Астанада Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердің есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі құзыретті органдары басшыларының қатысуымен Үйлестіру кеңесінің 18-отырысы өтті. Оған ҰҚШҰ Хатшылығының өкілдері мен Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстан елдерінің есірткіге қарсы ведомстволарының мамандары шақырылды.
Жиынға жетекшілік еткен Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов мұндай басқосу нәтижесінде, әріптестік байланыстар мен практикалық деңгейде тұрақты әрі іскерлік ынтымақтастық қалыптастыруда таптырмас аура болатындығын атап өтті. «Әсіресе, жедел ақпарат алмаса отырып, ауқымды және аумақтық шұғыл іздестіру шараларын өткізу кезінде өзара іс-қимыл жасасуға зор мүмкіндіктер береді. Мысалы, ҰҚШҰ қолдауымен жыл сайын «Арна» жедел-профилактикалық шарасын ұтымды ұйымдастырудың арқасында біз Қазақстан бойынша орта есеппен 3 мыңға жуық есірткі қылмысын әшкерелеп отырмыз. Олардың жалпы жиынтық көрсеткіші 30 тонна есірткі заттары мен 150 келі героинды құрайды», деді Қ.Қасымов.
Басқосудағы талқылау барысында соңғы жылдары шегуге арналған түрлі қоспалар мен спайстардың да белең алып бара жатқаны айтылды. Осы мәселеге қатысты өз ойын білдірген Ресей Ішкі істер министрінің орынбасары Игор Зубов психотроптық тауарлардың жаңа түрін танып-білуде құқық қорғау органдары әккі қылмыскерлерден кейін жүретіндігін мәлімдеді. Осы орайда, аталған мәселеге қатысты Ұйым мүшелері қыркүйекте Санкт-Петербург қаласында маңызды шешімдер қабылдағанын да айта кетейік. Ішкі істер министрлері кеңесінің отырысында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімге бірқатар сәйкес түзетулер енгізілді.
Жиында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердегі есірткі ахуалының өзгеруіндегі негізгі үрдістерін талдау мен айқындауға, келер жылы осы жағдайдың қандай боларын болжауға байланысты бірқатар өзекті мәселелер де талқыланды. Жалпы, мамандардың барлығы да осындай басқосулар арқылы есірткіге қарсы күресте күш біріктіргенді құп көреді.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»