• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
03 Қараша, 2016

Жаңа емхана бой көтерді

419 рет
көрсетілді

Меркі ауылының тұрғындары жаңа емхана салу мәселесін көптен бері көтеріп жүрген-ді. Тіпті «Орталық ауруханамыз аудан орталығының бір жағында, емханамыз екінші басында. Арасы алыс. Оның үстіне емханамыз ескі, әбден тозған. Емделушілерге қолайсыз. Ауданымызда жаңа емхана салу­ға көмектессеңіз» деп, Меркі ауданына іс­сапармен келген Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевқа да айтқан болатын. «Бірінші байлық – денсаулық» деген, бұл мәселе шынында өте өзекті екенін облыс әкімі де аңғарса керек. Көп ұзамай Меркі ауда­нының орталығында жаңа ғимараттың құрылысы басталып та кетті. Міне, өткен аптада Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығына орай осынау 250 орындық жаңа емхана пайдалануға берілді. – Еліміз тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде денсаулық саласына үлкен көңіл бөлінді, – дейді Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев. –  Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі өсіп, 2005 жылы – 9,2 млрд. теңге бөлінсе, 2016 жылы 40 млрд. теңге бөлінді, яғни 4,4 есеге өсті. Жамбыл облысы бойынша «100 мектеп, 100 аурухана салу» жобасы шеңберінде құны 18,8 млрд. теңгеге 6 денсаулық сақтау нысандарының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Одан бөлек 25 жаңа амбулатория, фельдшерлік пункт халық игілігіне тапсырылды.  Мұның бәрі облыс тұрғындарының денсаулығын жақсарту мен өміршеңдік деңгейін арттыруға бағытталып отыр. Жаңа емхана барлық талаптарға сай келеді. Бір мезгілде 250 адамның ем қабылдауына мүмкіндік беретін жаңа ғимаратқа 579 478 мың теңгеге қажетті медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. – Жасым 70-тен асты, еңбек ардагерімін, – дейді Меркі ауылының тұрғыны Дәуіт Қа­дырханов. – Ауданымызда дәл осындай сән-салтанаты жарасқан жаңа емхананың ашылғанына өте қуаныштымын. Бұл біз сияқты қарттарға да жасалған қамқорлық деп ойлаймын. Біздің жас кезімізде мұндай әсем ғимараттар, озық үлгілі құрылғылар жоқтың қасы еді. Енді міне, бәрі қолжетімді. Әрине, осының бәрі еліміздің дамып, өркендеп келе жатқандығының, Тәуелсіздігіміздің арқасы. Бар мүмкіндікті жасап жатқан Елбасымызға алғысым шексіз. Жобалық-сметалық құны 1 миллиард 750 миллион теңгені құраған орталық емхана елдің сұранысы бойынша аудандық ауру­хананың жанынан, «Меркі» шипажайына барар жолдың бойынан бой көтерді. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы Суретті түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