Қазақстан халқы Ассамблеясы сіздерді жер-дүниені жаңартып, көктемді өзімен ерте келетін, Ұлыстың Ұлы күні Әз Наурыз мерекесімен құттықтайды!
Бұл күн – күн мен түн теңесіп, жан-жануар, өсімдік біткен түлеп, төлдеп, түрленіп, елдің аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнайтын күн. Ата-бабаларымыздың барша табиғат баласы оянып, жаңаратын осы мерекені жыл басы деп таңдауы да тегін емес.
Біздің халқымыз үшін бұл мереке – құлпырған көктемдей жастықтың, күн нұрындай шуақты мейірімнің, ізгі достықтың, адал махаббаттың мерекесі.
Тәуелсіздік таңы атқан кезден елімізде әрбір азаматтың өз болашағын дербес құруына жол ашылуы, барлық этностардың татулық пен келісімде тұрмыс кешуі, қоғамдағы барша азаматтың этностық, тілдік және конфессиялық ерекшелігіне қарамастан, тең құқыққа ие болуы ежелден келе жатқан Наурыз мерекесінің қағидаттарымен сәйкеседі. Біздің халқымыз БОСТАНДЫҚ, БІРЛІК, ТҰРАҚТЫЛЫҚ, ӨРКЕНДЕУ қағидаттарын берік ұстана отырып, Тәуелсіздіктің 20 жылында тұрақты да гүлденген қоғам орнатып ел ырысын еселей түсті. Біз терезесі тең, керегесі кең мемлекет құрдық. Бүгініміз берекелі, болашағымыз несібелі болсын деп ішкі тұтастығымызды бекемдедік.
Еліміз дамудың дұрыс таңдалған басымдықтарының арқасында барлық сынақтарға төтеп беріп, орнықты дамудың және халықтың әл-ауқатын ұдайы арттырудың жолына шықты.
Қадірлі отандастар!
Наурыз мерекесі қазіргі таңда көпэтносты Қазақстан үшін баршаға ортақ, әрбір отбасының асыға күтетін айтулы күніне айналды. Мамыражай қоғамы бар, бейбітшілік пен келісім мұраттарына адал барша отандастарымыз Наурыздың салтына сай бірін бірі наурыз көжеге шақырып, өкпе, наздарын ескі жылға қалдырып, төс қағысып сәлемдесіп, ашық-жарқын жаңаша қарым-қатынасын бастайды.
Ел игі арманын ардақтап, жетістіктерін әйгілейтін мерекеде халқымыздың ынтымағы жарасып, еліміз молшылыққа, ал әр шаңырақ – бақыт пен шаттыққа толсын деп тілейміз!
Баршаңызға шын жүректен, шынайы көңілмен бақ-береке тілейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі.