Ішкі істер органдарының хабарларында орден, медальдардың қолды болатыны жөнінде жиі айтылып жатады. Етіміз үйреніп қалған ба, бас шайқаймыз да қоямыз. Әйткенмен, мына бір жағдайға бас шайқай салуға әсте болмайтындай.
Қарттар айлығының соңғы күндерінде Көкшетау қаласының 76 жастағы тұрғыны жергілікті ішкі істер басқармасына шағымданып, «Еңбек ардагері» медалінің жоғалғанын хабарлаған. Полицейлер жедел іске кірісіп, тиісті амал-шараларды тиянақты атқаруы нәтижесінде, ұрлықшы анықталып, қылмыстық кодекстің 188-бап, 2-бөлімімен жауапқа тартылды.
Күдікті кім дейсіз ғой? Сылдырмаққа құмар жасөспірім емес, сол зейнеткер ананың 44 жастағы баласы екен. Тексеріс барысында медальдің өткен шілде айында жоғалғаны анықталған. Ең сұмдығы, әлгі «қарасақал» медальді бар-жоғы бір жарты араққа айырбастап жіберіпті. Енді полиция қызметкерлері арзан медальді ала салған азаматты іздеп әуреге түсуде. Баласы мұндай қадамға бара қояды деп ойламаған қария енді арызын қайтып алғысы келетін көрінеді.
Ана жүрегін түсінуге болады. Бірақ, бұл жерде өкініш ұғымының өзгеше сипаты бар деп ойлаймыз. Біріншіден, келтірілген шығын 20 мың теңгеге бағаланыпты. Тура мағынасында айтсақ, бұл медальға ешқандай баға қоя алмайсыз. Мұның астарында еліміздегі бүкіл ардақтыларымыздың ұзақ жылдарғы абыройлы еңбегінің қымбат қорытындысы, қуанышты күндерінің ұмытылмас жетегі бар.
Ақмола облысы