• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
04 Қараша, 2016

Азат Перуашевтың жаңа кітабы шықты

408 рет
көрсетілді

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінде «Ақ жол» партиясының төрағасы, аталған партияның Мәжілістегі фракциясының жетекшісі Азат Перуашевтың «Пікірталасты экономика» атты жинағының тұсаукесері өтті. Партия жетекшісі өзінің жаңа жинағында 2011-2015 жылдар аралығындағы жазбаларын, бұқаралық ақпарат құралдарына берген мақалалары мен сұхбаттарын топтастырыпты. Ұлттық университетте өткен кі­тап тұсаукесерінде философия және сая­саттану, экономика, тарих, заң фа­культеттерінің студент­тері саясат­кердің жаңа жинағына қызығушылық танытты. Алдымен тұсаукесерде саясатта өз пікірін соңына дейін қорғай алатын мемлекетшіл азаматтың жаңа кітабы жастарға қандай пайдасы бар, болашақ мамандарға бағдары бар ма деген сауалға жауап ізделді. Еліміздегі үш бірдей универси­теттің профессоры болып табылатын автордың «Пікірталасты экономика» кітабына негізінен нарықтық реформалардың жайы, жеке бизнесті дамыту мен қорғаудың жолдары өзек болған. Осы тұрғыдан алғанда тәуелсіздікті бекемдеу мен ұлттық мүдделерді алға жылжытуға да мүд­делі экономика көздеген мақсатқа қандай демократиялық тетіктер арқылы қол жеткізуге болатыны  жинақта жет­кілікті баяндалады. Сол сияқты автордың Парламент отырыстарындағы кәсіби тұрғыдағы көзқарастары мен шешендіктің үлгі­сіндей баяндамалары талай пікір­таласқа қозғау салды. Кітаптағы пікір қара­ма-қайшылықтары, либе­ралдық  құндылықтарға қызмет ету үлгілері – мемлекеттің қалыптасуы мен заманауи Қазақстанның эконо­микалық үдеріс жолдарын оқып жатқан студенттер үшін де, саяси партиялардың шежіресі үшін де қызықты болғаны сөзсіз. Сондықтан да бизнестің де жайын меңгерген, сая­сатты да бес саусағындай білетін ав­торға университет студенттері ғана емес, оқы­тушылары тарапынан да сұрақтар мен ұсыныстар көп болды. Кітаптың тұсаукесерінде сөз алған­дардың ішінде «Пікір­та­ласты экономика» кітабын оқып, талқы­лауға дайын келгендер табылды. Мәселен, университеттің халық­аралық қатынастар фа­куль­тетінің профессоры Мәлік Ауған кітапта жарияланған мате­риал­­­­дардың қай-қайсысы да өзекті дейді. Оның ойынша, жаңа жинақтың ерек­шелігі, Парламенттің ішкі өмірін де өрнектейді. Сол сияқты саясаттағы кіші партиялардың атқаратын рөлі, қосып жатқан үлесі аз емес десек, оның дәлелі де қолымыздағы осы жинақ деді тарих ғылымдарының докторы Мәлік Әлшіоразұлы. Кітап тұсаукесерінде универси­теттің тарих факультетінің профессоры Аман­жол Қалыш,  философия факультетінің профессоры Гүлжиһан Нұрышева өз пікірлерін ортаға салды. Мәселен, Гүлжиһан Жұмабайқызы кітапқа ғана қатысты емес, автордың адам ретіндегі де жастарға өнеге болатындай, өзі сырттай сыралғы жақсы қасиетін мысалға келтіргені жастар үшін үлгі сөз еді. Кездесу соңына қарай университет студенттері саясат пен эконо­микаға, әлеуметтік жұмыскерлердің беделін көтеруге, шағын және орта бизнесті дамытуға, жастардың мемлекеттік қызметке келуіне байланы­сты сан қырлы сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. Сол сияқты неге жастар саяси партияларға мүше болуға асықпайды сынды сұрақтар талқыланды. Жаңа кітаптың алдағы күндері еліміздің басқа аймақтарындағы жоға­ры оқу орындарының студент­тері арасында тұсакесері өтіп, талқы­ланбақ. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