Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2030» даму стратегиясында еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде үлкен саяси міндет қойған болатын. Онда сол міндеттің орындалуы мемлекеттік егемендікті сақтаудың, аумақтың тұтастығы және шекараның мызғымастығын тиянақтаудың кепілі ретінде көрсетілген. Сондықтан да 25 жыл ішінде еліміздің қол жеткізген ұлан-ғайыр табыстарының бірі ел аумағының тұтастығын бекіткен әрі оны мызғымыстай етіп шегендеген мемлекеттік шекарасы болып табылады. Бұл – бүкіләлемдік қоғамдастық мойындаған әрі ұлтымыздың тарихында бұрын-соңды болмаған және мемлекеттілігімізді айшықтайтын баға жетпес құндылық.
Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап халықаралық құқық нормасы мен қағидаларын берік ұстанатын ел болатынын мәлімдеді. Соған байланысты Елбасымыз сыртқы саяси бағыттың мынадай бағдарларын белгіледі.
Еліміздің шекараға қатысты саясаты халықаралық құқық, ұлттық заңнама және әлемдік тәжірибе қағидалары мен нормаларына негізделген. Мемлекеттік шекара заңды бекітілген аумағының шегін айқындайтын сызық ретінде қаралады. Ата Заңымызға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағы қазіргі шекарасында біртұтас, қол сұғылмайды және бөлінбейді. Қазақстанның мемлекеттік шекарасын белгілеген және өзгерткен кезде жекеменшік пен ұжымдық қауіпсіздікті, шекаралас мемлекеттермен өзара тиімді және жан-жақты ынтымақтастық мүдделерін, шекара дауларын бейбіт шешу қағидаттарын басшылыққа алады.
Ал мемлекетаралық шекараны белгілеу екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңі – бұл шекараны делимитациялау. Яғни, тиісті шарт бойынша мемлекеттік шекара сызығының өтуін егжей-тегжейлі сипаттап анықтау және сол сызықты картаға түсіру. Екінші кезеңі – бұл шекараны демаркациялау, жергілікті жерде шекараны орнату. Еліміздің екі ірі держава – Ресей мен Қытайдың арасында орналасуы бұл елдермен шекараның өтуі мәселесіне ерекше мән берді. Сондықтан Қазақстан делегациясы өз көзқарасын берік ұстанды және келіссөздер жүргізуші әріптестерінің ұсыныстары мен дәйектерін құрметпен қабылдап, көрші мемлекеттермен аумақтық дау-дамайлар негізінде болатын түсініспеушілікті болдырмауды қадағалай отырып, жүйелі түрде өз мүдделерін ілгері жылжыта берді. Бұл мәселелерде Қазақстан дипломатиялық қызметі принциптілік пен беріктікті, сындарлылық пен бітімгершілікті үйлестіре білді.
Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында сыртқы саясаттағы басымдықтардың ішінде шекараларды межелеу, оларды халықаралық тұрғыдан заңдастыру кезек күттірмейтін мәселе болды. Мемлекет басшысы 1996 жылғы Жолдауында тәуелсіздіктің алғашқы бес жылын қорытындылай келіп: «Халықаралық ауқымда танылмайынша, әлемдік қоғамдастық тарапынан қауіпсіздік, аумақтық тұтастық пен шекаралардың мызғымайтынына кепілдік алмайынша, мемлекеттіліктің қалыптасуы, егемендік, экономикалық реформалар, әлеуметтік саланы дамыту туралы әңгіме қозғау құрғақ сөз болып қала береді», – деп атап өтуі соған нақты дәлел. Осы қағиданы басшылыққа алған Қазақстан бірден мемлекеттік шекараларды ресімдеуді қолға алды. Қытай Халық Республикасымен, Қырғыз Республикасымен, Ресей Федерациясымен, Түрікменстанмен және Өзбекстанмен келіссөздерге белсене кірісті.
Сонымен, 1991 жылға дейін Қытаймен байланысты келіссөздерді осы елмен шекаралас бұрынғы одақтас республикалар өкілдерінің қатысуымен құрылған Кеңес үкіметінің делегациясы жүргізіп келген еді. Ал 1992 жылдан бастап Қазақстан Қытаймен шекара мәселелері жөніндегі келіссөздерді тәуелсіз ел ретінде қолға алды. Екі елдің арасындағы шекараларды делимитациялау туралы келіссөздер 1992-1998 жылдары өтті, демаркациялау 2002 жылы толығымен аяқталды. Келіссөздерге бұрынғы Ресей империясы мен Қытай арасында ХІХ ғасырда жасалған сегіз шарт пен хаттамалар негіз болды. 1994-1999 жылдары Қазақстан мен Қытай арасында өткен келіссөздер нәтижесінде екі елдің мемлекеттік шекарасының өту сызығын және оның шекаралық белгілермен белгіленуін нақты анықтап, әрі егжей-тегжейлі сипаттап беретін халықаралық бес келісім жасалды. Демаркациялық жұмыстарды алты жұмыс тобы 1992 жылдың шілдесінен бастап 2001 жылдың желтоқсанына дейін жүзеге асырды.
