• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2016

Қазақстанды рәміздеріне қарап таниды

478 рет
көрсетілді

«Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» атты жұлдызды 25 күн шарасы аясында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер, ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның кеңейтілген отырысы өтті.  Отырысқа орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары,  қоғам қайраткерлері, мәдениет және спорт салаларының өкілдері, ғалымдар қатысты. Жиында сөз алған Гүлшара Әбді­қалықова Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу бойынша Тұжырымдама жасалғанын, соған сәйкес, Тәуелсіздіктің ширек ғасырға толған торқалы тойын атап өту жө­нін­дегі іс-шаралар жоспарлары қа­былданғанын атап өтті. «21 қара­ша мен 15 желтоқсан аралығында өте­тін іс-шаралар «Тәуелсіздіктің 25 жұлдызды күні» аясында ұйым­дас­тырылады. Осыған орай, күні кеше елі­міздің 16 жасқа толған азаматтары­на жеке куәліктерін салтанатты түрде табыстау рәсімі өткізілсе, бүгінгі жиын Тәуелсіздіктің басты нышаны – Мемлекеттік рәміздерге арналып отыр», – деді Гүлшара Наушақызы.  Сонымен қатар, ол ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында биылғы жылдың сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атты XXIV сессиясында «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісінің қабылданғанына тоқтала келе, бұл тарихи құжатта Мәңгілік Елдің мызғымас 7 тұғырын нығайту, сақтау, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету міндеттері белгіленгенін жеткізді.  «Олар Тәуелсіздік пен Астанаға, жалпыұлттық бірлікке, бейбітшілік пен келісімге, зайырлы мемлекет және жоғары руханиятқа, инновация иірімдеріне, тұрақты экономикалық өсімге, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына, тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығына,  ұлттық қауіпсіздікке, сондай-ақ, Қазақстанның жалпы әлемдік және өңірлік проблемаларын шешуге тікелей қатысуына байланысты», – деді Мемлекеттік хатшы. Жиын аясында Гүлшара Әбдіқалықова еліміздің барлық өңірінде мемлекеттік рәміздерге арналған байқаулардың, патриот­тық іс-шаралардың жүргізіліп жатқанын айта келе: «Мем­ле­кеттік рәміздер – ел ішіндегі тұрақ­тылықтың,  қоғамдық келі­сім мен патриоттық тәрбиенің аса ма­ңызды құралы.  Сондықтан оларды қадірлеп, қастер тұтуымыз керек», – деді. Отырыста Елтаңба авторы Жан­дарбек Мәлібеков те сөз алды. Ол Тудың, Елтаңбаның, Әнұранның Тәуелсіз Қазақстанның өмірінде алатын орнына тоқтала отырып, 1992 жылғы маусымның 4-інде Жоғарғы Кеңестің салтанатты мәжілісінде Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздерімен ресми танысу болғанын, ал 1996 жылдың 24 қаңтарында  Президенттің «Қазақ­стан Республикасының Мем­лекеттік рәміздер туралы» конс­титуциялық күші бар Жарлы­ғымен Елтаңбаның құқықтық мәр­тебесі айқын­далғанын жеткізді. Ал қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков елдің алғаш өз тәуел­сіздігін алған кезеңін еске алып, тол­ғанысымен  бөлісті. Тәуелсіз­діктің жолы «Оңай болған жоқ. Мұны ұрпақ білуі керек. Құл­дыраған экономиканы, тұрала­ған өндірісті қалыпқа салу әрине, оңайға түскен жоқ. Бұл жерде Елбасының төзімі де жетті, ақылы мен парасаты да жетті. Бұл жолда басын бәйгеге тіккен, бірақ, жандары қиылған бабаларымыз, қолына қару алған батырларымыз, көсемдеріміз, даналарымыз, ақындарымыз, жырау­ларымыз, хандарымыз жете ал­маған Тәуелсіздікке біз жет­тік», – деді Мырзатай Жолдас­беков. Оның айтуынша, сол жылдары қазақ халқының саны 39 пайыз болған екен. «Сол кезде бізді бұ­рыннан бері Қазақстанда өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілде­рі де қолдады.  Біз мұны ешқа­шан ұмытпауымыз керек. Қазақ­станның желбіреген көк Туының тұғы­ры халқымыздың мызғымас бірлі­гі мен ынтымағының арқа­сында биіктеп тұр. Есіктегі басымыз төрге жетті. Қа­зақ­стан дамы­ды, оны әлем таны­ды, мой­ында­ды. Қазақтың тілі БҰҰ мін­берінен естілді.  «Ба­қыт баға­лағанның ғана басында тұрады» дейді, біз осы бақытты баға­лай білуіміз керек деп ойлай­мын», – деді Мырзатай Жолдас­беков. Сонымен қатар, ол Мемле­кеттік рә­міздердің құндылы­ғына қатыс­ты да өз ойын біл­дірді. «Мем­лекеттік рәміздер – мемлекеттің паспорты, яғни төлқұжаты. Біздің жел­біреген Туымызға, Елтаңба­мызға, Әнұранымызға қарап, Қазақ­станды таниды», деді Мырзатай Жолдасбеков. Бұл күнгі отырыста сондай-ақ, Сыртқы істер, Ақпарат және ком­­муникация, Мәдениет және спорт министрліктерінің, Алма­ты қаласының, Қарағанды, Шы­ғыс Қазақстан облыстары әкім­дерінің есептері тыңдалды. Жиын соңында мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге нақты тапсырмалар жүктелді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