• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
14 Қараша, 2016

Мәди Айымбетов шығармашылығындағы ел суреттері

1551 рет
көрсетілді

Жазушы – өз заманының рухани төлқұжаты, куәгері әрі әділ таразысы десек, прозашы Мәди Айымбетов шығармаларында тоқырау жылдарындағы, қоғам өміріндегі, шіркін-ай, асылдардың қор болып, сұмдық-ай, арсыздардың, масылдардың зор болып, тағдыр талқысына, тіршілік-тұрмыс қыспағына, тырнақтылардың мазағы мен тәлкегіне қалып, тозақтың отына жазықсыз қақталған, еңбегі еш қарапайым кіршіксіз жандардың аянышты жағдайы, сонымен қатар, адам өмірі мен болмыстың ара-қатынасы, халықтық жаны, рухы, таным-түсінігі, көзқарасы, ізгілік қағидаттары, шынайы мөлдірлікпен сипатталған. Оның повестері мен әңгімелерінде сомдалған бітім-болмысы ірі, тұтастай кейіпкерлер галереясына терең үңілсек, тарихи дәуірдің бір сырын, шындығын шертетін табиғилығымен, шындығымен, рухани кемелдігімен, ішкі жан дүниесінің тазалығымен, қара жердің киелі қасиеттерін, ата-баба өсиеттерін мейлінше ұғынықты өрнектеуімен сүйсіндіріп қызықтырады. Мұның негізгі себептері, шарттары - заман мен қоғамның алуан-алуан түрліше құбылыстарын, оқиға-ситуацияларын кәнігі тамыршыдай дөп басып, дәл айқындап сипаттап, халықтың көркемдік ойлау дәстүрі мен стилін мықтап сақтап, қисынын келтіріп әңгімелеуінде, яғни әңгімелеу өнерін жетік, терең меңгеруінде дер едік. Жазушы Мәди Айымбетовтың «Тылсым» атты повесі – өмір жолы, тағдыр жолы, ізгілік жолы туралы жыр мен сыр. Адам баласына деген сүйіспеншіліктің, мейірбандықтың, мейірімнің құрдымға кеткен бір уақытында, «құйрық сорып борсық жүрген, түлкі мырза жортып жүрген» кезеңде «ақсүйектерге» кіріптар болған, «қаратабан» атанған, жоқшылықтың, жұмыссыздықтың шырмауығына шырмалған Нұрсүйін мен Күнімсаяның бір-біріне деген «ақкөйлек адалдығын», оттай ыстық махаббатын, кісілік пен ізгілік қасиеттерін мөлдіретіп жеткізеді. Көңілі жарасқан бозбала мен бойжеткеннің нәзік сезімін жазушы суреткерлік шеберлікпен: «Күнімсаяның тән-бойын шымыр-шымыр ұйытып, бүткіл жан дүниесін, болмысын таңғажайып өзгеріске түсірді. Бұл құбылыстың аналық өзегіне байланған қызулы тіршілік түзілісінің», «еміс-еміс қытықшыл жыбыр құрсағында еміс-еміс біліне бастаған тіршіліктің сыртқы дүниеге өз болмысынан түзіле бастаған құйттай жаратылыстың лүп-лүп еткен тылсымын Ай кемеліне келіп толысқан осы аппақ, нұрлы, жарық түнде ішкі жан-дүние сезімдерімен елжірей сезінді» - деп суреттейді. Расында, прозаның өзінде поэзия бар. Және де Нұрсүйіннің рэкеттердің қолынан қапияда мерт болуы, жас ана Күнімсаяның жесір қалуы, сондай-ақ әкесіз сәбидің тағдыры – шығарма мазмұнын айқындайды. «Аспан асты, Жер үсті» дейтін повесіндегі әрбір кейіпкер – бір әлем. Әрбір образдың шыншыл сыры жарқын түрде көрініс тапқан, атап айтсақ, «тәуелділікпен күн кешкен», «ақ пен қараның ара-жігі байқалмайтын осы көгілдір де сұрғылт ортаның адамдары», «қырыс қабақ тағдыр» иесі дарынды суретші Мұнар, «сұрқылтай қасиеттердің жиынтығы» құзғын, сұм, алаяқ ауқатты кәсіпкер Далдабай, сылқым келіншек Ақсәулені балдызым деп, Далдабайға қосқан арамза, пасық Бәжен, рэкетші Фарха, күзетші Осип бейнелері өздеріне лайық ерекшеліктермен бейнеленген. Повестің бас кейіпкері Мұнардың