ЖАМАНДАСҚАННАН ЖАҚСЫ ПІКІР ЕСІТЕ АЛМАЙСЫҢ
Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру қай елдің болса да өрісін кеңейтеді. Барыңды – сатасың, жоғыңды – аласың. Бұл ұйымның (БСҰ) кез келгенге есігі ашық емес, қатарына лайықты дегендерді ғана, ұйымның талабына сайларды ғана алады. Оған кіруге үміткердің бірі – Ресей Федерациясы. Біраздан бері кіре алмай жүр.
БСҰ талабының бірі – көрші елінің кепілдігі керек. Әсіресе, сол БСҰ-ға мүше ел болса, оны аттап өту қиын. Көршілерің сені басқаларға қарағанда, жақсырақ біледі. Сондықтан да солардан сұрау – парыз. Ресейдің бір көршісі – Грузия. Сол көршісі БСҰ-ға лайық десе, Мәскеудің тасы өрге домалайды.
Ал Грузия Ресей туралы не айтуы мүмкін? Мұны көзі қарақты адамдар, әсіресе, саясатшылар мен сарапшылар жақсы біледі. Күні кеше соғысқан елдер. Абхазия және Оңтүстік Осетиядай екі құрылымын тартып алғандай, бөліп әкеткен. Енді сондай елді Тбилисидегілер мақтай қоймасын аңғарасың.
Бірақ талап бар, дәстүр бар, оны аттап кете алмайсың. Мәскеу Грузиямен амалсыз келіссөз жүргізуге мәжбүр. Сөйтсе де оларға келісейікші деп өздері барып, қолқа салуға бет жоқ. Алдымен араағайындыққа жүретіндерді іздеу керек. Ақырында араға Швейцария жүретін болды. Сөйтіп, Ресей мен Грузия делегациясы Швейцарияның астанасы Бернде кездесті.
Осы жерде бұл ұйымның басында әлемнің жетекші елдері тұрғанын айтқан жөн болар. Солар алайық десе ғана ұйымға жол ашылады. Кейде бұл мәселе саяси сипат алып, бір елді бұл ұйымға кіргізбеу арқылы оны әлемдік экономикалық үдерістен шеттетіңкіреу де жүзеге асырылады. Тіпті әлемдік экономиканың белді тұтқаларының бірі Ресейдің өзі одан сырт қалып келгені оған айқын мысал.
Енді сол БСҰ-ның тізгінін ұстап отырған елдер Ресейдің оған кіруіне рұқсат еткен сыңайлы. Оның өзінде Грузия сияқты дұшпан елінің алдына қол қусырып баруға мәжбүр етіп отыр. Бұл Мәскеудің беделін түсіреді, амалсыз көнеді. Бірақ келіссөз түсіністікке жеткізбеді. Бұл туралы РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров мәлімдеді. «Егер Тбилиси өзінің саясаттандырылған позициясынан қайтпайтын болса, Ресей Бүкіләлемдік сауда ұйымына Грузияның қатысуынсыз өтуі мүмкін», – деді ол.
Бәрібір Ресейдің бас дипломаты Грузиясыз мәселе оңай шешілмесін аңғарады. «Егер АҚШ пен Еуроодақ, Ресейдің БСҰ-ға кіруіне мүдделі болса, Грузияға оң ықпал ете алады. Біз оларға шын мүдделі болсаңдар, бұл шынайы мүдделілік болса, Грузия басшылығының бұған көзін жеткізіңдер, грузиндер қолдан проблема тудырмасын дейміз».
Грузиндердің «қолдан тудырған проблемасы» қандай? Абхазия мен Оңтүстік Осетияда Грузияның кедендік пункттері болсын дейді және бұл құрылымдарды әлі де өз жері санайды. Ал бұған Мәскеу жағының өлсе көнбейтіні анық. Екі ел арасындағы келіссөздің қалай аяқталарын дөп басып айту қиын. Грузияның Ресей туралы оң пікір айтуы екіталай-ау дейсің.
Дегенде, осы жерде айта кететін бір жай бар. Кезінде Ресей басшылының аузынан БСҰ-ға Кеден одағына мүше елдер бірігіп өтеміз деген де сөз шыққан. Сірә, біз сол сөзге сеніп, БСҰ-ға жеке өтуге әрекет жасай қоймадық-ау.
Ал енді біздің еліміз де БСҰ-ға кіруге белсенді әрекет жасаса, жөн-ау дейсің. Бізге қарсы шыға қоятын жамандасқан елдер жоқ, жолымыз жеңіл болар еді.
