• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
03 Қараша, 2016

Қаллеки театрының қилы тарихы

616 рет
көрсетілді

(Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрына 25 жыл толуына орай) Алдан Смайыл, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы 1990 жылдың 10 мамырында Целиноград қаласында «Тіл және мәдениет» атты облыстық қазақ қоғамы құрылды да мен соның төрағасы болып сайландым. Қоғамның құрылуына ұйытқы болған азаматтармен, атап айтқанда, облыстық партия комитеті мен ауыл шаруашылығы басқармасының жауапты қызметкерлері Жеңіс Кәрібаев, Қанат Қалиевпен кеңесіп, негізгі міндет-мақсатымызды айқындадық. Қала мен облыстың тарихи атауын қайтару, қазақ мектептері мен балабақшаларын көбейту, ұлттық драма театрын ашу секілді бірнеше ірі шаралар белгіленді. Қоғамның төрағасы ретінде облыс басшысына кірейін, мақсат-мүддемізді айтайын деп ойладым. Алға қойған міндеттердің шешуі, түптеп келгенде, түгелдей соның ықылас-ниетіне тәуелді болған соң, ертерек кеңескен жөн. Ұмытпасам, мамырдың 20-сында обкомның бірінші хатшысы Андрей Георгиевич Браун өтінішім бойынша қабылдады. Атшаптырым кабинеттің төріндегі үстелде көйлекшең отыр екен. Орнынан тұрған жоқ, сәлеміме басын изеді де: – Айта беріңіз, – деді. Қоғам құрылғанын, ел жағалай қолдағанын, халықтың талап-тілегі бойынша осындай да осындай шараларды қолға алмақ болып, соған қам жасап жатқанымызды айттым. – Кешірерсіз, – деді ол. – Бұларыңыздың бәрі бүгіннің емес, келешектің ісі. Қала мен облыстың тарихи атауын қайтару жөніндегі мәселені алып қарайық. Жарайды, әділдік орнасын, менің қарсылығым жоқ. Бірақ өңір тұрғындарының басым көпшілігі бұл ұсынысты қолдамайды. «Целина» деген сөз тың игерушілер үшін қымбат сөз. Керек десеңіз, қасиетті сөз. Ал театрға келсек, оны ашуға тарихи дейміз бе, әлде мәдени-рухани дейміз бе, нақты әрі мәнді себеп керек. – Ондай себеп бар, – дедім. Қала мен облыста алғашқы қазақ драма үйірмелері мен тұңғыш қазақ театры қашан ашылғанын, қандай себеппен қай кезде жабылғанын кеңінен әңгімелеп бердім. Анығында бұл да бір қалың тарих. Таратып айтсам, Ақмола қаласында қазақ драма үйірмесі 1913 жылы құрылған. Оны ұйымдастырған – Абдолла Асылбеков, алғашқы қазақ публицистерінің бірі. Бізге жеткен деректер бойынша үйірме ұзақ жұмыс істемеген, Абдолла Торғайда басталған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысуға аттанады да тарайды. Өңірдегі театр өнерінің бұдан кейінгі тарихы Ақмола қаласымен тікелей байланысты. Шаһардың өткеніне қанық ел Сәкен Сейфуллиннің осында «1917 жылдың сәуірінде қоғамдық-саяси және мәдени мақсат көздеген «Жас қазақ» ұйымын құрғанын жақсы біледі. Бұл толысып келе жатқан талантты ақынның Шерубай-Нұраның бойындағы Бұғылы мектебін ашып, сонда бір жыл сабақ берген соң, Ақмолаға қоныс аударған кезі еді. Жүректегі жастық жалын, қанында бар қайраткерлік қасиет тыным таптырсын ба, қала өміріне ерекше жігермен белсене араласады. Қазақ жастарын төңірегіне топтастырып, рухани азаттық, ел мен жер еркіндігі жайлы айта бастайды. Сол екпінмен «Бақыт жолына» драмасын жазады. Міне осы пьесаны «Жас қазақтың» мүшелері 1918 жылы 1 мамыр мерекесінде қойған. Елдің сахна өнеріне деген осынша құштарлығы ақыры жемісін берді. 