Ақтаудағы гуманитарлық колледждің алдындағы автобус аялдамасы жанында қоңыр түсті мәрмәрмен қапталған стела тұр.
Үш бүйірлі стеланың бір жағында «2017 жылғы ұрпақтарға Маңғышлақты игерушілерден» деген жазу болса, екінші жағында «7 қараша 1967 жыл» деп белгінің қойылған уақыты мен «7 қараша 2017 жыл» деп ашылатын уақыты жазылып, үшінші жағына орақ пен балға суреті белгіленген.
Бұл стела 1967 жылы қараша айында, сол кезде тойланған «Ұлы Октябрь социалистік революциясының 50 жылдығы» мерекесі кезінде қойылған екен. Жарты ғасыр бұрын болған жайттың куәгері – сол кездері Шевченко қалалық атқару комитеті халық депутаттар кеңесі сауда және шаруашылық бөлімінің меңгерушісі болған Людмила Мухортова «Шевченко қалалық атқару комитеті көтерген бастама қолдау тауып, шара Социалистік Еңбек Ерлері, өндіріс озаттары, мұнайшылар, мектеп оқушылары мен ұстаздарының қатысуымен салтанатты жағдайда өткізілді», дейді.
2017 жылғы буынға хат жазылған ұзындығы жарты метрлік капсуланы №1 орта мектептің оқу озаттары – Артур Камалиденов пен Марина Остапенко салған.
Людмила Николаевна стеланың ашылуын жергілікті әкімдіктің назардан тыс қалдырмай, көзі тірі куәгерлерді шақырып, салтанатты жағдайда ашып, хатты жас буынға оқып бергенін қалайды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы