Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Украинаның Сыртқы істер министрі Константин Грищенкомен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады СІМ-нің баспасөз қызметі.
Әңгімелесуші тараптар Президент Н.Назарбаев пен Президент В. Януковичтің кездесулері ерекше жігер берген екіжақты және көпжақты сипаттағы Қазақстан және Украина ынтымақтастығының одан әрі даму беталысына байланысты мәселелер шеңберін қарастырды.
Қос елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығының қарқынына тоқтала отырып, тараптар стратегиялық әріптестікті жан-жақты дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Қ.Саудабаев пен К.Грищенко сондай-ақ жаһандық деңгейдегі ядролық қауіпсіздікті нығайту мен ядролық қаруды таратпау саласындағы заманауи үрдістерді талқылады. Осы ретте таяуда Киевте өтетін Ядролық энергияны инновациялық және қауіпсіз түрде қолдану мәселелеріне арналған саммиттің маңыздылығы атап көрсетілді.
Тараптар үстіміздегі жылғы 8 сәуірде өтетін ТМД елдері Сыртқы істер министрлері кеңесі басқосуына дайындық барысын қарастыра отырып, аталмыш бірлестіктің одан әрі қарайғы жемісті қызметін қамтамасыз ету мақсатындағы өзара ұмтылыстарға тоқталып өтті.