Ауыл шаруашылығын жаппай жекешелендіру және нарықтық қатынастарға өту кезеңіндегі айырбастың салдарынан соң мал саны күрт кеміді. Төрт түлік малдың тұқымдық сапасы да нашарлап кетті. Алайда, «ештен кеш жақсы» дегендей, қазіргі уақытта ірі қараны көбейту, оның тұқымын асылдандырып, еттілігін көтеруге бағыт ұсталуда. «ҚазАгроӨнім» акционерлік қоғамы «Сыбаға» атты республикалық бағдарлама дайындап, оны іске асыру осындай үлкен жұмыстардың бастамасы десе болғандай. Биылғы Жолдауда «Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылады. 2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді, мұның құны 4 миллион тонна бидай экспортына тең» деп атап көрсетілген болатын. Осы міндетті жүзеге асыру үшін бес жыл ішінде елге 72 мың асыл тұқымды ірі қара әкелу көзделуде. Бұл жобаны жүзеге асыруға қазірдің өзінде 130 миллиард теңге бөлінді. Осы мәселелерді одан әрі тереңдету мақсатында өткізілген облыстық кеңеске өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері, аудан әкімдері, мал шаруашылығын дамытуға қатысты салалардың өкілдері қатысты. Онда ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту, мал сатып алуға несие беру тәртібі кеңінен талқыланды.
Аталмыш міндетті жүзеге асыру үшін облыста 170 фермерлік шаруашылық, төрт ірі қара бордақылау алаңы және төрт мал өсіріп-көбейтуші шаруашылық құру көзделуде. Ол үшін шетелден және еліміздің асыл тұқымды мал зауыттарынан, осындай бағыттағы шаруашылықтардан асыл тұқымды аталық, аналық және жас малдар сатып алынады. Бұл облыста ірі қара мал етін ұлғайтып, рынокты сапалы өніммен толтыруға, ірі қара етінің экспорттық деңгейін қалыптастыруға алғышарт жасамақ.
Бір сөзбен айтқанда, ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін несие алуда жаңа арна ашылғалы тұр. Ресми баяндауларға сүйенсек, жылдық 6 пайыздық өсіммен берілетін несие кепілдігіне енді жерді, малды, сондай-ақ техниканы, тұратын жеріндегі үйін салуға болады. Мал өсірушілерге он екі жылға дейін, бордақылау алаңын ашушыларға 9,5 жылға дейін несие берілмекші. Мал сатып алғысы келетін шаруаларға несие 7 жылға ұсынылады. Несиелерді өтеу жеңілдіктері де қаралған.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.