1919 жылы Ақмолада облыстық орыс-қазақ театры ашылды. Бұған осы уақыт аралығында «Тіршілік» газетін шығарып үлгерген Сәкеннің өзі де, жұртты дүр сілкіндірген алғашқы драмасы да айрықша ықпал еткен еді. Үшінші желтоқсанда шымылдығын ашқан осы алғашқы ресми театрдың тұрақты сахнасы болған жоқ. Әр жерге көшіп-қонып жүрді. 1923 жылы ғана Халық үйі деп аталған, музей т.б. мәдени ошақтар шоғырланған ғимаратқа орнықты. Арада жеті жыл өткенде бұл ғимарат өртенеді. Осыдан соң театр да жұмысын тоқтатқан. Ал халықты қилы заман-алапат соғыс күтіп тұр еді. Ер-азамат түгел майданға аттанды. Театр актерлерінің көбі бірге кетті. Ойын-сауықты осылай ұмытып, көңілі күпті болған ел 1942 жылы жау қолында қалған Ворошиловградтан көшіп келген театрдың қойылымдарына бара қоймады ма, әлде қала қаржыландырмады ма, тұрақтамай Махачкалаға кетеді. Келесі 1943 жылы облыс басшылығы күтпеген жерден бұрынғы орыс-қазақ театрын қайта ашады. Қолайлы үй де табылады. Төңкеріске дейін қыздар семинариясы болған ғимарат биіктетіліп қайта салынады да театрға басы бүтін беріледі. Уақыт зымырап өтіп жатты. Қырғын соғыс та жеңіспен аяқталды. Ел етек-жеңін жинап, бейбіт өмірдің шуағына бөлене бастады. Ер-азаматы майданнан есен-сау оралған шаңырақтар шалқар теңіздей шалқыса, қара қағаз алған қам көңіл ошақтар елдің амандығын дәтке қуат етті. Ән алаңсыз айтылып, күй күрсініссіз шертіліп, театр да жаңа жайдары кезеңге бейімделіп жатқан-ды. Күтпеген жерден қазақ тобын жабу туралы қаулы қабылданады. Себебі – ол өзін өзі қаржылық жағынан ақтамаған көрінеді. Шындығында бұл құрғақ сылтау болатын. Бюджеттен қаржы бөлінбей тек өзі тапқан ақшамен күн көрген театр болған емес, әлі күнге жоқ. Коммунистік режим соғыста жеңіске жеткен соң соған дейін қылыштың жүзімен жүргізілген нәсілдік алалау саясатын қайта тірілткен-ді. Ұлт тілі, ұлттық мәдениет пен тарихқа мылтықсыз майдан ашылған. Өңірдегі қазақ сахна өнері ұзақ уақыт бір тұрып, бір сүрініп ақыры құрып тынса, орыс театры дәуірлеп келе жатқан-ды. Сол 1955 жылы оған пролетариат жазушыларының сардары Максим Горький есімі беріліп, қазіргі ғимаратқа біржола орнықты. 1909 жылы Ақмола уезі құрылып, қала басқармасының бастығы ірі кәсіпкер С.Кубрин семинарияға арнап салдырған бұл үй театрға лайықталып күрделі жөндеуден өткізілді, Мәскеу мен басқа да қалалардан сахна шеберлері шақырылды, барлық керек-жарақ табылды. Қазақ театры, міне осындай шырғалаңды бастан кешірген-ді. – Түсінікті, – деді Андрей Георгиевич, – ақша таппады деген сылтаумен қасақана жабылған қазақ театрын қайта ашу керек. Солай ма? – Иә. Дәл солай. – Негізінде бұл мәселемен облыстық атқару комитеті айналысуға тиіс. Сондағыларға кеңес түрінде айтайын. Зерттесін, кесіп-пішсін. Көңіл көншітпейтін әңгіме осымен бітті. Ертеңіне қоғам басқармасының мүшелерін жайнадым. Обкомның екі хатшысында болған әңгімені талқылап, Андрей Георгиевичке баратын ақсақалдардың тізімін жасадық та олармен сол жерде хабарластық. Бірі келісті, бірі сылтауратты. Іріктей келе, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, облыстық «Коммунизм нұры» газетінің бас редакторы, аға буын ғалымдар, «Тіл және мәдениет» қоғамының басшылары бар топ құрылды. Арада аптадан астам уақыт өтті. Обкомда күнде жиын, күнде кеңес. Сөйтіп жүргенде республикалық қоғам құрылады, ұйымдастыру жиыны өтеді. Оған облыстардан өкілдер қатысады деп Алматыға шақыртты. Жасақтаған тобымызды Браун мен сол жақта жүргенде қабылдапты. «Облыстық атқару комитетіне бұрын да айтқанмын, тағы да айтамын» – деп қайтарған. Осыдан кейін кешікпей Браунға барған топты атқару комитеті төрағасының орынбасары Раушан Қанапиянова шақырды. Жақсылық шығар деп желіп жеттік. – Қазіргі жағдайды білесіздер, – деп бастады ол әңгімені. – Қиын күндерді бастан кешіріп жатырмыз. Осындай кезде театр ашу ауырға соғатын түрі бар. Одан да республикадағы қазақ театрларын жиі шақырып тұрайық. Басқа да ұлттық өнер ошақтары жеткілікті, олар да келеді. – Жоқ, – дедік жапатармағай. – Бізге төл театр керек. Егер мәселені өздерің шешпейтін болсаңдар, Алматыға барамыз. Бізде басқа амал қалған жоқ. Обкомның бірінші хатшысы нақты тапсырма бермегені осыдан белгілі болды. Не істейміз, оған тағы да сұранамыз ба деп жүргенде Қайсар Омаров шақырды. Әлгі әңгімені Андрей Георгиевич естігенін, ойлана келе Қайриден Кәрібаевқа қазақ қоғамының ұсынысын қолдайтынын айтқанын жеткізді. – Театрдың ендігі тағдыры соның қолында, – деді. Осы тұста облыстық атқару комитетінің төрағасы болған Қайриден Кәрібаев Ақмола өңірінің азаматы еді. Бұған дейін Атбасар, Теңіз секілді ірі аудандарды басқарған қазақнамайы адам. Дұрыс шешім қабылдар және көпке созбас дедік. Анығында солай болды да. 1990 жылғы 28-шілдеде облыстық атқару комитетінің облыстық қазақ музыкалы-драма театрын құру туралы шешімі шықты. Сол шақта облыстық атқару комитетінде кадрлық ауыс-түйіс те болды. Раушан Қанапиянова Мәскеуге оқуға кетіп, орнына Сайлау Байболов келді. Бұл азаматты біраздан білетінмін. Ұланғайыр қазақ даласының шежірелі өңірлерінің бірі Ерейментауда туып өскен. Аймақтың тарихынан мол хабары бар, басшылық қызметте ысылған ұлтжанды адам. Ол қажет кезімізде шақырып жүріп, театрдың барлық шаруасын ың-шыңсыз тындырып жатты. Ал жұмыс көп еді. Өнер шаңырағына үй керек, құрал-жабдық керек, басшы керек... Сол күндері Сайлауға Жамбылбек есімді театр маманы шығып, өзін бас режиссерлікке ұсыныпты. Ұмытпасам қостанайлық-ау деймін. Мен бұл орынға Қарағандыдағы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық драма театрының бас режиссері Жақып Омаров лайық дедім. Ол ойлана келе келісті. Бұл таңдаудың өзіндік себебі бар еді. Қарағанды мен Ақмоланың арасы жақын. Жақып актерлерін ертіп жыл сайын келетін. Театры жоқ қала қазағы үшін олардың әр сапары мереке. Қойылымдарына халық аткөпір жиналады. Бірде Ақан сері мен Ақтоқтының, бірде Шоқанның, енді бірде Зәурештің тағдырына күйіп-жанады. Міне, осылай көрші шаһар театрына бауыр басқан едік. Рамазан, Сердеш, Қайрат, Шәміл, Кеңес секілді актерлердің тума талант екені көрініп тұратын. Алдыңғы үшеуі әнге де жүйрік. Шындығын айтқанда Жақыпқа солар үшін де тоқтағам. Сайлаудың келісімін алған соң Қарағандыға хабарластым. Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық драма театры бас режиссерінің қабылдау бөлмесіне қоңырау шалғам. – Жақаң бүгінде бізде жұмыс істемейді, – деді телефон тұтқасын көтерген әйел. – Қызметін ауыстырған ба? – Иә. – Қазір қайда? – Алматыдағы Әуезов атындағы театрда. Ол жақ Шымкентке сілтеді. Шымкенттің театрындағылар оның жұмыста ұдайы отыра бермейтінін, репетициясы болса ғана келетінін айтты. Телефонын сұрап едім, жеке кабинеті жоқ деді. Содан өзімнің мекен-жайымды айтып, сәлемімді жеткізуді өтіндім. Жақып ертеңіне хабарласты. Ақмолада театр ашылғанын естігенде: – Мен тез жетейін, – деді. – Келесіз, егер біздің бір шартымызды орындасаңыз, – дедім. – Қандай? – Қарағанды театрының маңдайалды актерлерін алып келесіз. – Ол жақтан кетіп едім... Сөйлесейін. Арада үш күн өткенде тағы да қоңыраулатты. – Мен Целиноградтың теміржол вокзалында тұрмын. Жұмыс орының қай жерде? – деді. – Таба алмассыз, өзім барайын, – дедім таң қалып. Ол дәл осылай ескертусіз жетіп келеді деп ойлаған жоқ едім. Сол күні үйде кең отырып сөйлестік. Қарағандыдан неге кеткенін сұраған жоқпын, өзі айтпады. Әңгіменің ұзына бойында осы сапарында Ақмолаға орнығатындығына сеніп келгенін аңғартумен болды. Облыс пен қала басшыларына жолықтыруымды өтінді. Мен әлгі шартты тағы да есіне салдым. – Қарағандыға барыңыз, Рамазандармен сөйлесіңіз, бізге келуге көндіріңіз, – дедім. Ертеңіне сол жаққа жүріп кетті де, арада екі күн салып оралды. – Шартың орындалады, айтқан актерлерің түгел келеді, – деді сеніммен. Уәде – құдай сөзі, айтқанымызда тұрдық, театрдың бас режиссері болып тағайындалды. Іске қызу кірісті. Сайлау Байболов арқылы шаруасын сәтті тындырып жатты. Қаланың орта тұсындағы ертеректе салынған екі ғимараттың бірі жатақхана, екіншісі шеберхана түрінде берілді. Осыдан кейін Қарағандыдағы актерлер де келе бастады. Оларға уақыт өте келе 15 пәтер берілді. Жақып төрт бөлмелі үйге кірді. Көңілі осылай жайланған Жақып Мәдениет министрлігі Целиноград облыстық атқару комитетінің оны бас режиссер етіп тағайындау жөніндегі шешімін бекітуі керек болып, Алматыға кеткен-ді. Үйге келіп кешкі тамақ ішіп отырғанда телефон шырылдады. Қоңыраулатып тұрған сол екен. – Алдан, – деді абыржып. – Министрліктің коллегиясынан өте алмадым. Қолдау сұрап барған адамдарымнан қайран болмады. Не істейміз? Мен не істей алушы едім, министрлікте тамыр-танысым жоқ. Оны басқарып отырған Қанат Саудабаев өмірімде көрмеген адамым. Орынбасарларының кім екенін де білмеймін. Жақыпқа соны айтып едім, шарылдап қоя берді. – Қайткен күнде де бір амалын табуымыз керек. Браунға айтқызсаң, министрлік илігер еді, – деп қолайсыз қолқа салды. Обкомның бірінші хатшысына мұндай өтініш айту әбестік. – Оған бара алмаймын, – дедім. – Сонда менің далада қалғаным ба? – деп күйінді Жақып. – Алматыдағы бірге оқыған жігіттермен сөйлесейін, соңыра хабарласыңыз, – деп зорға тоқтаттым. Біраздан соң ақын Нұрлан Оразалинге телефон соқтым. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бірге бітіргенбіз. Бес жыл жұбымыз жазылған жоқ. Сағат Әшімбаев, Әшірбек Көпішев, Сайлау Жұмабеков, Әділбек Тауасаров бәріміз тонның ішкі бауындай біте қайнасып кетіп едік. Нұрлан үйінде екен. – Жайшылық па, – деді, – түн ішінде қоңыраулатып жатсың ғой. Жақыптың хабарласқанын, Мәдениет министрлігінің коллегиясынан өтпей қалғанын айттым. – Сен былай істе, – деді Нұрлан. – Жақып Алматыда аялдай тұрсын. Мен мән-жайды білейін. Ақ тер, көк тер болып театр ашып жатырсыңдар ғой, қолымнан келгенін жасаймын. Тек оған менімен сөйлескеніңді, болған әңгімені айтпа. Хабарын өзім беремін. Арада үш күндей уақыт өтті. Жақып жиі қоңыраулатады. «Тоса тұрыңыз» – деймін. Сөйтіп жүргенде Нұрлан да хабарласты-ау. – Мәселесін шештім. Коллегия мүшелерінің бетін бері қараттым, – деді. Бұдан өзге сөз қозғаған жоқ. Министрлік неге қырын қарағанын айтпады. «Оңайға түспеді» – деді де қойды. – Рахмет! – дедім. – Талай табалдырықты тоздырған шығарсың. Алла разы болсын! * * * Жақып қалаға келген соң хабарласқан жоқ, өзім іздедім. – Театрға Октябрь кинотеатрын алыңдар деп жатыр. Бірге барып көрейік, – дедім. Сол жерде кездестік. Алматы сапары жайлы ләм-мим демеді. Облыстық, қалалық атқару комитеттерінің өкілдері, «Тіл және мәдениет» қоғамының басқарма мүшелері Қанат Қалиев пен Жеңіс Кәрібаевтарды тостық та, олар келген соң ішке кірдік. Салынғанына отыз-қырық жылдан асқан ғимарат тозыпты. Көрермендер залының едені сықыр-сықыр етеді. Орындықтар да ескірген. Сахнаның жағдайы да осындай. Қызмет бөлмелері қараңғы әрі салқын. Жақып ұзақ аралап: – Күрделі жөндеуден өткізсе, жарап қалар, – деді. – Мұны бастан-аяқ жөндеуге қаржы табылғанша, құрылыс жұмыстары біткенше қай заман?! – деді Жеңіс. – Басқа не бар, жоғарғы жақпен әлі де ақылдасайық. Бәріміз осыған тоқтап Сайлау Байболовқа келдік. – Орталықтағы театрға лайық үй осы ғана, – деді ол. – Ыңғайы келетін тағы бір ғимарат бар, «Шолпан» кинотеатры, ол шет жақта. – Теміржолшылар сарайы ше? – деді Қанат. – Ол да тозған, әрі орталықтан алыс, – деп Жеңіс қарсы болды. Облыстық атқару комитетінің қазақ театрын ашу жөніндегі шешімі шыққаннан кейін қоғам басқармасының осы жеңісімізге арналған отырысында оған қай үй қолайлы деген сөз қозғалып, көкейге бір ой ұялап еді: Әлі күнге ішімде жүрген. Естіген ол: «Мынаның дені дұрыс па?!» – дей ме деп тартына бергем! Соны осы жерде айтуға бекіндім. Қолында билігі де, ықпалы да бар комитет төрағасының орынбасары не дейді екен, көрейін. – «Октябрь», «Шолпан», Теміржолшылар сарайы деп басты қатырмайық. Театрға қаланың қақ ортасындағы қалалық партия комитетінің үйін алып берейік. Бәрі жалт қарады. – Ал керек болса, – деді Сайлау. – Жығылсаң нардан жығыл. Дұрыс, – деді Қанат. – Осы ой көкейге қонғаннан кейін сонда барып арнайы қарадым. Екі жүзден астам адамдық акт залы, оның ортан қол сахнасы бар, қызмет кабинеттері жеткілікті. Ең бастысы жаңа, сыңғырлап тұр, – дедім. – Оны мен де білемін, – деді Сайлау. – Қалалық партия комитетін орнынан қалай қозғайсыздар? – Бұл ғимарат әуелде қалалық халықтың бақылау комитетіне арналып салынған. Партия комитеті соны көшіріп, жіберіп кірген болатын. Оған дейін қазіргі ауыл шаруашылығы басқармасының ғимаратында отырды. Сонда қайта барсын, – дедім. Осы күндерге бүгінгі шау тартқан кездің көзімен қарасам, жалындап жанып жүріппіз ғой. Болмасты болдырыппыз, тынбасты тындырыппыз. Ақыры біздің талабымыз қанағаттандырылды. Бірақ оңайға соққан жоқ. Қалалық партия комитетінің сол тұстағы бірінші хатшысы Осипенко: – Целиноградта он жеті мың коммунист бар. Соларды ереуілге шығарсам да кеңсені босатпаймын! – деп тіресіп бақты. Оған қазаққа жүрегі жібімейтін, әуелден қаны қас әсіре коммунистер жұлқына қосылды. Горький атындағы орыс драма театрына кіріптар етпек болды. «Сонда барсын. Анда-санда бір спектакль қойса жетіп жатыр» – деп шулады. Бірақ ояна бастаған елдің алдында ақыры тізе бүкті. Сол шақта хан сарайындай көрінетін, шаһардың кіндік тұсындағы жаңа ғимаратқа қазақ театры салтанатпен кірді. * * * Орындалған ұлттық мұраттың қуанышы шексіз ғой, шалқып жүрдік. Театр ұжымы да іске айрықша құлшыныспен кірісті. Аттай қалап алған актерлеріміз Рамазан, Сердеш, Қайрат, Шәміл және басқалары Жастар ауданы жақтан жайлы пәтер алып, құстай ұшып жүрді. Ел алғашқы спектакльге асықты. Аяңдап ол күн де жетті. 1991 жылғы 15 қарашада театр шымылдығын Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» драмасымен ашты. Бұл күндері «Тіл және мәдениет» қоғамы тағы бір аса маңызды шарамен қызу айналысып жатқан. Ақмола қаласы мен облыстың тарихи атын қайтару үшін халықтан қол жинап, көбіне аудандарда жүрдік. Бір жағы Павлодармен шектесетін Сілеті, Ереймен, екінші қиыры Қостанаймен қапталдас Атбасар, солтүстігі Көкшемен қоныстас Бұланды, аралап шығу оңай емес. Осылай ат үстінде жүргенде арада бақандай екі жылдың өтіп кеткенін аңғармаппыз. Қала мен өңірдің байырғы атауы қайтқан 1993 жылы Алматыдан Мәдениет министрлігінің орынбасары Әшірбек Сығай келді. «Театрда отыр, елді жинап жатыр. Сізді де шақырды» деген соң бардық. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Светлана Жалмағанбетова да сонда екен. Қаладағы зиялы қауым өкілдері де жүр. Шақырылғандардың бас-аяғы жиналған соң көрермендер залына барып жайғастық. Әшірбек қызметін, Ақмолаға қандай өтініш-тапсырмамен келгенін айтты. Театрға Қалибек Қуанышбаевтың атын беруді ұсынды. Біз Ілияс Есенберлинге тоқтап жүргенімізді айттық. Министрліктің рухтарды осылай текетірестіріп қойғанына ренжідік. Исі қазақ қадірлейтін Қалекеңді қалай кеудеден итересің?! Барша халық құрметтейтін Ілекеңді қалай шеттетесің?! Алайда, айттым бітті дегізетін билік жоқ. Театрға Қалыбек Қуанышбаевтың есімі берілетін болды, бірақ бір шартпен. Көрнекті актердің 100 жылдығы құрметіне Жақып және белді актерлер марапатталуы керек. Әшірбек солай болатындығына сендірді. Солай болды да. Бүгінде осындай қилы тарихы бар театрға 25 жыл толып отыр. Заман да, ел де өзгерді. Ақмола астанаға, театр елордалық сахна ошағына айналды. Оның ендігі баянын кейінгі толқын жазып жатыр.