Ал көршілес өзге елдермен мемлекеттік шекарамыз қалай реттелді дегенге келсек, бұл мәселелерде негізінен 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Алматы декларациясы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі ынтымақтастық қағидаттарын сақтау туралы 1992 жылғы 14 ақпандағы декларация, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің егемендігін, аумақтық тұтастығын және шекараларының мызғымастығын сақтау туралы 1994 жылғы 15 сәуірдегі декларация және басқа да құқықтық құжаттар назарға алынды. Осы құжаттарға сәйкес тараптар бұрынғы одақтас республикалардың арасындағы әкімшілік-аумақтық межелеуді шекаралық келіссөздерде басты негіз етіп алды. Сонымен қатар, Қазақстан тарапының мемлекеттік шекараны делимитациялау бойынша жүр-
гізген жұмыстары Үкіметтің Қазақстан Республикасының Қырғызстанмен, Ресеймен, Түрікменстанмен және Өзбекстанмен мемлекеттік шекарасын делимитациялау жөніндегі Қазақстанның үкіметтік комиссиясы туралы 1999 жылғы 1 қыркүйектегі қаулысына сәйкес жүргізілді.
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі комиссияның құрамына мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, облыстық, аудандық және ауылдық әкімдіктердің өкілдерін кіргізу арқылы тиісті үкіметтік делегацияларды жасақтап отырды. Сарапшы ретінде әртүрлі мекемелердің мамандары тартылды. Геодезистер, карто-
графтар, жерге орналастырушылар мен гидролог мамандардан арнайы жұмыс топтары құрылды. Сөйтіп, он шақты жылдың аралығында Қазақстан өзінің көршілері – Ресей, Қытай, Өзбекстан және Түрікменстанмен мемлекеттік шекарасын дау-дамайсыз, өкпе-ренішсіз шегендеп алды.
Тағдыр көршілес еткен елдермен мемлекеттік шекарамыздың ойдағыдай шешілуі, бүгінде олармен тығыз ынтымақтастық жасауға, оның ішінде сауда-экономикалық, мәдени-тарихи, ғылыми, тағы басқа да салалар бойынша ынтымақтастық жасауға жол ашты. Хал-
қымыздың ғасырлар бойы жерінің тұтастығын қамтамасыз етудегі ұмтылысы мен арманы бейбіт және дипломатиялық келісім жолымен іске асты. Соның нәтижесінде еліміздің кең-байтақ аумағы барлық көрші елдер тарапынан толығымен танылып, халықаралық құқық негізінде заңдастырылды. Осыған байланысты Мемлекет басшысының «Тұңғыш рет тарихта біздің мемлекет халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді», – деп айтқаны есімізде. Міне, осылайша ата-бабаларымыздан мұра болып қалған жеріміз қайта қалпына келтірілді.
Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара әлемдегі ең ұзын шекара болып табылады. Ал оны делимитациялау мен демаркациялау жұмыстары халықаралық-құқықтық тәжірибеде бірегей құбылыс болды. Соған аз-кем тоқталып өткен жөн шығар. 1998 жылғы 12 қазанда Қазақстан мен Ресей президенттері Алматыда ҚР мен РФ арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы хаттамаға қол қойды. Тараптар қажетті шараларды жүзеге асыру үшін Үкіметтік деңгейдегі делегация құрды, олар 1999 жылдың соңында келіссөзге кірісті. Өзара уағдаластық бойынша Қазақстан – Ресей шекарасының өту сызығын сипаттау және оны картаға түсіру батыстан – Волга өзенінің төменгі ағысынан басталып, 2005 жылғы қаңтарда шығыста – Алтай тауының Оңтүстік Алтай жотасында аяқталды.
Осылайша, 2005 жылғы 18 қаңтарда Мәскеуде екі мемлекет басшылары Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы шартқа қол қойды. Баспасөз мәслихатындағы сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев былай деді: «Біз бәріміз маңызды тарихи оқиғаның куәгері болып отырмыз. Қазақстан – Ресей шекарасын делимитациялау туралы шартқа қол қойылды. Тарихи болып саналатыны, біз бірінші рет шекараны шарттық тәртіппен белгіледік». Бұл шарт әлемдегі ең ұзын шекараның өту сызығын анықтап берді. Оның ұзындығы – 7591 шақырым. Бұл шекара біздің елдеріміз бен халқымызды айырмайды, қайта біріктіреді.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз үшін Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтаудан маңызды міндет жоқ», – деген болатын. Еліміздің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысы шын мәнінде орасан зор жұмыстар атқарды, заңдық тұрғыдан көршілерге ғана емес, халықаралық қауымдастыққа мойындатты. Шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерімен бір кездесуінде Елбасының: «20 жылдың ішінде біз барлық көрші елдермен мемлекеттік шекара мәселесін реттеп, шештік. Біздің сыртқы шекарамыз – тату көршілік пен ынтымақтастық шекарасы», – деуі де сондықтан.
Мемлекеттік қашан қалыптасты деген мәселеде, қазақ халқының өмір сүрген кеңістігі – мемлекеттілігіміздің айшықты көрінісі бола алады. Себебі, мемлекеттіліктің міндетті бес белгісінің бірі – оның аумағы. Ал Қазақ елі өз тәуелсіздік ғасырының төрттен бірін толтырды. Бұл мерзім адам өмірімен есептегенде де, тарихи тұрғыдан алып қарағанда да көп уақыт емес. Бірақ, осынау қысқа мерзімге қарамастан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси қиыншылықтарды еңсере білген Қазақ елі әлем мойындаған мемлекеттер қатарына қосылды. Еліміздің саяси өмірі жаңартылып, түбегейлі өзгерістер жасалды. Нарықтық экономика ойдағыдай жүзеге асырылды. Халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтерілді, әлеуметтік салада жаңа асулар бағындырылды. Елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі қамтамасыз етілді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»