Мемлекет басшысының Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өкілеттігінің басталуына орай, Ұйымның Қауіпсіздік Кеңесіне Саяси үндеуінде аталған жеті басым бағыттың бірі – Африка құрлығында бейбітшілікті қалпына келтіру мәселесі көтеріліп отыр. «Қара құрлық» атанған Африкада тұратын халықтың саны 700 миллионнан асады. Ондағы халықтың нәсілдік, тілдік және ұлттық құрамы өте күрделі болып келеді. Кейбір деректерге қарағанда, құрлықтағы 55 мемлекетте 700-ге жуық жергілікті тіл бар екен. Табиғаты қаталдау болғанымен, онда жерасты қазба байлықтары мол. Бірақ, құрлықтағы елдер халықтарының көпшілігі кедей тұрады. Азық-түлік тапшылығын көріп отырғандар да аз емес. Оның ең басты себебі, түрлі жағдайларға байланысты бірқатар елдер арасында, сондай-ақ, кейбір мемлекеттердің өздерінің ішіндегі алауыздық салдарынан туындаған қарулы қақтығыстарда жатыр. Осы қақтығыстардың кесірі бейбіт тұрғындарға тиюде, зардап шегіп жатқандар да солар. Бір мысал келтірейік, өткен жылдың шілдесінде Оңтүстік Судан астанасы – Джуба қаласында үкімет жасағы мен елдің вице-президентінің жақтастары арасында болған текетірестен 300-ге жуық адам қаза тапты. Олардың көпшілігі – бейбіт тұрғындар. Адам өліміне соқтырған жанжалдар өршіп бара жатқандықтан, бұл елдің аумағына БҰҰ бітімгершілік миссиясының 12 мың жауынгері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін кіргізілді. Елбасымыз өзінің Саяси үндеуінде Африкада толық бейбітшілік пен қауіпсіздікті іске асырмайынша, орнықты жаһандық бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін еместігін атап өтті. Рас, ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары мен ХХІ ғасырдың басында Африка құрлығында ұзақ жылдарды қамтыған бірқатар қарулы қақтығыстар реттелген де еді. Бұл мәселеде Мысырдың сол кездегі басшылығы белсенді дипломатиялық жұмыстар жүргізгенін атап өткен жөн. Содан бергі уақытта Африка мүйізі аталатын Эфиопия, Эритрея, Джибути және Сомали аймағындағы қарулы қақтығыстарды реттеу ерекше маңызды мәселелердің бірі болып келеді. Біздің еліміз Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігі барысында Ауғанстан мәселелері, ДАИШ және «Әл-Қаида» террорлық ұйымдарына қарсы күресті үйлестіру комитеттерімен қатар, Сомали/Эритрея жөніндегі комитетке де жетекшілік етеді. Осы үш комитет те Ұйымдағы ең маңызды құрылымдар саналады. Аталған құрылымдардың атаулары көрсетіп тұрғандай, бүгінде Ауғанстандағы саяси-экономикалық жағдайды тұрақтандыру, әлемдік қоғамдастықты алаңдатып отырған халықаралық террорлық ұйымдармен күрес және Африка құрлығында бейбітшілікті орнықтыру ең өзекті әрі аса өткір мәселелер болып отыр. «Қазақстан Африка одағының байқаушы елі және Қауіпсіздік Кеңесінің Сомали/Эритрея жөніндегі комитетінің төрағасы ретінде, – деп атап өткен Мемлекет басшысы осыған байланысты өзінің Саяси үндеуінде, – Африка мүйізі өңірі мен бүкіл континентте ұлттық татуласу әрі бейбітшілікті қалпына келтіру бойынша халықаралық күш-жігерге үлес қосатын болады». Жалпы, «Қара құрлық» елдері өздерінде және әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздіктің салтанат құруына мүдделілік танытып-ақ келеді. Өкінішке қарай, оған кейбір сыртқы күштер мен елішілік алауыздық, жекелеген елдер арасындағы жерге қатысты даулар, сондай-ақ ұлтқа, дінге бөлінушілік кедергі келтіруде. Еліміз аталған осы проблемалардың шешілуіне ықпал ететіні күмән тудырмаса керек. Өйткені, Қазақстанның бұл мәселелерде өзіндік тәжірибесі жеткілікті, саяси ұстанымы айқын, дипломатиялық әлеуеті жоғары. Африкадағы мемлекеттер құрлықты ядролық қарудан азат аймаққа айналдырудағы өміршең ісімен де ерекшеленеді. Мысырдың бастамасымен 1996 жылдың сәуірінде құрлықтың 49 елі Африка құрлығын ядролық қарудан азат аймаққа айналдыру туралы шартқа қол қойған еді. Бұл құжатта ядролық қаруды өндіруге, сақтауға, сынауға және ядролық қалдықтарды жерге көмуге тыйым салу жағы да қарастырылған. Еліміздің Африка одағы елдерімен қатынастарды кеңейту мәселесі Қазақстан Республикасының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында да көрсетілген. Онда Қазақстанның Африка құрлығы елдерімен қатынастардың географиясын кеңейтуге, оның ішінде Африка одағы қызметінің шеңберінде олармен саяси және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға басым көңіл бөлінетіндігі аталған. Бүгінде бұл құрлықта «Африка одағы-2063» стратегиясы жүзеге асырылып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, осы стратегия мен «Қазақстан-2050» Стратегиясы арасында ұқсастықтар бар. Ал Африка елдері үшін қазіргі кездегі ең бастысы – әлеуметтік-экономикалық даму, дау-жанжалдарды аймақтық деңгейде шеше білу және өзге құрлық елдерімен қатынастар орнату. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»
•
16 Қаңтар, 2017
«Қара құрлық» қасіреті
1524 рет
көрсетілді