• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Наурыз, 2011

Офицерлер де «жылайды»

502 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан президенттігінен үміткер Ғани Қа­­сымов Алматыдағы 28 пан­филовшылар саяба­ғын­да Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарға ар­налған Мәңгілік алау мен Ауғанстан және басқа елдер аумағында әскери іс-қимыл кезінде қаза тапқан қа­зақ­стан­дық жауынгерлер ескерткішіне гүл шоқтарын қой­ып, тәжім етті. Сол арада ол қазіргі кезде еліміздің жастарына берілер әскери-патриоттық тәрбиенің мән-маңызына тоқтала келе, бұл мәселе өзінің сайлау ал­дын­дағы саяси тұғырнама­сын­да үлкен орын алатындығын айтты. Біз өз тарихымызды, ерлік рухымызды, елімізді жаудан қорғаған, қыршын жастай кеткен боздақтарымызды ұмыт­пай, солардың өнегесін әр­қа­шан есімізде ұстауымыз керек. Сол сұрапыл соғыста біздің әке­леріміз бен аталарымыз жар­ты дүниенің азаттығын қорғап қалған. Ресей президенті өткен жылы біздің қазақстандық 100-ші және 101-ші бригадалардың соғыстағы ерлігіне құрметін біл­діріп, үлкен кесене орнат­қа­ны тегін емес. Біз өз жас­та­ры­мызды осындай ерлік дәс­түр­ле­рінде тәрбиелеуіміз керек. Сон­дай-ақ осы Ұлы Отан соғы­сы­ның, Ауғанстан соғысының және Отан қорғау орайындағы басқа да әскери тапсырмаларды орындаған бір кездегі от кешкен өреңдердің қазіргі әлеумет­тік, зейнетақылық, тұрмыстық жағдайы әрдайым біздің қо­ғам­ның, биліктің, Үкіметтің наза­рында болуы міндет, деп сабақтады сөзін үміткер. Бұдан кейінгі әңгіме Офицерлер үйінде, Запастағы әске­ри қызметшілер одағының кең­се­жайында жалғасты. Одақ төр­ағасы, генерал-майор Айт­қа­ли Есенғұлов 30 мың адам­дық отставкадағы офицерлер қосыны Патриоттар партиясы­ның жақтасы екендігін тілге тиек етті. А.Есенғұловтың, Даманск оқиғасына қатысушы офицер Виктор Барсуковтың айтуынша, қазіргі таңда запастағы әске­ри­лердің тіршілікке тірелер түйт­кілдері аз емес көрінеді. Олар­дың зейнетақыларын автоматты түрде индексациялап тұру, ерек­ше жағдайдағы жұмыстары үшін өтемдік жеңілдіктер белгілеу, офицер мәртебесін анық­тай­тын «Ардагерлер туралы» заң әлі күнге қабылданбауы шешілмеген мәселелер қатарында аталды. Ауған соғысының ардагері, запастағы полковник Жұ­мажан Ерғалимов ауған соғы­сы­на қатысушыларың мәртебе­сі әлі күнге айқындап анықтал­мағандығына тоқталды. Ауған­дықтарға беріліп отырған же­ңіл­діктер тым мардымсыз. Ендігі бір түйткілді жағдай сол, офицерлер үйінің мәрмәр ғимараты қазір, шынтуайттап кел­генде, офицерлерге тиесілі емес, әлдебір акционерлік қо­ғам­ға жалға беріліпті. Офицерлер өз мерейтойларын, мерекелерді, жерлеу рәсімдерін мұнда өткізе алмай, басқа мекеме­лер­дің табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Осы және жоғарыда аталған басқа да жайларды президенттіктен үміткер Ғани Қасы­мов алдағы уақытта өз наза­рын­да ұстайтындығын мә­лім­деді. Қорғанбек АМАНЖОЛ. Алматы.