• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2016

Тәуелсіздік туралы толғау

927 рет
көрсетілді

Енді аз уақыттан кейін жылдың ең үлкен мерекесі – Қазақ елінің Тәуелсіздік күнін тойлаймыз. Ұлық мейрамға Ұлы Даланың дайындығы ерекше. Әсіресе, ақпарат саласының әзірлеген тартулары жұртшылыққа осынау күннің маңызын айқындай түскендей. Тарих қойнауында қаншама жылдар, жеткен жетістіктер мен бағындырған белестер жатыр. Тәуелсіз елдің 25 жылда жүріп өткен жолы кейбіреулерге үлгі болса, кейбіреулер үшін қызыға да, қызғана да қарайтын дара жолға айналды. Ширек ғасырда Қазақстан дербес мемлекет ретінде аяғын нық басып, жан-жағындағы алпауыт елдерді өзіне қарата білді. Экономика, саясат, мәдениет пен өнер, ғылым мен білім, спорт салаларындағы табыстарымызды мақтанышпен айтар уақыт келді. Сол себепті «Хабар» арнасы Тәуелсіздік мере­кесіне тарту ретінде «Пай-пай, 25» жобасын ұсынған болатын. Қазан айының басында эфирге шыққан бағдарламада жұрт­шылық біле бермейтін мә­ліметтер, қызықты оқиғалар мен тағылымды әңгімелер айтылды. Сондай-ақ, әуезді ән мен күмбірлеген күй де хабардың ажарын аша түскендей. «Жоба бары­сында көп нәрсе айтылды, әлі айтылады да. Өйткені, Тәуелсіздік жылдарындағы жетіс­тіктерді енді ғана жиырма беске келген немесе мектеп жасындағы жеткіншектерге айту, сонымен қатар, ересектердің есіне салу – бағдарламаның алға қойған міндеті. Тәуелсіз елдің ұланы болып дүниеге келген жас ұрпаққа бұл соншалықты маңызды та­қырып болмауы мүмкін. Өйт­кені, олардың өмірі азат елде бас­талды, дүниеге шыр етіп кел­геннен бастап Қазақстанның төлқұжатын алып, төл теңгемізді ұстады. Дегенмен, олар бос­тандықтың қалай келгенін, осы биікке жеткенге дейінгі ауыр жолды білуі, қадіріне жетуі керек. Ал егемендіктің тарихи маңызын ұғындыру біздің, ақпарат саласы қызметкерлерінің борышы», – дейді «Пай-пай, 25» жобасының сарапшысы Қымбат Досжан. Жобаның әр саны «Тұң­ғыштар», «Серпіліс», «Ұмтылыс», «Ынтымақ», «Тәуекел» сынды тақырыптарға арналып, тәуелсіз Қазақстанның тарихын жасаған, тәуелсіз Қазақстанның атын шығаруға атсалысқан тұлғалар қонақ болады. Мемлекетіміз үшін аса маңызды күндер, жылдар сөз болып, келген меймандар тәуелсіздік жылдарына саяхат жасайды, сырларымен бөліседі. Сондай бағдарламалардың бірінде Ұлттық банктің алғашқы төрағасы Ғалым Байназарұлы ұлт­тық валютамыз – теңгенің айналымға қалай енгені туралы: «Кеңес үкіметі ыдыраған соң эко­номикалық дағдарыс салдары­нан барлық саладағы баға 50 есеге дейін қымбаттап кет­ті. Елбасының тапсырмасымен бәрін зерттеп, дағдарыстан шығар жол – төл валютамызды енгізу деген шешімге келдік. Бізге өте құпия тапсырма берілді. Себебі, ол кезде Қазақстан әлі рубльдік аймақта еді. Теңге туралы тіпті, Парламент пен Үкімет те білген жоқ. Сол кездегі Жоғарғы Кеңес депутаттары «Ұлттық банк қайда қарап отыр?» деп бізді күнде сынап, мәлімдемелер жасайтын. Ал біз оны алдын ала айтсақ, рубльді аймақта болғандықтан, заң бұзған болып есептеліп, қоғамда үлкен толқу болып, ел үлкен шығынға батар еді», деп әңгімелеп берген еді. Ел есін жиып, еңсесін түзеп, жан-жағы­на қарай бастаған уақыттағы жеңістеріміз ха­лықта мақтаныш туғызатын. Әсіресе, Сидней, Лондон олим­пиадаларындағы жетістіктер әлі күнге дейін ел аузында. Хабарлардың бірінде Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ыбырайымов қазақ боксшыларының жеңісімен қоса, Олимпиада чемпионы, ма­рқұм Бекзат Саттарханов жөнінде естеліктерімен бөліскен болатын. «Бекзат финалға бір күн қалғанда маған келіп, «Аға, маған майкаңызды бересіз бе, рингке сіздің майкаңызбен шықсам деп едім», деді. Мен «әлі жеңген жоқпын ғой» дегенде, «мен сезіп тұрмын, сіз чемпион боласыз» деді. Егер байқасаңыздар сол кезде Бекзаттың майкасының арты байланған болатын. Енді, менің майкам оған үлкен болды ғой. Бекзаттың сол сөзі маған да қуат берді. Інім маған сеніп, сіз жеңесіз деп тұрса, менің жеңілгенім жарамас еді», деп сағымға айналған сәттерді еске алды Ермахан Ыбы­райымов. Яғни, студияға келген адамдардың әр сөзі бізді сонау жылдарға алып барып, кешегі мен бүгінгі күнді салыстыруға, өткенге сағынышпен қарап, келешектен үміт күттіреді. Жобаның негізгі мақсаты да осы – ғасырлар бойы ұлан-байтақ жеріміздің тұтастығы үшін күрескен ата-бабамыздың ерлігін, көк аспан астында еркін самғау жолында талай қиындықты жеңген еліміздің түбінде бостандыққа жол жеткізгенін ұмыттырмау. Тәуелсіз елдің тарихына қа­тыс­ты хабарды әр жексенбі 22.00-де «Хабар» арнасынан көріңіздер.   Гүлнұр ӨТЖАНҚЫЗЫ