маскүнемдікке салынуы, 93-ші статьямен сотталуы, түрмеде Тобамен (Паханмен) достасуы, рақымшылық жасалатындардың тізіміне ілінуі, жаманатты болғандықтан суретшілер одағына қайтадан қабылданбауы, сасық байлықтың иесі Фарханың тұзағына түсуі, құлша өмір сүруі, Фарханың үйінің өртенуі, Мұнар туындатқан «Көгілдір бір әлем» атанған картиналардың отқа орануы, сонан соң Далдабайдың күзетшісі болуы, оның сәнді сарайының қабырғаларын алуан түрлі суреттермен безендіруі, Мұнарды кезбе қаңғыбастардың бірі деп есептеуі, бірде теледидарда Мұнар туралы бағдарламаны Ақсәуленің көруі және оның Мұнарға айтқан ақылы, тоқетері, азаптың неше атасын көрген, көнген Мұнардың терісіне сыймай бұғауға көнбей Далдабайдан бастап баршасын моншаның кіреберісіне қамап құлыптап, Ақсәулеге мықтап күзетуі үшін қаһарлы сұсты мінезбен пистолетін ұстатып, қапастан қашып шығуы – осының әрқайсысы бір-бір сурет, кейіпкер эволюциясы. «Аспан асты, Жер үсті» повесінде арсыздардың ісі, әлеуметтік дағдарыстар, жекешелендіру жайы, қоғам кейпі айшықты бедерленеді. Автордың жаратушылық энергиясы, көркемдік дүниетану шеберлігі, халық тіліне майталмандығы, әңгімелеуде майын тамызып баяндайтындығы «Құмөзектің Дон Кихоты» деген повесінде толық паш етіледі. Өйткені, ел ішінде алуан түрлі мінез-құлыққа, дағды-машыққа, қимыл-әрекетке ие жандардың бары мәлім. Соның бірі – қорықшы Оспанқұл. Бұл – тумысынан әпенді. Өз шаруасын әбден білген, байыз тауып үйінде отырмайды, жүрек жалғап, жедеқабыл бурылына қонып, айдаладағы қара судың қап-қара жондарымен судың бетін тіліп, шүпірлеп, иір-иір құжынап қайнаған балығын және адыраспанның қалың алқабын ми қайнатар ыстықта «Ай астында орылған адыраспан киелім, аластат үй ішінен лас пен күйені! Айдың нұрын сіңірген адыраспан киелім, аластат пәле-жаладан, көзден, тілден, және де! Адыраспан киелім!» деген дұға-дуалық мақаммен әндете айтылған сарындар сүйегіне сіңгендіктен, о жағынан бір, бұ жағынан бір шығып, қарауылдайды. «Е, бәз қалпында, есен-түгел екен» деп, көңілі жайланып орнығады. Ол осы маңның шалғынына да қожа. Жекешелендіру дегенге де бүтіндей қарсы. Көк құнажын уызы туралы әңгіме де қызықты. Негізінде, қорықшы Оспанқұл әпенді болса да, Алланың жаратқан жер-суына, ата-қонысқа деген жанашырлығы қанға біткен қасиет деу абзал. Мәди Айымбетов халық өнерпаздарының хиқаяшылдық, әңгімешілдік дәстүр рухын сақтағандықтан ба, қазақтың жалпы халықтық тілдік қорын (әрі әдеби тілін) меңгергендіктен бе, дала мен ел өміріне, табиғат құбылыстарына етене жақындықтан ба, әлде әдеби-мәдени, тарихи-әлеуметтік ортасының әсерлерінен бе, «Алабай-дода», «Өмір ойыны» тәрізді қызықты хиқаяттарында суреткерлік қолтаңбасы, баяндау шеберлігі, көркемдік ойлау жүйесі, өмір-танытқыштығы, тағдыранықтағыштығы, сезімталдық қабілет-көзқарасы, авторлық ұстанымы айқын таңбаланады. Мәселен, «Алабай-дода» хиқаятында өмір күресінің мағынасына бойлаймыз. Алабай тұқымдас төбеттердің, жойқын бір қандыауыздың тегеурінді сес-айбаты, серпінді қимылы мен әрекеті алапат. Оқтай атылған, өршеленіп жұлқынған, айқас-шайқасы мен әдіс-айласы ғаламат. Азуы қайрақтай күрескер Алабай мен Дүрдің тарихи жеңістері көз алдымыздан өтеді. Алабайдың иесі – кәсіпкер Керім, Дүрдің иесі – Дүйшенәлі. Данқты