Тәуелсіздік алған жиырма бес жыл ішінде егемен еліміз адам құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ мүгедектердің мүддесін қорғауға байланысты нақты жетістіктерге жетті. Оның айқын көрінісі – Орал қаласының шетінде орналасқан «Круглоозерный психоневрологиялық медициналық әлеуметтік мекемесі».
2010 жылдан бастап мекемеде әлеуметтік бағытта көптеген штат ашылып, олар табысты қызмет көрсетіп келеді. Мамандар сегіз бағыт бойынша жұмыс атқарады. Атап айтсақ, әлеуметтік медициналық бағыттың мақсаты – қамқорлыққа алынған адамдардың денсаулық жағдайын, емдік іс-шаралардың уақтылы әрі сапалы болуын бақылау. Ал әлеуметтік психологиялық бағытта жұмыс істейтін мамандар емделушілерге психологиялық қолдау көрсетеді, олардың қажеттілігін анықтап, қоғам өміріне кірігуіне көмектеседі, психологиялық факторлармен түсінік береді. Әлеуметтік білім беру бағытының мақсаты – емделушілердің дамуына көмек көрсету, оларды спорттық сайыстарға қатыстырып, ойындар мен сабақтар өткізу. Әлеуметтік мәдени бағыт бойынша әртүрлі мерекелік шаралар, ойын-сауық ұйымдастырылады. Әлеуметтік тұрмыстық бағыттағы мамандардың негізгі мақсаты – емделушілердің тұрмыстық жағдайының дұрыс болуын қадағалау, олардың күтімі, емі мен дамуына байланысты туған-туысқандарына кеңес беру. Ал, әлеуметтік еңбек бағытының пайдасы өте жоғары. Оны «еңбек терапиясы» деп те атайды. Қамқорлыққа алынған адамдар тігін цехында, шеберханаларда еңбекке дағдыланады. Әлеуметтік құқықтық бағыт бойынша жұмыс істейтін мамандар құқықтық кепілдіктер туралы кеңес береді.
Әлеуметтік-экономикалық бағыттағы мамандар бүгінгі нарықтық қатынастар мен демократиялық қоғамның қағидалары мен еңбек қызметіне, өндіріске экономикалық талдау жасайды.
Осы сегіз бағыт бойынша әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандардың жетістіктері де жоқ емес. Қамқорлыққа алынған адамдарды уақтылы скрининг әдісі арқылы тексеріп, қатерлі аурулардың бастапқы кезеңінде емдеп, өмір жасын ұзартуға сеп болған мамандар да бар. Еңбек терапиясы бойынша тігін цехында жұмыс істеп, шеберлігімен көзге түсіп, мақтау қағаздарына ие болып жүрген Аякөз Кенжетаева, ағаштан түрлі мүсін жасайтын Жәдіге Баймұханов, мәдени шараларға қатысып, әуелете ән салып, жүлдегерлер сапынан көрініп жүрген Қарашаш Сарбаева мекеменің мақтаныштары. Қамқорлыққа алынған адамдар еңбекке дағдылану, өз қолдарымен бау-бақша, гүл отырғызу арқылы өздерінің қоғамға қажет екенін сезінеді, жақсы адамдардың жанында жүргенін түйсінеді.
Әрине, осының бәрі мекеме директоры Қайреден Жақсығұловтың ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында мүмкін болып отыр. Оның орынбасары Әсем Данағұлова да жұмыстың жай-жапсарын жақсы білетін мықты маман. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға бейімделуі жолында Асылбек Қадырбеков, Майра Хайранова және басқа да мамандардың қосқан үлесі зор.
Болғанай БЕКМАШЕВА
Батыс Қазақстан облысы