Бүгін Астана қаласынадағы Балалар кітапханасында белгілі қаламгер, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанболат Башардың «Қабір үстіндегі зұлмат» деп аталатын жаңа кітабының тұсаукесері өтті.
Шараны мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы кіріспе сөзбен ашып, автордың шығармашылық жолы туралы және жарық көріп отырған жаңа туынды жайлы көшелі пікірлер айтты.
Сондай ақ, салтанатты жиында Еуразия Ұлттық универсиетінің профессоры, белгілі ғалым, жазушы Серік Негимов, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Абзал Бөкен, әдебиеттанушы Айгүл Кемелбаева, жазушы Қайырбек Сәдуақасов, Астана қаласы әкімдігінің тіл басқармасының төрағасы Тілеуғали Қышқашбаев, журналист Қамбар Ахметов, ақын Ілияс Мұқай сөз сөйлеп Жанболат Башардың жаңа туындысы туралы ой пікірлерімен бөлісті.
Жанболат Башардың соңғы уақыттарда жазған «Қабір үстіндегі зұлмат» атты әдеби шығармасында, отызыншы жылдары қазақ халқының басына төнген қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарының жантөзгісіз азабы, зұлмат жылдардағы халықтың қайғы-қасіреті суреттелген. Кеңестік дәуірдің отызыншы жылдарында болған саяси озбырлыққа қарсылық көрсеткен көтерілістер қаза жерінде аз болмаған. Соның бірі - Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы аймағында, ел ішінде «уық көтерілісі» деп аталып кеткен, Тоқырауын көтерілісі. Бұл туралы кезінде ештеңе жазылмады, айтылмады. Еліміз тәуелсіздік алған соң шындықтың беті ашылып, көнекөз қарияларымыз там-тұмдап айтып, естеліктер жаза бастады. Автор сол бір зұлмат жылдарды шығарма өзегіне айналдырып, елдің еңсесін езген саяси озбырлыққа қарсылық жасаған Жабайдың Сәдуақасы сынды ел азаматтарының ақырып атқа қонуы, ел басына түскен аштық нәубетінің жантөзгісіз қасіреті, шынайы суреттеліп, оқырманды бейжай қалдырмайды. Сонымен бірге, кітапқа жазушының соңғы уақытта жазған әңгіме хикаяттары енген. «Пері мен Періште, «Айғана», «Аңшының ажалы», «Үрей», «Соғыстан қалған сыз» тағы басқа бүгінгі күннің өмір өрнегін қаузайтын жаңа туындылары бар.