• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Қараша, 2016

Мемлекеттің көмегімен ақша жинаңыз, ата-ана!

369 рет
көрсетілді

Әрбір ата-ана өз баласын биіктен көргісі келеді. Мектепке барған бала тұрмақ, әлі туылмаған баласын «балам өскенде ғалым не дәрігер, ұшқыш болса екен» деп армандайтын ата-аналар бар. Бұл тек қазаққа ғана тән емес. Әлемдегі барлық  ата-ана өз баласының бақытты болашағын көзге елестетеді, көңілге түйеді. Сол үшін күні-түні тынбай еңбектенеді.  Сөйтіп жүргенде әлгі балалардың да мектепті бітіретін, үлкен өмірге жолдама алатын шағы келеді. Сонда айлығы шайлығынан артылмайтын кейбір отбасылардың арманы күл-талқан болмай ма? Әйтсе де мемлекет ұсынып отырған бір жол бар екені әрбір ата-ананың қаперінде болуы тиіс. Қоғамымыздың әрбір мүшесінің толыққанды білім алып, өмір көшіне іле­се алуы үшін мемлекет ұсынып отыр­ған жол – баланың оқуына ақшаны ерте бастан жинау жолы. 2013 жылы Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттік білім беру жинақтау ­жүйе­сі туралы» Заңға қол қойды. Заң күшіне енг­ен соң елімізде Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі өз жұмысын бастады. Атап өтер жайт, еліміз ТМД аумағында осы жүйені тұңғыш болып ен­гіз­ді. Еуропа, Америка, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде бұл жүйе табысты жұмыс істеуде. Олардың ішінде кейбір мемлекеттерде бұл салымдарды салықтан жеңіл­дік жасаумен, түрлі субсидиялар­мен марапаттап отырады. Мысалы, Латвияда ата-аналар балаларының бола­шағы үшін арнайы депозит ашып, қаржы жинайды. Ал оны мемлекет халықтың табыс салығын өздеріне қайтару арқылы марапаттайды. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі бойынша Қазақстан Респу­бли­ка­сының кез келген азаматы өзіне, не баласының атына ұзақ мерзімді жи­нақ­тау сал­­ы­мын ашып, оны әрі қарай баланың өз еліміз ішінде немесе шет елдерде кәсіби-техникалық не жоғары оқу орнына, сондай-ақ, магистратураға оқуға түсуіне пайдалана алады. Бұл салымға жыл сайынғы банк сыйақысы мен мемлекеттік сыйақы үстемеленіп отырады. Білім беру жинақтау салымы­ның бас­қа депозиттерден ерекшелігі, оның қар­­жылық түсімінің жоғарылығын­да. Ол жыл сайын 19-21 пайызды құрайды. Жинақтау салымының бір­егейлігі – мұнда жыл сайынғы банк сыйақысы 14 пайызды құраса, 5-7 пайызға дейінгі сыйлықақы мемлекет тарапынан көтер­ме­ленеді. Тү­сін­діре кетер болсақ, мем­­ле­кет та­ра­пынан белгіленген жыл сайын­ғы 5 пайыз сыйлықақы еліміздің бар­лық санаттағы азаматтары үшін, ал 7 пайыздық сыйлықақы жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оның ішінде кәмелет жасқа толған балалар (23 жасқа дей­ін), мүгедектер, төрт немесе одан да көпбалалы отбасыдан шыққан балалар мен аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға арналған. Ерекше атап өтер жайт, бұл жинақтау салымы тек білім алу мақсатына ғана ашылады. Егер салымшы ақшаны жинап алған соң басқа мақсат көздейтін болса, мемлекет тарапынан ешқандай сыйақы берілмейді. Мемлекеттік білім беру жинақтау салы­мын ашу үшін еліміздің кез кел­ген азаматы осы жүйеге қатысушы банк­тер­дің біріне барып, өзінің немесе