«Кәсіподақтар мен еңбекшілер Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайды!» ұранымен форум өтті. Оған елдің барлық аймағынан экономиканың түрлі бағыттары мен әлеуметтік сала жұмысшылары атынан 300 делегат қатысты. Оларға алдымен президенттіктен үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолын кестелеген бейне-фильм көрсетілді. Онда кандидаттың елді экономикалық тығырықтан шығарып, халықтар достығын нығайтып, мемлекетті өсу мен өркендеу жолына түсіргені туралы шынайы ақпараттар берілген.
Бұдан кейін форумды ашқан Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев Н.Назарбаевтың кәсіподақ қозғалысын үнемі қолдайтынын атап өтті. Ол еліміз егемендік алғалы бері әлем мемлекеттерімен иық теңестіруге ұмтылып, тұтастықты сақтап, іргелі ел болуымыз жолында еңбектеніп келеді, деді. Осының бәрі ынтымақтастықтың, сарабдал саясаттың нәтижесі, сүттей ұйыған ел бірлігінің арқасы. Мемлекетіміздің 20 жылдық тарихында Нұрсұлтан Назарбаев отанының, халқының алдындағы қарызы мен парызын өтеудің жанқиярлық үлгісін көрсеткен біртуар азамат, ұлы көштің бастаушысы, тұғыры биік тұлға. Кандидаттың бүгінгі күш-жігері, дербес мемлекет құрып, оны басқарудағы тәжірибесі жеткілікті.
С.Мұқашев одан әрі Қазақстан еңбекшілері мемлекетті әрі қарай саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңғырту бойынша Нұрсұлтан Әбішұлының бағдарламалық мақсаттарын, оның 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған елді дамытудың стратегиялық жоспарын қолдайды, «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауын қуаттайды, құптайды, сонымен қатар, тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім беру, т.б. негізгі құндылықтар еңбек ұжымдары мен кәсіподақ қызметінің әрі қарай дамуының қағидатты бағыттары болып табылады, деді.
Форумда кен-металлургия, көмір өнеркәсібі, білім беру, денсаулық сақтау, темір жол, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, қысқасы, ел экономикасының барлық салаларының өкілдері сөз сөйледі. Олар президенттікке кандидаттың әлеуметтік мемлекет құруға бағытталған елді дамытудағы стратегиясын қолдайтынын білдірді. Қазақстан еңбекшілерінің форумы республика еңбекшілеріне, кәсіптік одақ мүшелеріне үндеу қабылдады. Сөйтіп, форум кәсіподақтардың барлық мүшелерін, ел еңбекшілерін алдағы сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын бір кісідей қолдауға шақырды.
Александр ТАСБОЛАТОВ.
Астана.