• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
16 Қараша, 2016

Ең жақсы ем – еңбек терапиясы

986 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік алған жиыр­ма бес жыл ішінде егемен еліміз адам құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ мүгедектердің мүддесін қорғауға байланысты нақты жетістіктерге жетті. Оның айқын көрінісі – Орал қала­сының шетінде орна­ласқан «Круглоозерный психо­невро­логиялық меди­циналық әлеуметтік мекемесі». 2010 жылдан бастап мекемеде әлеуметтік бағытта көп­теген штат ашылып, олар табысты қызмет көрсетіп келеді. Мамандар сегіз бағыт бойынша жұмыс атқарады. Атап айтсақ, әлеуметтік медициналық ба­ғыттың мақсаты – қам­қор­лыққа алынған адам­дардың денсаулық жағдайын, емдік іс-шаралардың уақтылы әрі сапалы болуын бақылау. Ал әлеуметтік пси­хологиялық бағытта жұмыс істейтін мамандар емде­лу­ші­лерге пси­хологиялық қол­дау көр­сетеді, олардың қа­жет­ті­лігін анықтап, қоғам өмі­ріне кірі­гуіне көмектеседі, пси­хологиялық факторлармен түсі­нік береді. Әлеуметтік білім беру бағытының мақсаты – ем­делушілердің дамуы­на көмек көр­сету, оларды спорт­тық сайыс­тарға қатыс­тырып, ойын­дар мен сабақтар өткізу. Әлеуметтік мәдени ба­ғыт бойынша әртүрлі мере­келік шаралар, ойын-сауық ұйым­дастырылады. Әлеуметтік тұрмыстық бағыттағы маман­дардың негізгі мақсаты – ем­де­лушілердің тұрмыстық жағ­дайының дұрыс болуын қа­дағалау, олардың күтімі, емі мен дамуына байланысты туған-туысқандарына кеңес беру. Ал, әлеуметтік еңбек бағытының пайдасы өте жоғары. Оны «ең­бек терапиясы» деп те атайды. Қамқорлыққа алынған адамдар тігін цехында, шеберханаларда еңбекке дағдыланады. Әлеуметтік құқықтық бағыт бойынша жұмыс істейтін мамандар құқықтық кепілдіктер туралы кеңес береді. Әлеуметтік-экономикалық бағыттағы мамандар бүгінгі на­рықтық қатынастар мен демо­кратиялық қоғамның қағи­далары мен еңбек қызметіне, өндіріске экономикалық талдау жасайды. Осы сегіз бағыт бойынша әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандардың жетістіктері де жоқ емес. Қамқорлыққа алынған адамдарды уақтылы скрининг әдісі арқылы тексеріп, қатерлі аурулардың бастапқы кезеңінде емдеп, өмір жасын ұзартуға сеп болған мамандар да бар. Еңбек терапиясы бойынша тігін цехында жұмыс істеп, шеберлігімен көзге түсіп, мақтау қағаздарына ие болып жүрген Аякөз Кен­жетаева, ағаштан түрлі мүсін жасайтын Жәдіге Баймұханов, мәдени шараларға қатысып, әуелете ән салып, жүлдегерлер сапынан көрініп жүрген Қара­шаш Сарбаева мекеменің мақ­таныштары. Қамқорлыққа алы­нған адамдар еңбекке дағ­дылану, өз қолдарымен бау-бақша, гүл отырғызу арқылы өздерінің қоғамға қажет екенін сезінеді, жақсы адамдардың жанында жүргенін түйсінеді. Әрине, осының бәрі ме­кеме директоры Қайре­ден Жақ­сы­ғұловтың ұйымдастыру­шылық қабілетінің арқасында мүмкін болып отыр. Оның орынбасары Әсем Данағұлова да жұмыстың жай-жапсарын жақсы білетін мықты маман. Мүмкіндігі шек­­теулі жан­дардың қоғамға бейім­делуі жо­лында Асылбек Қадыр­беков, Май­ра Хайранова және басқа да мамандардың қосқан үлесі зор. Болғанай БЕКМАШЕВА   Батыс Қазақстан облысы