бала­сының атына салым ашудың шарттарын талқылайды. Тек талқылап қана қой­май, сол мезетте-ақ салым ашуына да бо­ла­ды. Неге десеңіз, білім беру салымын ашу­да көп құжат жинаудың қажеті жоқ. Білім беру жинақтау салымы баланың атына ашылса да, ата-ананың бірінің атына ашылса да баланың туу туралы куәлігі немесе паспорты немесе ата-ананың жеке куәлігі не паспорты қажет. Салым ашушы да өзінің қаржылық мүмкіндігіне қарай ақша салуына құқылы. Сондай-ақ, кез келген салымшының алғашқы жарнасы не салымы – 3 айлық есептік көрсеткіштен (6 363 теңге) төмен емес. Ал «Халық банкінде» – 15 мың теңге болуы шарт. Жоғарыда мемлекет тарапынан жыл сайын үстемеленетін сыйақы туралы айттық. Ол жиырма жылға дейін есептелген. Одан әрі төленбейді. Бұл сыйақының тағы бір артықшылығы – бұған жеке табыс салығы салынбайды. Сондай-ақ, кез келген салымшы­ның қаржысын жинақтау уақыты үш жылдан кем болмауы тиіс. Егер ата-ана өз баласының оқуына қажетті соманы жинай алмай қалған жағдайда, бірақ, кемінде оқу ақысының жар­тысы жиналған болса, Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының 100 пайыз кепілдігімен банктен несие ала алады. Кейде білім беру жинақтау салымына ақша жинап жатқан бала мемлекеттік грант иегері атанатын да жағдай болуы ықтимал. Мұндайда салымшы өзіне тиесілі қаржыны қалай жұмсаймын десе де ықтиярлы. Сондай-ақ, ақылы оқуға түскен баласы үшін салымшы банк пен ЖОО арасында келісімшарт жасасып, банк салымшы есебінен білім беру ұйымына қаржыны тікелей жөнелте алады. Оқу ақысын төлеп болған соң да, салымшы есебінде ақша қалған болса, салымшы оны қалай пайдаланамын десе де өзі біледі. Салымшы өз атына не баласының атына ашылған білім беру жинақтау салымына ақша құю мерзімін және қанша ақша құятынын өзі анықтайды. Бұл дегеніміз, салымшының өзіне ыңғайлы уақытта, ыңғайлы жерде, кез келген қалада (салым ашқан банктің филиалдары бар жерлер) ақша құю мүмкіндігі бар дегенді білдіреді. Сондай-ақ, оның депозитін үшінші жақ – тұлға да толтыра алады. Ал енді оқырмандарда Мемлекеттік білім беру жинақтау салымын қандай банктерде ашуға мүмкіндік бар дейтін сауал туындауы мүмкін. Бұл орайда айтарымыз Қазақстан Республика­сы Білім және ғылым министрлі­гі­не қарасты «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы операторлық жа­сап отырған бұл бағдарламаға қатысушы банктер әзірге үшеу ғана. Олар – «Халық Банкі» АҚ, «Нұрбанк» АҚ және «Цеснабанк» АҚ. Бұған қоса бұл банктердегі салымшылардың депозиттері 10 миллион теңгеге дейін Депозиттерді кепілден­діру қорымен кепілдендірілген. Әрине, бұл күнде қоғамымызда банк­тен несие алу үрдісі белең алып тұр. Кез келген жағдайда несие алатын азаматтар кейіннен сол ақшаны үстеме ақысымен қоса қайтарады. Ал, Мемлекеттік білім беру жинақтау салымын ашудың бір пайдасы – үстемені азаматтарға банк пен мемлекет қоса береді. Салымды ашқан кез келген ата-ана баласының оқуы үшін ғана ақша жинап қоймайды. Өзін қамқор ата-ана ретінде де сезінеді деп ойлаймыз. Балалары да болашаққа сеніммен қарайды. Өйткені жандарында қамқоры бар. Қорғаны бар. Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»