• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Қаңтар, 2017

Жауапсыз жүргізушілер қала көшелерін тазалауға кедергі келтіреді

400 рет
көрсетілді

Соңғы айлары елордада қар көп жауды, коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Бірінші кезекте ірі магистральдар, орташа көшелер, орамішілік аумақтардағы қар шығарылады, тұрғын үйлердің аулалары ретке келтіріледі. Тиісті жұмыстар барысында әлеуметтік нысандарға басымдық беріледі. Бұл туралы түнгі рейд кезінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов мәлім етті, деп жазады әкімдіктің баспасөз қызметі. Шараға қатысушылар елорданың үш ауданындағы бірнеше көшені аралады. Жиналған қар тәулік бойы полигонға және қар ерітетін орындарға шығарылады. Бұл ретте арнайы техникамен қар жинауға үш минут уақыт жұмсалса, полигонға барып-келуге орта есеппен бір жарым сағат кетеді. Көлік қою ережелерін бұзып, автомобильдерін қалдырып кететін тұрғындар қар жинауға көп кедергі келтіреді. «Жұмысымызға кедергі келтіріп тұрған көліктер болса, қарды барынша жинауға тырысамыз. Жол жұмыскерлері таңғы сағат 6-дан бастап істейді. Бірақ апталап, айлап тұратын да машиналар болады. Ондай кезде шаралар қабылдап, жол полициясын шақырамыз», - деді Қосман Айтмұхаметов. Оның айтуынша, қазіргі кезде бұзушылықтар жасағаны үшін айыппұл санкциялары қарастырылған жаңа абаттандыру ережелері қалалық мәслихаттың бекітуіне ұсынылды. «Тұрақ орындарына қатысты мәселе пысықталуда, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында паркингтер салынады. Мысалы, Желтоқсан, Әуезов, Бейбітшілік көшелерінде тұрақтар болмағандықтан машиналар жол бойына қойылады, бұл да қар жинау жұмыстарының сапасына кедергі келтіреді», - дейді әкімнің орынбасары. Сонымен қатар, ПИК-пен өзара әрекет ету мәселесі де қаралды. Олар қызмет көрсетуге төмен тариф белгілейді. Мысалы, қаланың ескі бөлігінде бұл көрсеткіш шаршы метрі үшін 20-25 теңгені құрайды. Бұл қаржы техника жалдап, қар шығару үшін жеткіліксіз. «Негізінен, қар қолмен жиналады. Қазіргі кезде орамдар ішінде жүргізілетін жұмыстардың жоспары әзірленіп жатыр. Қар жинауға кедергі келтірмес үшін тұрғындарға көліктерін алып тастау туралы хабарланады»,- деді Қосман Айтмұхаметов. Шара соңында қала әкімінің орынбасары көктемде су басудың орын алмайтынына сендірді – өткен жылдағыдай қар түгелдей шығарылады, орамдар ішіндегі, скверлер мен парктердегі, тіпті гүлзарлардағы қар жартылай тазартылады.