Кеше Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Онда алдағы президенттік сайлауға дайындық барысы пысықталды. Бүгінде Сырдың бойын жағалай қонған ел президенттік сайлауға тас-түйін дайын десе болады. Дайындық барысын Астанадан арнайы келген Орталық сайлау комиссиясының сарапшысы Венера Жексембекова да көзімен көріп кетті.
Бүгінде облыс бойынша сайлаушылардың тізімі алынып жатыр. Осыған дейін тіркелгендер саны 375 425 адамды құраған. Тізім алу жұмысы 2 сәуірге дейін жалғаса береді. Сондықтан мұны сайлаушылардың нақты саны деп айтуға келмейді. Дәл қазір облыс бойынша 335 сайлау учаскесі құрылып, комиссия мүшелері бекітілген. Ал сайлау учаскелерінің төрағалары мен орынбасарлары Білім жетілдіру институтында арнайы дәріс алған. Сөз арасында айта кетейік, сайлау учаскелерінің төрағалары тек Қызылорда облысында ғана білімін жетілдіріп жатыр. Қалған аймақтарда мұндай іс-шара өтпеген. Және білім жетілдіру жұмыстарының ақылы негізде жүргенін де айта кетуге тиіспіз.
Президенттіктен үміткерлердің үнпарақтары мен плакаттары толығымен алынған. Олар барлық сайлау учаскелеріне жеткізіліп, орналастырылған. Сонымен қатар, облыс бойынша 4 үміткердің 1427 сенім білдірілген адамдары тіркеліп, қажетті құжаттары екі тілде берілген. Сенім білдірілген адамдарды тіркеу мұнымен біткен жоқ. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Отырыс барысында Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданындағы сайлау учаскелерінің де жай-күйі айтылды. Президенттік сайлауға қатысты атқарылып жатқан барлық іс баян етілді.
Еліміз тағы бір сын сағатының алдында тұрғаны анық. 3 сәуір күні болатын сайлауға дайындықтың да қайта-қайта пысықталып, барлық іс-әрекеттің заң шеңберінде жасалып жатқаны да сондықтан. Ал бұл тарапта Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы алдағы президенттік сайлауға барлық тұрғыдан дайын деуге негіз бар.
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда.