Орал қаласында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның 80 жасқа толуына орай ұйымдастырылған ақын қыз-келіншектер мүшәйрасы мәреге жетті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Отан», «Құрмет» ордендерінің иегері, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы Ақұштап Бақтыгерейқызының 80 жылдық мерейтойы өңірде кешенді шаралар аясында өтіп жатыр.
- Бүгінгі мүшәйра Ақ Жайықтың ақ шағаласы атанған Ақұштап апамыздың шығармашылығын жан-жақты насихаттау, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатындаұйымдастырылған еді. Мүшәйраға онның үстінде ақын қыздардың өлеңі түсті. Соның ішінен төрт ақынды іріктеп, финалдық кезеңге шығардық, - дейді қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, жазушы, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі Бауыржан Ғұбайдуллин.
Жыр жарысын өткізуге облыстық қоғамдық даму басқармасы, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы қолдау білдірсе, ұйымдастыру жұмыстарын Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы, «Темір бүркіт» жастар қоғамдық бірлестігі, Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілдігі атқарған.
Ақындар сахнаға шығып, әуелі мерейтой иесіне арналған шығармаларын, сосын өз таңдауы бойынша бір өлең оқып берді. Қазылар алқасының шешімімен оралдық ақын қыз Жанерке Ғинаят мүшәйраның жеңімпазы атанды. Екінші орынды Айзада Бақытжанова иеленсе, Қаратөбе ауданының атынан шыққан Гүлім Болатжанова мен Бөкей Ордасынан келген Гүлзада Жаулыбаева үшінші орынды бөлісті. Жеңімпаздардың бәріне ақшалай сыйлық сертификаты берілді.
Кеште Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақынЕртай Бимұханов пен Мәрлен Ғилымхан да сахнаға шығып, жаңа өлеңдерін ортаға салды.
Өңірде Ақұштап Бақтыгерееваның 80 жас мерейтойына орай салтанатты шаралар шоғыры жалғасып. 10 қазан күні Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылында, ақынның туған жерінде Әдебиетшілер үйі ашылса, аудан орталығы Теректі ауылында «Ақ Жайыққа жыр арнағым келеді» атты шығармашылық кеш өтті.