* * *
САЯСАТҚА ҚАРУ МЕН ДІННІҢ АРАЛАСҚАНЫ ҚИЫН
Жұрт назары қазір араб дүниесіне ауған. Ашынған халық көтеріліп, тек өздерінің ғана қамын ойлаған билікке қарсылығын білдіргенін жұрттың көбі құп көріп отыр. Құп көрмеген нәрсе – осынау қарама-қарсылықта қарудың қолданылғаны. Сол қарудан адамдар құрбандыққа шалынуда.
Қарсылыққа шыққан халық өздерінің талап-тілегін, ашу-ызасын алдымен сөзбен, түрлі ұран, плакаттармен білдіреді. Сөздеріне билік құлақ аспағанда, одан қаталдау әрекеттерге барады. Қолдарына тас алады, таяқ ұстайды. Мұны билікпен наразылардың арасындағы бір шек деуге болар. Парасаттылық осы жерде шешім айтуға тиіс. Өресі жеткен билік халықпен тіл табысады мәміле жолын іздейді. Әйтпесе ойыннан шығады, кетеді. Өресі жетпесе, күшке басады, қаруға жүгінеді. Қару қолданылған соң, қан төгілген соң, тіл табысудың ауылы алыс, парасаттылыққа жүгіну қиын.
Отқа оранған Ливия соған нақты мысал. Бұл жерде бар кінәні Муамар Каддафиге итере салып, халықты арандатқан күштерді ақтаудың да жөні жоқ. Сол арандатушылардың итермелеуімен көтерілген халықтың өзі де қаруға жүгініп, парасаттылық шеңберінен асқаны бар. Кейде сол қарсыластардың ортасында лай судан балық аулайтын экстремистердің жүргенін де аңғарасың. Олар халық наразылығын өз мүдделеріне пайдаланады.
Осы араб дүниесіндегі қазіргі жағдайға талдау жасалғанда аңғарылатын тағы бір жай – саясатқа діннің араласуы және оны белгілі бір сыртқы-ішкі күштердің өз мүдделеріне пайдалануы. Сырттай қарағанда, ұстанатын дін біреу – ислам діні. Бірақ осынау діннің екі тармағы – сүннизм мен шиизмнің қақтығысуы көп елдің ішінде алауыздық тудырып отыр.
Қазір жұрт Бахрейнді көбірек ауызға алады. Оған Сауд Арабиясы мың адамдық әскери күшін кіргізген көрінеді, ал Біріккен Араб Әмірліктері 500 полициясын жіберіпті. Сарапшылар бұдан Бахрейндегі жағдай халықаралық сипат алды, оған басқа елдердің қарулы күштері араласып жатыр деген қорытынды жасап та үлгерді.
Оның арғы жағына тереңірек үңілсек, ең алдымен шиеленістің негізінде діни қайшылықтың жатқанын көреміз. Осынау шағын ғана араб мемлекеті халқының (саны 1 миллионға жетпейді) басым көпшілігі (біреулер – 75, екіншілері 60 пайыз дейді) исламның шиит тармағына жатады. Ал бұл елде билік басында – сүнниттік монархиялық әулет. Міне, енді шииттер саяси және әлеуметтік реформа жүргізуді талап еткенде, билікте шииттердің аздығын алға тосады.
Міне, айдан аса уақыт шерушілер ел астанасы Манама қаласының орталығына орналасып, билік тарапынан жасалған ұсыныстарға көнбей, мәмілеге келмей отыр. Содан кейін Бахрейн басшылығы өзінің көршілерінен, нақтырақ айтқанда, Парсы шығанағындағы араб елдері ынтымақтастығы кеңесінен көмек сұрауға мәжбүр болды. Бұл кеңеске Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Катар, Оман және Бахрейн кіреді.
Көршілер, одақтастар көмекке келді. Алдымен олар 10 миллиард доллар қаржы берді, сонан соң біреулері полициясын, біреулері әскерін жіберді. Оппозиция оны басқыншылық деп анықтама беріп үлгерді. Ал ел басшысы – король Хамад әл-Халифа бұл күштерді стратегиялық нысандарды қорғауға шақырғанын мәлімдеді. Сонымен бірге, ол дәл осы күні елде үш ай мерзімге төтенше жағдай енгізілгенін жариялады.
Діни қайшылық негізіндегі қақтығыстардың басқа жерлерде де өрістеу қаупі күшті. Оған сырт елдер де ықпал етіп отыр. Ливандағы шииттер белсенділік көрсете бастады. Жер-жерде демократиялық күштердің жеңісіне діни-экстремистік күштердің ортақтасқысы келетіні айқын. «Әл-Каида» лаңкестік ұйымының да оппозициямен одақтаспақ ойы бар.
Саясатқа діннің араласқаны қиын болатыны – бұл мәселе барлық елдерге тән. Бай елдің де, кедей елдің де дінге қатысы бар. Сол дін қайшылыққа негіз болса, бүлінетін дүние тым көбейеді.
Мамадияр ЖАҚЫП.