• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
18 Қараша, 2016

Академияның асқаралы асуы

270 рет
көрсетілді

Жақында Алматыдағы «Ғылым ордасының» «Ғылым сардарлары» клубында Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдық мерейтойына және көрнекті ғалым, Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик, Қазақстан Республикасы Халықаралық жоғары мектеп академиясының, Халықаралық инженерлік академиясының және Нью-Йорк академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Жұрыновтың ғылыми шығармашылығына арналған кезекті салтанатты отырыс өтті. Мерекелік іс-шараға еліміздің жетекші ғалым­да­ры мен ҰҒА академиктері, ғылыми-зерттеу ин­ституттарының жетекшілері, ЖОО ректорлары мен профессорлары, жас ғалымдар қатысты. Салтанатты шара аясында «Ғылым ордасының» ұйым­дастыруымен Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдық мерейтойына арналған фото-көрме сал­танат­ты түрде ашылды. «Ғылым ордасы» мем­ле­кет­тік кәсіпорнының бас директоры Бауыржан Төлтаев пен академик Мұрат Жұрынов көрме лентасын қиды. Көрмеде отандық ғылымның даму кезеңдері бойынша фотолар ұсынылды: Академияның құрылу кезеңінен үзінділер, оның алғашқы мүшелері,  Ұлттық Ғылым академиясының бірінші президенті, ғылыми-зерттеу институттарының алғашқы басшыла­ры, Ұлттық ғылым академиясының академиктері деген тақырыптарда фотолар қойылған. Сонымен қа­тар, Ұлттық ғылым академиясының 70 жыл­дық мерейтойына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме қазақ ғылымының 70 жылда қол жеткен жетістіктерін дәріптеді. Елдің рухын асқақтатар ұйымның бұл мерейтойы ғылым саласындағы талай жетістігімізді айқара ашып көрсететін айтулы күн екені рас. Салтанат соңы ән мен күйге ұласты. Күмбірлеген күй мен мың бұралған би соны аңғартса керек. Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