«Наурыз мейрамы» халқымыздың асыға күтер ерекше бір мерекесіне айналды. Бірлік пен ынтымаққа бастайтын айтулы мерекені қазір жер-жерде тойлау басталып кетті. Сондай шараның бірі кеше Парламент Мәжілісінде өтті.
Былтырдан бастап Парламент тарапынан Әз Наурыздың үш күн демалыс күні болып белгіленуін қамтамасыз ететін норма қабылданып, бұл шара айтулы мерекенің ажарын аша түсті. Ал Мәжіліс фойесіндегі Әз Наурыз мейрамын атап өту де өзіндік жарасымын тапты. Үлкен фойе әр түрлі шаралармен көмкеріліп, ленталармен безендіріліпті. Оң жақ бетінде ұлттық үлгідегі екі жартылай киіз үйдің макеті көрінеді. Ондағы дөңгелек үстелдің үстіне қазақтың ұлттық тағамдары мен сары қымызы қойылған. Малдас құрып отыру үшін жұмсақ көрпелер төселген.
Киіз үй мерекелік белгілермен және ұлттық нақыштармен әдемі безендіріліпті. Фойеге жиналған топтың арасында қазақтың ұлттық киімін киінгендер де жетерлік. Біз солардың арасынан депутаттар Зағипа Балиева, Светлана Ферхо мен Наталья Геллертті көзіміз шалып қалды. Міне, осындай жарасымын тапқан топтың алдына шыққан палата Төрағасы Орал Мұхамеджанов қысқаша сөз сөйлеп, көпшілік қауымға өзінің ізгі тілегін жеткізді.
– Егеменді еліміз тағы да бір кезекті Наурыз мерекесін тойлап отыр. Бұл мейрамның мағынасын, мәнін, дәрежесі мен тарихын енді біліп келе жатырмыз. Өйткені, көп жылдар бойы бұл біздің елде тойланбай, Тәуелсіздікке қол жеткелі ғана осы мүмкіндікке шын мәнінде ие болдық, – деді спикер. – Күн мен түн теңеліп, Жер-ана алты ай қыстан шығып, мұз құрсаудан босанып, жаңарып түлей бастайды. Олай болса, ардақты ағайын, Әз Наурыз құтты болсын, ақ мол болсын!
Бұдан кейін мерекелік шара ән мен күйге, мың бұралған биге ұласты. «Гүлдер-ай» фольклорлық бишілер тобының қыздары «Шаттық» биін билесе, Президент оркестрінің әншісі Нұрболат Құсайынов өз арнауын домбырамен құйқылжыта жеткізді. Сонымен қатар, халықаралық байқаулардың жүлдегері Сәуле Желдібаева, «Наурыз» фольклорлық тобы, Ә.Қашаубаев байқауының жүлдегері Гүлмира Сарина, «Жас қанат» ән байқауының лауреаты Меруерт Әбдімомын өз өнерлерін ортаға салды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.