Алабайды қаһармандық өнерге баптаған Апанас еңбегі де шырайлы хиқаяттың өзегі. Хиқаятта жекешелендіру тұсындағы күрделі қайшылықтар мен дүрдараздықтар рет-ретімен нақты көрсетіледі. «Өмір ойыны» хиқаятында жұмыссыздық, берекесіздік жайлаған, атажұртын қиып күнкөріс үшін үдере көшкен ел өміріндегі, адам тағдырындағы шым-шытырық қайшылықтар мен дағдарыстарды жазушы Мәди Айымбетов гөй-гөйлете, селдете сөйлетеді. Мұны хиқая кейіпкері Танакөздің тағдыры негізінде келістіре баяндайды. Танакөздің монологтарында әйел затының мәңгілік құпиясына, ғашықтық сырларына қанықтырады. Автор бұл орайда нәзік психологиялық көңіл-күйлерді кестелеп сөйлеткен сезім жыршысы секілді. Және де характерді танытуда диалогтарды ұтымды қолданады. Деректілік, көркемділік, халықтық тіл өрнектерімен өзгешеленетін «Дүние-керуен» шығармасы аттың жалында, атанның қомында «дала малды асырайды, мал адамды асырайды» дейтін қастерлі қағаиданы ұран ғып тіршілік еткен Еуразияның көсілген кеңістігінде кәсіби бақташылықпен, сұлу жаратылыстың құшағында табиғаттың тамыршысындай көрегендік өнегесімен айрықшаланған тізбек-тізбек заманалар көшінде қайсарлықпен, көнбістікпен алға басқан жанкешті жұртының тұрмыс-ахуалын, «тарихи көне мезгілдердің бейнелі елес-жаңғырығын», ежелгі ұбақ-шұбақ көш суреттерін, сыбызғы мен қобыз үніндегі ғасырлардың сарынын кей ретте ойға, қиялға қондырып, жарыстыра, салыстыра отырып әсерлеп те, мәнерлеп баян етеді. Туындыда парасатты, әділетті, еңбекшіл, жарқын тұлға Жұбан Айжарықов, ақылы, білігі, тәжірибесі кемел сұңғыла қарттар Сейсен мен Исалы, Үстірттің тұңғиық шежірелі тарихының жүйрік білгірі, құдықшы Ілияс, малсақ Исалы, Тұрыш ишанның мешіті мен медресесін тас-талқан ғып бұздырған, қарақасқа бұла айғырды Мүсірәлінің дара ауыз мылтығымен атып өлтірген, қайыс кеуде, қызылкөз дүлей аупартком хатшысы Алданыш Жарылғасов (және ол Исалының келіні, соғысқа кеткен Қуанның жары Сағиланың «адал тәнін күнәһәрлықпен еріксіз ластаған») – әрқайсысы өздеріне лайықты көркемдік шындықпен көрініс тапқан. Қаламгердің «Ақша бұлтқа айналған Таңкөрік», «Бозқараған гүлдегенде», «Сырлы зерен», «Құлан-елес», «Сезім синдромы», «Тамұқтан оралған бейкүнә», «Арнасаздың көпірі» және т.с.с. әңгімелерінде өмір, тұрмыс-тіршілік, ой-қиял, көңіл, сөз суреттері, мән-мағынасы бай символдық рәміздер, оқиғалар, құбылыстар, әсерлі көріністер, трагедиялық әуендер, көркемдік бейнелеу мен ойлау ерекшелігін көрсететін психологиялар иірімдер, ішкі монологтың үздік үлгілері, пластикалық шынайы сөз саптау, әрбір кейіпкердің сөйлеу мәнері бар, көркемдік нақыш жеткілікті. Кей-кейде нұсқалы тәмсілдермен ойын тұздықтап, шығарманың көркемдік келісімін үстемелеп отырады. Сонымен қатар жазушының портрет-эсселерінде қайраткер Қасым Тәукетегінің, әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиұлының, ақындар Меңдекеш Сатыбалдиев пен Есенбай Дүйсенбайұлының шығармашылығы жөніндегі ой-толғаныстарына ортақтасасың. Жинақтай айтқанда, Мәди Айымбетов шығармалары – ел суреттерінің көрмесі деуге лайық. Жеті белесті артқа тастаған көркем сөз шеберіне кемелдік биігіне бет алып өрлей беріңіз дегіміз келеді. Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  филология ғылымдарының докторы, профессор