Осыдан жиырма жыл бұрын бізде армандар көп еді. Әрине, арман таусылмайды ғой. Алайда, ол кезде сол бір армандар түгіл нақты қолға алынған істердің орындаларына күмән келтірушілер де көп болатын. Енді байқасақ, «арман адастырмайды» деген сөз рас екен. Қазір қазақстандықтар осы жылдар аралығында жасалған небір ірі істі көріп, оның игілігі мен жемісін нақты татқан соң оған көз жеткізді. Бұған дәлел де бар. Елбасы Жолдауында осы жылдар бойына біз қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту үшін қажет нәрсенің бәрін жасадық деді. Халықтың денсаулығын жақсартуды мемлекет әлдеқашан қолға алды. «Денсаулық – зор байлық» болса, спорт оның кепілі екендігі жүзеге асты.
Денсаулықты сақтау оңай, ал оны қалпына келтіру қиын. Бірақ денсаулықты сақтау үшін, алдымен оған қолайлы жағдай жасалуы керек. Бұл тұрғыдан алғанда біздің елде әр қалада, әр ауданда атына заты сай жаңа заманғы ауруханалар, медициналық орталықтар бой көтерді. Жазылмас ауруды емдеудің баспалдақтары қаланды. Алматы, Астана қалаларындағы мазмұны бір төбе, мәні айрықша медициналық орталықтар – соның алғашқы айғақтары. Жетекші шетелдік клиникалармен байланысы бар 150 телемедицина орталықтары құрылды. Ондағы мамандардың орны бөлек. Олар енді өзін-өзі дамыта береді. Демек, ауырмай ұзақ жасаудың шыңына қазақстандықтар да бірте-бірте көтеріле береді.
Ал сырқаттана қалған жағдайда ем іздейтін жер молайған соң, сауыққанда қайтып ауырмайтын жолға түсу ең дұрыс амал болып табылады. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде дегендей, оған да біздің елде жағдай жасалғандығын жұрт жасырмайды. Соның бірі Карэте орталығының қызметкері Ержан. Ол айтады:
– Ақбұлақтың бойы менің, жалпы қала тұрғындарының жиі келетін жері. Онда жазы, қысы күнделікті көп адам жиналады. Қыста Ақбұлақтың беті мұз боп қатады. Жалтыраған айдын үстінде қарақұрым адам конькимен сырғанайды. Мөлдір ауа, тынық жел көкіректі аша түседі. Онан кейін шыңылтыр аяздың астында дене бусанып, екі бет нарттай қызарады. Ал жазда Ақбұлақ толқып ағады. Оның көлдей кеңейтілген тұсында қайықпен спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Ертеңгісін яки кешкісін Ақбұлақтың екі жағасын бойлай денсаулығын түзеп жүгірген адамдар қарасы тіптен молаяды, дейді.
Рас. Бұрын бұл ара түбінде жылтырған суы жылап аққан, ақпаса кеуіп сасыған, жағасын өңкей қамыс басқан, қоқыс төгілген ескі бір арна болатын. Бүгінде оның орнында жоғарыда айтқанымыздай, керіле аққан кішігірім өзен. Жағасына гүл бітіп, сағасына нұр жұққан соң атына сай құлпырып, өне бойына отырғызылған қалың ағаш көркіне, тұрғындар денсаулығының шипасына айналды.
Ел саулығы осы Ақбұлақтан бастау алғандай болады. Бұл жерде жастардың жұлын- құртына айналған есірткі заттарының көзін жою үрдісі қалыптасқан. Ішкі істер министрлігі ұрпақ тамырына балта шабатын кеселді үзілді-кесілді кесу көріністерін осы арада көрсетті. Жастарға қылмыстан қашық бол, есірткіден ада бол деп қызыл сөз айтқаннан гөрі, оларға нақты түрде жаманнан қашық болуға жағдай жасалған артық. Ондай жағдайдың іргетасы қаланып, шаңырағы бекіді. Соның бірі де бірегейі Ақбұлақтың бойындағы «Қазақстан» мен «Алатау» спорт кешендері. Онда жазда коньки теуіп, қысы, жазы суда жүзіп, небір спорт түрлерімен айналысуға болады. Бұлар әлемдік деңгейдегі жарыс додалары өтетін берекелі ордаға айналды.
Спорт десе ішкен асын жерге қоятын спортшыларымыз бен жанкүйерлеріміз қатары молая түсті. Соған сай елімізде барлық стадиондар қалпына келтірілді. Қазір еңбектеген сәбиден бастап, еңкейген қарияларымызға дейін Қазақстанның 20 қаласын айналып өткен Олимпиялық алау эстафетасын көрді. Ол әр жүрекке денсаулық шырағын жақты. Дені саудың – жаны сау дегендей, қазақстандықтар денсаулығы мықтының жасы ұзақ, ісі таза болатындығын ұқты. «Біздің барлығымыз да, әр түрлі халықтардың өкілдері рухани тұрғыда байи түстік, жанымыз жомарттана түсті» деді бұл туралы Елбасы. Азиаданың қарсаңында бірнеше бірегей спорттық ғимараттар салынды. Конькимен сырғанау стадионы, атақты велотрек, «Барыс» спорт кешені, «Астана-арена» стадиондары және Алматыдағы қайта әзірленген атышулы Медеу, Шымбұлақтарға қоса «Табаған» мен «Солдатсайдағы» жаңа қысқы спорт кешендері ел игілігіне айналды. Олардың бәрі бұқаралық спорт түрлерін дамытуға жасалған жағдай. Кез келген қазақстандық мұнда денсаулықтарын шыңдай алады.
Біздің халық «Денсаулық – зор байлық» деп оны бәрінен жоғары қояды. Денсаулық болуы үшін, ең әуелі таза ауа, дұрыс тамақ және жайлы да сапалы тұрмыс, бейбіт өмір қажет. Мұндай жағдай қазір бар. Еліміздің барлық түкпірінде берекелі істер қолға алынды. Соның бірі, өзгелерге үлгі-өнеге болған Астананың жасыл белдеуі. Ол бүгінде орманға ұласты. Ал бір түп ағаш айналадағы зиянды орасан көмір-қышқыл газын сіңіріп, бірнеше адамға хош иісті дем беретінін ескерсек, тәуелсіздік жылдарында тамыр тартып, жапырақ жайған орман, тоғайлар кеңістікті кірден тазалауға қаншама саф алтындай самал қосты десеңізші! Мұндай ізгілікті істер туралы көп айтуға болады. Демек, Конституциямызда еліміздің басты құндылығы адам, оның денсаулығы болып табылатындығы бірінші жазылғандай қазақстандықтардың денсаулығын ұзартудың тетігі де жасалды деген сөз, ендігі қалған міндет сол барды үзбей оңынан пайдалану ғана. Біздің басты байлығымыз – адам, оның денсаулығы. Жасалған да, жасалар да ізгіліктің, жақсы істің бәрі соған арналады. Өйткені, одан артық байлық жоқ.
Александр ТАСБОЛАТОВ.