдалануға берілетін күн жақын. Орталық өз қызметіне 2018 жылы толық кірісетін болады. Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